Жаңалықтар

Блок-бекеттер алынып тасталды

1 маусым күні облыстағы барлық блок-бекеттер алынды. Осыған байланысты облыстық полиция департаментінің бастығы Атығай Арыстанов блок-бекеттерге барып, коронавирус инфекциясына қарсы күресте  белсенді жұмыс істеген полиция қызметкерлеріне алғысын білдірді.

«Бүгіннен бастап бүкіл ел аумағында, соның ішінде Ақтөбе облысы бойынша блок-бекеттер алынды. Өңірде карантин күндері 28 блок-бекет қойылған-ды.  Оның 7-еуі Ақтөбе қаласының айналасында ұйымдастырылды. 400-ге жуық қызметкер күшейтілген тәртіпте блок-бекет жұмысына қатысты. Жалпы алғанда, облыс бойынша карантин күндері белсенді жұмыс істегені үшін 1300-ден астам полиция қызметкері марапатталды. Барлық қызметкерлерге үлкен алғысымды білдіремін», — деді Атығай Арыстанов.

Шара барысында 15-ке жуық үздік қызметкер қызметтік міндеттерін адал атқарғаны үшін, блок-бекеттерде коронавирус инфекциясымен күрес бойынша іс-шараларға тікелей қатысқаны үшін облыстық полиция департаменті бастығының Алғыс хатымен марапатталды.

Облыс аудандары мен республика облыстары арасындағы блокбекеттер алынды,  ал Ресей Федерациясы шекарасында орналасқан 2 блок-бекет әзірге алынған жоқ.

Ақтөбе полицейлері карантин кезінде волонтерлермен бірлесе отырып 1573 құқықбұзушылық дерегінің жолын кесті, оның ішінде 1513 дерек — Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 476, 478-баптары, яғни «Төтенше жағдай режимін бұзу», ал «Төтенше жағдайда құқық тәртібін бұзуға итермелейтін іс-әрекеттер» бойынша 60 деректің жолы кесілді.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button