Білім

Қашықтан оқыту және колледж

Қашықтан білім беру әдісі колледждерде де өткізілгені белгілі. Жаңа форматтағы жүйе мұндағы педагогтер мен оқушыларды да жаңа технологияларды меңгертуге ықпал еткен.

Жаңа технология бойынша білім беру тәсіліне көшу Ақтөбе гуманитарлық колледжі ұжымына айтарлықтай қиындық тудырмапты. Өйткені 2018-2019 оқу жылынан бастап бұл білім ордасында оқу-тәрбие процесі «Platonus College» автоматтандырылған жүйесіне толық енгізілген екен.

  • Дегенмен жаңа форматқа көшуде алдымен білім алушылардың интернет желісімен қаншалықты қамтылғаны анықталып, дер кезінде оқу процесін ұйымдастыру, кері байланыс орнату, контент әзірлеу, оқытушылардың кәсіби біліктіліктерін жетілдіру, тағы басқа да бағыттарда жұмыстар ұйымдастырылды. Үнемі ізденіс үстінде жүретін педагогтер аталған мәселені шешуде өз шеберліктерін көрсете білді, — дейді колледж директоры Ералы Нұрғалиев.

Бүгінде аталған оқу орнында болашақ мамандарды 6 мамандық бойынша даярлайды.  Жалпы 120 педагог 1125 оқушыға  қашықтан білім берген. Педагогтерге жаңа технология бойынша оқыту тәсілдері үйретіліп, семинар ұйымдастырылыпты. Онда жүйеде контент дайындау, оны тағайындау, білім алушымен кері байланыс жасау, орындалған тапсырманы тексеру, бағалау жолдары туралы нақты түсінік берілген. Қазірде колледж оқытушыларының  60-қа тарта онлайн және бейнесабақтары, білім алушылардың бірнеше челлендж, акция, кері байланыс барысындағы бейнежазбалары  республикалық «TALAP» КЕАҚ сайтында, «ДОТ-ТИПО–АКТОБЕ» телеграм каналында, www.youtube.com/aktobeagk колледжінің әлеуметтік желілерінде орналасқан.

Қашықтан оқыту барысында білім берумен қатар тәрбие жұмысы да жүргізіліпті. Оқу топтарында 78 тәрбие сағаты, 45 топ жиналысы, қашықтан оқыту кезеңінде оқушылардың құқықбұзушылықты болдырмау және қауіпсіздік шараларын түсіндіру мақсатында бірнеше рет ата-аналар жиналысы өткізіліп, акция мен эстафеталар ұйымдастырылыпты.

Сондай-ақ колледждің кітапхана қызметкерлері «Platonus College» жүйесі арқылы білім алушылар мен оқытушыларды электронды кітап, оқу-әдістемелік кешен, нұсқаулықтармен қашықтан қамтамасыз еткен.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button