Мереке

21 балаға қуаныш сыйлаған отбасы

21 бала тәрбиеленіп жатқан Жетесовтер отбасында думанды мерекелік шара өтті. Елімізге белгілі өнерлі отбасының ұл-қыздары үлкен қуанышқа кенеліп, көптеген сыйлықтарға ие болды.

1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай  ұйымдастырылған шараның бірі — «Аға-әпке-қарындастар» отбасылық мерекесі. Шара барысында облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева Жетесовтер отбасына барып, онда тәрбиеленіп жатқан балаларды облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің атынан құттықтап, ақ тілек, жылы лебізін білдірді.

— Сіздер үлгілі, өнегелі, үлкен отбасында тәрбиеленіп жатырсыздар. Негізгі бағыттарыңыз музыка болғанмен, әрқайсыңыздың жүрегіңізде өздеріңіздің аяулы армандарыңыз бар. Сол армандарыңыздың орындалуына тілектеспіз. Ал сіздердің арман-мақсаттарыңыздың орындалуына мемлекет тарапынан үлкен мүмкіндік жасалып, ата-аналарыңыз да ықпал етеді. Барлық бала бақытты болуға лайықты, — деді облыстық білім басқармасының басшысы.

Ол өз сөзінде балаларды тәрбиелеп жатқан Өмірхан мен Амангүл Жетесовтерге ризашылығын жеткізді.

Құрамында кішкентай балақайлар, жасөспірімдер бар осы өнерлі отбасының ансамблі бүгінде елімізге танымал. Қаншама баланың күлуіне мүмкіндік жасап, жыламауы үшін жағдай жасап, отбасындағы әр баланың өміріне шаттық сыйлап, жүрегіне нұр құйып, көңілдеріне шуақ төгіп, оларды мейірімділікке, ізгілікке тәрбиелеп, өнерге баулып жатқан Өмірхан мен Амангүл Жетесовтерге ел алғысы шексіз. Расында, сіздер бүгінгі күннің батырларысыздар, — деп Ләззат Оразбаева Өмірхан Жетесовке облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің атынан Алғыс хат және 250 мың теңге көлеміндегі сертификат табыс етті.

Өмірхан мен Амангүл Жетесовтер жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған 18 баланы бауырына басқан. Олардың бәрін де музыкаға бейімдеп, ұлттық аспаптарда ойнауға үйретуде. Мұндағы балалардың бәрі өнерлі. Бірі домбыра, бірі қобыз, енді бірі жетіген тартады.

Бұл күні марапат пен сыйлықтан ешбір бала тыс қалған жоқ. Мысалы, облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Ерболат Кожиков «Таза болса табиғат аман болар адамзат!» атты байқаудың қорытындысы бойынша осы отбасындағы біраз баланы марапаттады. Ал А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің директоры Аманжол Исмағұлов аталған отбасының 9-сынып бітірген 5 баласына оқу орнында тегін білім алу үшін сертификаттар табыс етті.

Біздің колледжде осы отбасының екі баласы оқып жатыр. Екеуі де талантты, дарынды жастар. Құндызай қобызды, ал Дамир баянды шебер ойнайды. Дамирге құны 2 миллион теңге тұратын өте сапалы аспапты алып бердік. Бүгінде біздің колледжді республика емес, күллі әлем біледі. Бір емес, екі өнер жұлдызы біздің колледжден білім алғанын мақтанышпен айтамыз. Оның бірі — Димаш Құдайберген болса, екіншісі — Светлана Касьян. Сендердің болашақтарыңнан да үлкен үміт күтеміз, — деді Аманжол Исмағұлов.

Айта кету керек, аталған шара Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылған «Барлығы балалар үшін» республикалық акциясы аясында өткізілді. Акцияның мақсаты — балалардың құқықтарын қамтамасыз етуге қоғамның назарын аудару және осы орайда мемлекеттік құрылымдардың, қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдардың, іскер топтардың, бұқаралық ақпарат құралдарының күштерін біріктіру.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button