Жаңалықтар

«Еңбек» бағдарламасы: 11 мыңдай адам жұмыспен қамтылады

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен аппарат жиынында мемлекеттік бағдарламалар арқылы жұмыспен қамтылу, ауылшаруашылық  мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану мәселелері қаралды.

Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық мәслихат хатшысы, басқарма басшылары және селекторлық режимде қала, аудандардың әкімдері қатысты. Облыс әкімінің орынбасары Руслан Хамбаров өңірде 1 маусымға дейінгі  мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және «Еңбек» бағдарламаларының жүзеге асуы жайын баяндады.

46,3 миллиард теңгеге 302 жобаны іске асыру бойынша 11 942 жұмыс орнын құру жоспарланған, оның уақытшасы 11 567, тұрақты жұмыс орны — 375. Әзірге Ақтөбе қаласында бос жұмыс көздерінің ашылуы тым бәсең. Мәселен, 7 338 жұмыс орнын құру жоспары тек 29%-ға орындалды, 2 119 адам жұмысқа орналастырылды. Қала әкімдігі мердігер компаниялармен бірлесе отырып жұмыс орындарын құру мәселесін қатаң бақылауда ұстауы  қажет. Аудандарда бұл көрсеткіш 60%-дан асады. Сонымен қатар нақты құрылған 5 509 жұмыс орнына 2 918 адам жұмыспен қамту орталықтары арқылы тартылған. Халықты жұмыспен қамтудың кешенді жоспарына сәйкес 2020 жылы 42,2 мың жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспарланған.  2020 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша облыста 10,8 мың адам жұмысқа орналастырылған. Мемлекеттік бағдарлама аясында ағымдағы жылы 420 миллион теңге қайтарымсыз мемлекеттік гранттар беру жоспарланды. Бұл 775 адам 556 мың теңгеден алады деген болжам.

Осы жылғы 1 маусымға дейін Мәртөк, Байғанин, Қарғалы аудандарында жалпы 27 жұмыссызға құс, ірі қара, ешкі, сондай-ақ тігін жабдықтарын сатып алу үшін 11,7 миллион теңгеге өтеусіз гранттар берілген. Дегенмен, жұмыссыздарға қолдау көрсету мақсатында  Мұғалжар, Хромтау, Ырғыз аудандары шағын бизнеске грантты бөлмеген. Сонымен қатар, Шалқар, Ырғыз,Темір, Алға, Байғанин,  Мәртөк аудандарында тұрақты жұмыспен қамту көрсеткіші төмен. Биыл жастар практикасына оқу орындарынан 1,1 мың түлек жіберілгенмен,олардың 691-нің 347-сі тұрақты жұмысқа орналасқан.Облыс әкімі аталған көрсеткіштерге көңілі толмайтындығын мәлімдеді. Себебі қала, аудандарда  жұмыс көздерін ашу мәселесі төмен.

«Жұмыспен қамту әлеуметтік-саяси маңызға ие. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдайға қарамастан азаматтарға жұмыс көздерін ашуды, оларды еңбекпен қамту  тапсырмасына сәйкес қала, аудан әкімдері облыс әкімінің орынбасарларымен ұйымдасқан түрде  белсенділік танытуы тиіс»,- деді облыс басшысы.

Жер асты байлығын өндіру жұмыстары келешекте де жалғасатындығын жеткізген облыс әкімі  бірыңғай мұнай, хромның пайдасына  үміт артуды доғарып,  жұмыс орындарын өзге салалардан да ашу керектігін тапсырды.

Облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалиннің мәліметінше облыста 30062,9 мың гектар жер қорының 16617,8 мың гектар жері пайдаланушыларға табысталған. Айналымға енгізілген ауыл шаруашылығы жерлері 10672,3 мың гектар құрайды. 2019 жылы мақсатқа сай пайдаланылмаған және игерілмеген ауыл шаруашылығы мақсатындағы 38979 гектарболатын 5 жер учаскесі сот тәртібімен мәжбүрлеп алынған. Сондай-ақ, облыс аумағында шаруалар жаппай бидай егуді азайтып,басымдық майлы дақылдарды егуге беріле бастаған.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин өзінің орынбасары Аманғали Бердалинге  пайдаланусыз жатқан жерлерді қолынан іс келетін әрі  ауылшаруашылығының дамуына үлес қосатын азаматтарға беру қажеттігін ескертті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button