Басты жаңалықтарМереке

Балалар күнінде Мәртөкте 14 көпбалалы отбасыға баспана берілді

Жаздың алғашқы күнінде облыс әкімі Оңдасын Оразалин мәртөктік 14 көпбалалы отбасыға жаңа үйдің кілтін табыстады. Мәртөк селолық округіне қарасты Құмсай елді мекенінде «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы берілген баспана, ең алдымен,балалар үшін жасалынған игі іс.

Мәртөк ауданына арнайы барып, жаңа қоныс иелерінің қуанышын бөліскен облыс басшысы әр отбасыдан бір балаға жазғы лагерьге жолдама мен нотбук берді. Бұл құмсайлық балалар үшін өз мерекелеріндегі тамаша тарту болды.

Індетке байланысты әлемде болып жатқан шектеулерге қарамастан, халыққа қызмет етуді тоқтатпаймыз. Әлеуметтік нысандарды дер кезінде аяқтап, ең алдымен тұрғындарға жағдай жасау — басты міндетіміз. Соның бірі — тұрғын үймен қамтамасыз ету. Балалар мерекесінде көпбалалы отбасыларға беріліп жатқан баспана — мемлекеттің сыйы.

Бүлдіршіндеріміз бәсекеге қабілетті боп өсуі керек. Оқу процестеріне үлгеріп, жаңа оқу құралдарын меңгеруге мүмкіндік жасаймыз. Болашақта олар талапқа сай тыңғылықты білім алып, мемлекетіміздің дамуына үлес қосатын болады, —  деді облыс әкімі.

Жаңа үйге енгендердің бірі — Мертеміровтер отбасы. Үйдің кезегінде 4 жылдан бері тұрған олардың 4 баласы бар. Тұңғыштары 14 жаста болса, кенжесі — 4 жасар. Балалардың анасы Гүлмира Мертемірованың қуанышында шек жоқ. Іші-сырты заманауи үлгімен, жаңа құрылыс материалдарымен салынған үйлердің алаңы — 96,112 шаршы метр. Ас бөлмесін қоспағанда, бес бөлмесі де кең әрі жарық. Осындай типпен салынған 20 үйдің құрылысы бітіп тұр. Құны — 147,7 миллион теңге.  Ауызсу өткен жылы кірген.  Құмсай ауылын газдандыру жұмыстары басталып кетті. Бұйырса — күзде көгілдір отынның игілігін көрмек.

Аудан орталығынан 7 шақырым жерде орналасқан Құмсайда 133 тұрғын бар. Ауылда бұрын 50 үй болса, биыл жаңа 20 үймен толығып жатыр. Күнкөрісі — мал мен егін шаруашылығы. Қазіргі таңда 10 шаруа қожалығы бар. Басты мәселе — ауылда мектеп жоқ. Мәртөк селолық округі әкімінің айтуынша, биыл бастауыш мектеп ашылмақ. Оған екі қабатты жаңа ғимарат дайын тұр. Оның үстіңгі қабаты мектеп, астыңғы қабаты шағын орталық болады деп жоспарлануда.

Қарқынды құрылыстар

Карантинге қарамастан, Мәртөк ауданының орталығында ірі құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр.

Жалпы жобалық құны 139,9 миллион теңгеге 450 орындық Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Құрылыс жұмыстарына жергілікті 21 жұмысшы тартылған. №3 Мәртөк орта мектебіндегі күрделі жөндеу құрылыстарына 25 адам алынса, оның дені — жергілікті жастар. 400-ден аса оқушысы бар мектептің табалдырығын биыл 50 бала аттамақ.

Жаңадан салынып жатқан №1 Мәртөк орта мектебі «Қайрат»  стадионыныңіші жаңа талапқа сай болмақ. 4 жолақты 400 метрлік жүгірме жолы болады. 250 орындық көрермендерге арналған алаңның барлық жабдықтары Мәскеу қаласынан әкелінеді. Сонымен қатар шағын қысқы мұз айдыны жасалады. Жергілікті «Қолғанат Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салып жатқан стадион құрылысының құны —116,0 миллион теңге.  Бұл жерде 15 адам жұмыс істейді.

Ал көшелердегі абаттандыру жұмыстары көңіл көншітерлік. 31 шақырымды құрайтын 16 көшеге жарықтандыру жұмыстары жүріп жатыр. 12 көшеге 17 шақырымнан асатын тротуор салынады. Биыл 4 көшеге асфальт төселіп, 8,4 шақырым жол жаңарады. Жалпы абаттандыру жұмысына 600 миллион теңге қаржы бөлінген. Бұл үш құрылысқа жұмыспен қамту орталығы арқылы 86 адам маусымдық жұмыспен қамтылды. Ең төменгі жалақылары — 85 мың теңге. Бір ерекшелігі,мұндай жұмыстардықоғамдық кеңестің төрағалары қадағалап, бақылап жүреді. Әр құрылыстың басында жауапты бір адам құрылыстың сапасын тексеріп отырады.Солардың бірі Амантай Исмағұлов аудандағы жұмыстарға көңілі толатынын жеткізді. Құрылыс басындағы жұмысшылармен жүздескен облыс әкімі Оңдасын Сейілұлы оларды әңгімеге тартып, әлеуметтік жағдайларын, жалақы, басқа да мәселелер туралы пікірлерін тыңдады. Жалпы аудандағы құрылыс жұмыстарына көңілі толған облыс әкімі жергілікті жастардың жұмыс жасап, туған жерді көркейтуге үлестерін қосып жатқандарына ризашылығын білдірді.

— Бір қуанарлығы, мердігерлердің бәрі өзіміздің жергілікті азаматтар. Сырттан ешкім келген жоқ. Ал жұмысты жасайтын — сіздер. Сондықтан бәрін де сапалы жасауға тырысыңыздар. Өздеріңіздің игіліктеріңіз үшін істеліп жатқан дүние. Әркім өз ауылына осылай жаны ашып,жұмыс істеуі керек, — деді облыс басшысы.

Мердігерлердің айтуынша, аудандағы құрылыс жұмыстары тамыз айында аяқталып, тұрғындардың игілігіне беріледі. Биыл бұл жұмыстарға 1500 миллиард теңге бөлінген.

Сапар соңында балалар үйіне бас сұққан Оңдасын Сейілұлы ондағы тәрбиеленіп жатқан балапандармен кездесті. Емін-жарқын әңгімелесіп, әрқайсысының алдағы мақсаттарын сұрады. Тәрбиеленіп жатқан9 баланың үшеуі биыл 9-сыныпты бітіріп, Ақтөбе қаласына барып, колледжге оқуға түспек. Балалар үйінің басшысы әрі тәрбиешісі Гүлнұр Бекжанованың айтуынша, барлық бала белсенді. Алды облыстық олимпиадалардан жүлделі орын алып жүр. «Тағдыр талқысын көрген балалардың болашағын жарқын ету үшін жаңа мүмкіндіктерді игеруге жол ашу керек», — деген облыс әкімі балалар мерекесіне орай үш оқушыға оқу орындарына білім грантын тапсырып, мерекелік сыйлықтармен қосаноутбук,екі велосипед сыйлады.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button