Мәдениет

Біздің Хайреден – жүлдегер!

Сейсенбіде облыстық көркемсурет және сәндік-қолданбалы өнер музейінде «Нұр Отан» ХДП Ақтөбе қалалық филиалының ұйымдастыруымен Ақтөбе қаласының 140 жылдығына арналған «Бұл – менің қалам!» атты фотокөрме-байқау өтті.

Көрме-байқауға қатысуға ниет білдірушілердің жұмыстары бір ай бұрын қабылданды. Бұған кәсіпқой және әуесқой фотографтар да қатысты.

Күн сайын құлпырып келе жатқан көркем қаламыздың қоғамдық-саяси өмірі мен күнделікті тыныс тіршілігінің әр сәтін жібермейтін фотоаппарат иелерінің әрқайсысы туралы ерекше айтуға болады.

Қазылар алқасының төрағасы, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Еркін Құрманбеков пен ҚР мәдениет қайраткері, қаламыздың құрметті азаматы М.Тәжібаева алдымен фотоаппараттарын жарқылдатып, қала өмірінен жылнама жасап жүрген 60 қатысушыға өз лебіздерін білдіріп, марапаттау рәсімін жасады.

Мұнда бірінші орынды Ю.Бидерман жеңіп алды. Ал екінші орынға өзіміздің әріптесіміз, облыстық «Ақтөбе» газетінің фототілшісі Хайреден Раушанов ие болды. Қаламыздың қай бұрышында қандай шара өтіп жатса да, басы-қасынан табылуға тырысатын Хайреден түсірген сурет талай үйден және күнделікті облыстық «Ақтөбе» газетінен табылады.

Үшінші орынды Б.Атыраубаев иеленді. Жеңімпаз бен жүлдегерлерге дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды. Ал В.Русаловский мен А.Қалжанов ынталандыру сыйлығына ие болды.

Аты аталған бесеудің жұмыстары көрме залына қойылды.

А.ІЛИЯС.

Ақылбек жүлдемен оралды

Жуырда Астана қаласында өткен үшінші халықаралық «Ақ көгершін» балалар байқауынан ақтөбелік жас күйші Ақылбек Төлес жүлдемен оралды.

Жарысқа Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан  елдерінен өнерлі балалар қатысты. Жер жерден жиналған балдырғандар өнердің әр саласы бойынша сынға түсті.

– Жалпы, байқауға қатысушылар өте көп болды. Кіші топта алпыс бала болса, үлкен топта елу бала сайысқа түсті. Байқауда  қобызшылар мен домбырашылар бірге жарысты. Сондықтан жеңімпаздарды анықтау оңайға соққан жоқ. Дегенмен Ақылбек елу баланың ортасынан екінші орын алды. Бұл  – Ақылбектің халықаралық жарыстағы алғашқы жүлдесі, демек,  аз жетістік емес, –  деді күйшінің жетекшісі Төребек Мұстафин.

Ал жас күйші бұндай халықаралық жарысқа алғаш рет қатысқандықтан, қатты қобалжығанын айтады.

– Сахнаға шығар алдында қатты толқыдым. Өйткені дайындалып жатқан балалардың барлығы мықты көрінді. Дегенмен өзімді сабырға шақырып, қайткенде жеңіске жету керек деген пікірде болдым. Алғашқы сында Құрманғазының «Төремұрат» күйін орындасам, екінші турда Н. Тілендиевтің «Аққу» күйін тарттым. Жалпы, байқауға қатысқан балалардың барлығы күйді шебер орындайды. Соларға қарап әлі де жаттыға түсу керек екенін түсіндім, –деді Ақылбек Төлес.

Қазірде Ақылбек облыстық Ғ. Жұбанова атындағы филармония жанынан құрылған «Саз» балалар студиясының домбырашылар ансамблінде жеке орындаушы.  Сондай-ақ, ол – республикалық, облыстық байқаулардың жүлдегері.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Талабы таудай Әлия

Алматы қаласында өткен 43-ші республикалық жас музыканттар байқауынан Қазанғап атындағы өнер мектебінің оқушысы, жас қобызшы Әлия Сали жүлдемен оралды.

Жас музыканттар байқауы үш жыл сайын өткізіледі. Аталған өнер мектебінің оқушылары осы байқауға жыл сайын қатысып, жүлдеге қол жеткізіп жүр. Биыл жарысқа қатысатын балалар алдын ала іріктеуден өтті. Облыс көлемінде өткізілген сайыста Әлия бірінші орын алып, республикалық байқауға аттанып еді. Осы жарыста Әлия үшінші орынға ие болды.

Байқауда үш шығарма орындадым. Дегенмен үшінші орын алғаныма ренжімеймін. Алдағы уақытта бұдан да жақсы жаттығып, бас жүлдеге қол жеткізгім келеді. Қазір менің қобыз сыныбына қатысқаныма төртінші жыл. Сондықтан болашақта өнер мектебін тәмәмдап, колледжге оқуға түскім келеді. Бұдан кейін консерваторияда білім алсам деп армандаймын, – дейді жас қобызшы.

Ал Әлияның жетекшісі Айгүл Аманжолова шәкіртінен үлкен үміт күтеді. Әлияның бұдан өзге республикалық, облыстық  жарыстардан жүлдемен оралғанын мақтанышпен айтты.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button