Әлеумет

109 жоба іске асырылып жатыр 3700 адам жұмысқа орналастырылды

Биыл 1 маусымнан бастап төтенше жағдай барысында құрылған Ақтөбе қаласы бойынша штабта 42 500 теңге әлеуметтік төлемге байланысты кейбір құжаттар қайта қаралатын болады. Бұл — екінші қайтара мұндай төлем жүргізілмеген азаматтардың құжаттары. Бұл туралы Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мақпал Тұрмағамбетова айтты.

Ол 42 500 теңге әлеуметтік төлемнің облыста, қала көлемінде қалай жүзеге асырылғаны, өзіне тиесілі қаржыны қанша адамның алғандығы турасында мәлімдеді.

Төтенше жағдайға байланысты Ақтөбе қаласы бойынша 330 мыңнан астам адамға 42 500 теңге әлеуметтік төлем жасалды. Екінші қайтара да төлемдер жүргізілді. Алайда 4 мыңға жуық азаматқа екінші қайтара мұндай әлеуметтік төлем төленбеген. Сол себепті ережеге байланысты көп өзгерістер енгізілді. Төтенше жағдай барысында құрылған Ақтөбе қаласы бойынша арнайы штабта биыл 1 маусымнан бастап екінші қайтара 42 500 теңге төлем жүргізілмеген азаматтардың  құжаттарын қайта қарау жоспарланып отыр. Бұл жерде айта кететін үлкен мәселе бар: төтенше жағдайға дейін өз табысын жоғалтқан азаматтардың ғана құжаты қайта қаралады. Себебі кейбір азаматтар өздерінің әлеуметтік төлемдерінің бар екеніне, еңбек етіп жүргендеріне қарамастан, 42 500 теңгеге сұраныс жасаған. Мұндай жандарға төлем жүргізілмейді. Бірақ штаб отырысында біраз құжаттар қайта қаралатын болды. Тапсырма бар, нақты нұсқама келгеннен соң жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміндегі штаб отырысында құжаттар қайта қаралады, — деді М.Тұрмағамбетова.

Хабар барысында індетке байланысты шектеу шаралары кезінде халықтың белгілі бір тобына төленетін 15 мың теңге коммуналдық төлемдердің жайы да сөз болды. Бұл турасында Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Руслан Төреғали: «Қазіргі таңда 15 мың теңге коммуналдық төлем қаражатын коммуналдық мекемелерге аудару жұмысы басталды. Бұл жұмыстар өткен аптадан бастап белгіленген ережеге сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Егер тұрғындардың осы мәселеге қатысты қандай да бір сауалдары болса, бұған дейін де хабарлағанымыздай, телефон нөмірлеріне қоңырау шалуына, болмаса Ақтөбе қаласындағы Тургенев көшесі, 98/5 мекенжайына келіп, мамандардан кеңес алып, арыздарын тастауына болады», — деді ол.

Сондай-ақ хабар кезінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Дипломмен ауылға» сияқты мемлекеттік бағдарламаларға қатысу мүмкіндігі турасында да сөз қозғалды. Мақпал Тұрмағамбетованың айтуынша, Ақтөбе қаласы бойынша «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы негізінде 109 жоба іске асырылып жатыр.

Жобалар бюджет тарапынан қаржыландырылды. Соған сәйкес біз жұмыспен қамту орталықтары арқылы 3700 адамды  жұмысқа орналастыруымыз керек. Қазір табыс көзінен айырылып, жұмыссыз отырған азаматтарды осындай жобаларға қатысуға шақырып жатырмыз. Ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгеден кем болмайды. Бұл жерде арнайы техниканың жүргізушілері, жол құрылысы мамандары сияқты өзге де жұмыссыз жүрген жандарға төленетін жалақы мөлшері өте жоғары болмақ. Сондықтан біздер жұмыссыз азаматтар жиналатын жерлерде, «Анвар», «Дина» гипермаркеттерінің алдында  арнайы акциялар ұйымдастырған болатынбыз. Осындай шаралардың негізінде біраз азаматтармен жолығып, оларға жалақының уақтылы төленетінін айтып,  барынша хабардар еттік. Себебі мұндай жобалар мемлекеттік бағдарламалар арқылы іске асырылады, — деді М.Тұрмағамбетова.

Азаматтар бос жұмыс орындары туралы толық ақпаратты Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің инстаграм парақшасынан көре алады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button