Экономика

Мамыр: ізгілікке ұмтылу

Шолу

Бұл айда еліміз Ұлы Жеңістің 75 жылдығын атап өтті. Көшеде күй ойнатып, шеру ұйымдастырылмағанымен, арамызда саны аз қалған майдангерлерге құрмет көрсетілді, соғыс жауынгерлерінің жесірлеріне қамқорлық жасалды.

Осы кезеңге тұспа-тұс келген Ораза кезінде де елдігімізден айырылған жоқпыз. Жағдайы нашар, аз қамтылған отбасылар назарда ұсталды. Оңтүстікте орын алған табиғат апаты да ақтөбеліктерді алаңсыз қалдырған жоқ — Мақтааралға қарай көмек қолы созылды.

Ең соңында, айдың соңғы күнінде қуғын-сүргін зардабын көрген ата-бабаларымыз рухына тәу етіледі.

Ауыл шаруасы алға баса ма? 

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин осы айда бірнеше ауданда болып, ең алдымен, ауыл шаруасының ілгері басуына, мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндігін пайдалану жайына баса назар аударды.

Мәртөк ауданы Саржансай ауылындағы бірегей «Милкер» ЖШС мал азығын дайындау зауыты алдағы уақытта жылына 12 000 тонна жем өндіретін болады. Аталған кәсіпорын одан өзге 1610 га жоңышқа, 150 га жүгері еккен.
Осы өңірдегі «РадАгро» ЖШС, «Есбол» шаруа қожалықтары да суармалы егісті пайдалану, мал азығын дайындау бағытында ауқымды жұмыстар жүргізуде.

«РадАгро» ЖШС жалпы құны 1,9 миллиард теңге болатын «Жем-шөп дақылдарының суармалы учаскесі» инвестициялық жобасын жүзеге асыру нәтижесінде 19 мың тонна сүрлем және 2300 тонна жоңышқа жем-шөп алуды көздеуде.

Облыс басшысы Қарғалы, Хромтау, Мұғалжар аудандарында, басқа да өңірлерде болған сәтінде осындай оң қадамдарды мақұлдады.

«Облыста ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін кем дегенде 2,5 есеге дейін көтеру мақсаты алға қойылып отыр. Бұл үшін 2025 жылға дейінгі облыстың агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бағдарламасы қабылданды. Бағдарлама аясында құны 200 миллиард теңгені құрайтын 200 жобаны жүзеге асыру көзделген, осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру қажет», — деп атап көрсетті ол.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке сенім мол

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің жергілікті жобалары ауқымы алдағы уақытта да кеңейе түспекші.

Облыста мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жұмыстары қолға алынған 2016 жылдан бергі уақытта барлығы 18,5 миллиард теңгенің 20 келісімшарты жасалды.

Солардың бірі — «DaruZharygy» офтальмологиялық орталығын салуға жергілікті «Көз жарығы» компаниясының инвестициясы 3,1 миллиард теңге құрады.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында биылғы жылы Ақтөбедегі үш колледждің оқушылары үшін жатақханалар салынбақшы. Аталған жоба құны 2,7 миллиард теңге деп бағаланды. Бұл құрылыстар мемлекеттің қаржы қатысынсыз жүзеге асырылады.

Сондай-ақ Ақтөбе медицина орталығы балалар стационары ғимаратына қосымша корпус салу жоспарлануда.

Ақтөбе қаласы көшелерін жарықтандыру желілері де аталған жоба ауқымында іске асырылады. Сонымен қатар алдағы уақытта «Ақылды қала» платформасына біріктірілуді көздейтін көшелерді жарықтандыруды басқарудың тиімді әрі үнемді автоматтандырылған жүйесі енгізілетін болады.

 «Алғашқы жұмыс орны» күтеді

Биылдан бастап жұмыспен қамту орталықтары «Еңбек» бағдарламасына қатысушы жастарды «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша жұмысқа орналастыруды ұйымдастырады. Аталған жоба бойынша жұмысқа орналастыру барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдарда алғаш рет жұмыс іздеп жүрген түлектер, 29 жастан аспаған, оның ішінде жұмыс тәжірибесі жоқ жастар арасында жүзеге асырылмақшы. Жұмыс беруші «Еңбек» бағдарламасына қатысушыны кемінде 24 айға тұрақты жұмыс орнына жұмысқа орналастырады, бұл ретте жұмыспен қамту орталығы жұмыстың бірінші жылы үшін еңбекақыны субсидиялайды. Қаржыландыру жергілікті бюджеттердің есебінен, сондай-ақ еліміздің заңнамаларында тыйым салынбаған басқа да көздерден жүзеге асырылады. Субсидиялаудың бір айлық мөлшері — 20 айлық есептік көрсеткіш, яғни биыл бұл 53 025 теңгеге тең.

 Қайтарымсыз гранттарға қатысыңыз!

Еріктілер жылы аясында «Birgemiz: Asyl mura», «Birgemіz: Taza alem» жалпыұлттық жобаларына өтініштер қабылдануда. Жастар бұл жобаға өз жұмыстарын ұсына отырып, қайтарымсыз негізде 300 мың теңге грант ала алады.

Аталған жобаларға 18 жастан асқан жастар, бастамашыл топтар немесе үкіметтік емес ұйым өкілдері қатыса алады.

Байқау аясында өздерінің волонтерлік бастамаларын жүзеге асыру үшін 300 мың теңге көлемінде шағын грантқа ие болатын 68 жеңімпаз анықталады.

Ал «Birgemiz:Taza Alem» жалпыұлттық жобасына экологиялық ағартушылық, аумақты көгалдандыру, өзендер мен ормандарды тазалау, жануарларды қорғау, экопатрульдерді дайындау бағыттары бойынша жұмыстар қабылданады.

«Білім-Инновация» лицей-интернаты ашылады

Алдағы оқу жылында бұл білім ордасына 7-8 сыныптарға 150 бала іріктелмек. Лицей-интернат бұрынғы экономика және статистика колледжінің ғимаратында орналаспақшы. Жоба құны — шамамен 850 миллион теңге.

Қыздарға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернатында спортзалы, зертхана, пән кабинеттері, жатақхана мен ІТ сыныптардың барлығы соңғы үлгідегі технология негізінде жүзеге асырылмақшы.

Облыстағы қыздарға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернатында білім алушылардың төлемақысы мемлекет есебінен төленеді.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button