Әдебиет

Құм бойында келемін

Өлеңге әркімнің де бар таласы…

Жексенби КӨПТІЛЕУОВ.

Құм бойында келемін

Сырғып аққан өзені жоқ,

Сылаң қаққан елігі жоқ,

Көк тіреген таулары жоқ

Жерденмін мен

Бірақ берері көп.

Кенезені кептірер шөлдері бар,

Өзектері тартылған көлдері бар,

Ауырлық түсе қалса, шыңға өрлетер,

Елденмін белдері бар.

 

Қызығатын табиғаты жоқ деме,

Ойларыңды қатты айтып шектеме.

Қыраны ұшып қайсарлығын танытқан,

Қуат алған осы құмнан от дене.

 

Көшкінімен дей алмаймын қорқытты,

Орғыл құмда сапарласаң жол құтты.

Мамығына басып төсті дем алшы,

Теңіздің де жағасынан сол мықты.

 

 

Құмның әнін менің жаным тыңдады,

Құмның да бар қуанышы, мұңдары.

Мына өмірде, білесің бе, ал мені

Жіңішкенің құмы әр кез шыңдады.

 

БҰРЫНҒЫНЫҢ ЖЫЛАНЫ ДА ШАҚПАҒАН

Шаттығы мол шаңырақта өскенбіз,

Кең далада шалшық суды кешкенбіз.

Ертегіге әжем айтқан еліттік,

Одан бері талай көктем, өткен күз.

 

Бүгіндері тігілмейді ағаш үй,

Байтағымда өсті қаптап қоға, ши.

Айналыпты мекеніне ол аңдардың,

Мұның бәрі біз күтпеген дара сый.

 

Естіп өстік сана өсірер ұранды,

Қоныс еттік тұрақты да Құранды.

Ақ боз үйдің керегесі астынан

Көруші едік иірілген жыланды.

 

Көрсетпесең мінезді шақпайтын,

Байқап қалса, анам оны баптайтын,

Шығаратын құйып ақты бір қасық

Бұрынғының жыланы да шақпайтын.

 

Қазір жаман улы тілді адамың,

Шағып алар қыбырласа табаның.

Шақырармыз сол кездердің жыланын,

Мүмкін, сонда қояр пенде шағарын…

 

Шын дос қайда жүр екен…

(Жеткерген Оралмағамбетовке)

Жаңбырлы күз, суық таң,

Күн де сәл-пәл суытқан.

Бура бұлттар күрсінді

Даусы естіліп жуықтан.

 

Досым едің жас кезден,

Хабар жетті Мәскеуден,

«Топ жұлдызға»  жол тарттың.

Ажал дейтін қас келген.

 

Түс көргенде ұзақ түн,

Деп ең елден ұзаппын.

Сездіріп  ең жүрекке

Түскенін бір сызаттың.

 

Тау тұлғалым сынған-ды,

Мұғалжарым мұңданды.

Күңіренді Шалқарым,

Ырғызым да ырғалды.

 

Жеткен хабар қаралы,

Қайыстырып барады.

Қарғалы да толқыды,

Жасқа толып жанары.

 

Ай, Жеткерген, Жеткерген,

Өр мінездім деп келгем.

Таза едің тірлікте

Ар алдында бетпердең.

 

Халқың сені жоқтады,

Бұл да тағдыр соқпағы…

Астыңдағы тұлпарың

Жол ортада тоқтады,

Ай, Жеткерген, Жеткерген?

 

АЛМАТЫ МЕНІҢ ШЫН БАҒЫМ

Алатауым қашық бүгін ол менен,

Барып келем күнде қиял-ойменен.

Көгорай бел бөктеріңді  сағынсам,

Елестетіп құмға аунап, шат күлем.

 

Шілде айында қардан киіп бас киім,

Күн өтпеске дайынсың-ау тас түйін.

Жаның жылып, терлемесін маңдайың,

Тасқыныңа тосқын болар жоқ күйім.

 

Қала әдемі. Даңғылы бұл Абайдың,

Өзгеге айтпай, сырын жұтқан талайдың.

Сүйемін деп айтпас бұрын сұлуға

Табынып сен тау шыңына қарайсың.

 

Стадион лық толған жанкүйер,

Ойнап жатыр «Қайрат» және «Пахтакор»,

Бір серпіліп қалу үшін барамыз,

Бір ғасырда бір ойналар ойын ол.

 

Ғұмырымда болды Алматы шын бағым.

Сән қалада қалды нағыз жас шағым.

Сені тастап, сырдың сұлу қызымен

Таудан қашық өтіп жатыр бұл шағым.

 

ТІЛЕЙМІН КӨКТЕМ ҒҰМЫР!

Ғажаптарды дәлелдеумен күн өткен,

Жүрегіне қыз біткеннің гүл еккен.

Күн шуағын тамылжыта түсіріп,

Сағындырды жастығымды бұл көктем.

 

Күн ұзарып, түн қысқарып мезетпен,

Ыстығында шілдесінің күн өткен.

Ұмыттырып жастығымның көктемін,

Қырма сақал атандырып жазда өткен.

 

Жапырағы желмен ұшып селдіреп,

Қарағаштың бұтағындай тентіреп.

Ойланамын осы күні кейде мен

Соғып тұрған сияқты ма күзден леп.

 

Оралмайды енді саған көктемің,

Десең дағы нар жігітпін, өктеммін.

Жылуыңды бер ұрпаққа кейінгі,

Қысты алдағы келсе сәтті өткергің.

 

Өмір шіркін тез зымырап өткендей,

Сәл уақыт самал бүркіп кеткендей.

Мен шүкірмін! О, Алла, ұрпағым,

Бар ғұмырың болсын шіркін көктемдей!

КӨШКЕН БҰЛТТАРҒА ҚАРАП ТҰРЫП…

Сараңдық жасап ауыл мен байтақ далаға,

Көшеді бұлттар қанатын қағып қалаға,

Жусанды өлкем тамшыға зар боп жатыр ғой

Тауқымет мұндай бола ма…

 

Төгесің келіп тас көшелерге нөсерді,

Жібермеймін деп есемді,

Түйдек те, түйдек бұлттарды айдар кенеттен

Даламның, желі ес енді.

 

Сағынғандықтан көңілі қалып мұздаған,

Күтуде сені алақан жайып жүз балаң.

 

Қара сұр бұлттар ауылға қарай бұрылғын

Аруана тектес желіні керіп, сыздаған.

 

Шаттыққа бөле кенезесі кепкен қырымды,

Айтамын саған ақ ниетпенен сырымды.

Тасаттық жасап тілейді жауын қарттарым,

Есінде сақтап, ескіден қалған ырымды.

 

Ақ тамшыңменен табасың өзің жарасым,

Ай, бұлттар, қай жаққа лағып барасың?

Жусанды өңір жұпарын шашсын әлемге

Қуантқын ұлы қазақтың мынау даласын.

СҰЛУ КӨРДІМ ТҮНДЕ МЕН

Айы толып туған көктем  кеші еді,

Кейде ойды қас қағым сәт шешеді.

Көрдім жанды кенет суға шомылған,

Өтіп бара жатқан шақта көшені.

 

Әйел ме, әлде… Ажырата алмадым,

Ай нұрының сәулесімен арбады.

Әуестікпен тұрдым ұзақ телміріп,

Көптен күткен кездескендей арманым.

 

Жүрді жүзіп, сезімімді тербеді,

Тал шыбықтай ару екен көргенім.

Судан шығып басқышқа  аяқ салғанда,

Елестеттім жалғыз аққу жүргенін.

 

Қою шашы қос иықты қарпыған,

Шашты жұпар хош иісті аңқыған.

Тіл қатуға батылым да жетпеді,

Тұрдым ұзақ шығарып сап артынан.

 

Жымиды ол жанарымен ымдасып,

Жолықты ма дегендей шын бір ғашық.

Көзді ашып-жұмғанша ол жоғалды

Содан кейін болдым тағы түнге асық.

 

Ертеңіне келдім баққа қызды іздеп,

Күзетшіден тарттым сырды ол кім деп,

«Босқа әуре болмағын» деп өкінтті,

Пері қызы ол келіп-кетер түнде тек.

 

Өр мінезді бірі едім серінің,

Құмар етті демің, сенің ерінің…

Өң бе, түс пе, мен сан келдім сол баққа,

Жолығар деп хас аруы Перінің.

 

Жүрек барда өзендей боп тасып өт,

Қаласа көңіл қара тастыда ғашық ет.

Перінің қызы көзіме менің көрінсе,

Сұлуды сүю бойыма сіңген қасиет.

Басқа жаңалықтар

Back to top button