Басты бет » Басты жаңалықтар » Алғада 100 мың гектар жер игерілмеген

Алғада 100 мың гектар жер игерілмеген

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Алға ауданына жасаған іссапары кезінде  өңірде атқарылған жұмыстармен танысты.

 

Аймақ басшысы Маржанбұлақ ауылында ауыл ішілік, Өрлеу, А.Құнанбаев атындағы көше жолдарын қайта жаңғырту және Б.Момышұлы, Әбілқайырхан атымен аталатын көшелерде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын өз көзімен көрді. А.Құнанбаев, Өрлеу көшелерін қайта жаңғырту жұмысына 338,6 млн теңге, Б.Момышұлы, Әбілқайыр хан көшелері жолдары құрылысына 118 млн теңге бөлінген. Бұл жұмыстар биыл қарашада аяқталмақ.

Сондай-ақ облыс әкімі Маржанбұлақ ауылдық спортзалын күрделі жөндеуден өткізу және кеңейту жұмыстарымен де танысты. Бұл — «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан шара. 1987 жылы салынған нысанды жөндеуге республикалық және облыстық бюджеттен 22614 мың теңге бөлінді. Бұл жұмыстар ағымдағы жылдың 12 мамырында басталған. Едендері ауыстырылады, ішкі әрлеуі жүргізіліп, жылыту құрылғысы салынатын болады.

Ауданға жасаған сапары аясында өңір басшысы Қарақұдық ауылдық округінде болды. Ондағы «Садик» шаруа қожалығының суармалы егіс алқабының жұмыстарымен танысты. 1999 жылы құрылған шаруа қожалығында 1035 га егістік, 752 га жайылымдық жері бар. Дәнді дақыл, көкөніс өсірумен айналысады. 2015 жылдан бастап тұқы, күміс тұқы, шөп тұқы балықтарын өсіруді қолға алған.

Бүгінде Қарақұдық ауылдық округінде барлығы 37 шаруа қожалық жұмыс жасайды. Олардың басым бөлігі мал және егін шаруашылығымен айналысады.

Биыл округтегі ірі қараның саны — 2455, қой-ешкі — 3107, жылқы — 362, шошқа — 20, құс — 2107.

Аудан басшылығы облыс әкіміне аудандағы ауылшаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Ауданда мал шаруашылығы дамыған. Ірі қараның саны —  52 456, уақ мал — 74 977, жылқы — 8493, түйе — 109. Егістік жерлері — 168,8 мың га, жайылымдық жерлердің жалпы ауданы — 581,9 мың га.

Алға ауданында 100 мың гектар бос жердіңпайдаланусыз жатқаны белгілі болды. Алға ауданының әкімі Мамырғали Аққағазов облыс әкіміне жалға берілген жерлерді кәсіпкерлер уақытында тиімді пайдалана алмай, қазіргі таңда кері қайтару жұмыстары жүргізіліп жатқандығын айтты. Оңдасын Оразалин бұл мәселеге қатысты аудан әкіміне сын-ескертпе жасады.

Жерді тиімді пайдалана білу керек. Белгілі болғандай, 100 мың гектар жер игерілмей отыр. Алдағы жылы бұл мәселе міндетті түрде шешілуі тиіс. Бұл — шаруа қожалықтарына да қатысты ескерту. Жерді алған соң, оны пайдаланбаужұмысты дұрыс ұйымдастыра алмағанды білдіреді, — деді облыс әкімі.

Сонымен қатар аймақ басшысы Үшқұдық ауылдық округінде «Қарапайым заттар» экономикасы бағдарламасы аясында бой көтеріп жатқан 70 орындық балабақша құрылысыменжәне мал азығын өндірумен айналысатын «Ажар» шаруа қожалығының жұмыстарымен танысты. Балабақша құрылысына 30 млн теңге қаралған. Өткен жылы басталған құрылыс биыл тамыз айында аяқталады деп жоспарлануда.

«Ажар» шаруа қожалығының иелігіндегі жер көлемі — 1700 га. Биыл күзгі дәнді дақыл 500 га жерге егілген. Шаруашылық басшысы Ресейден 94 млн теңгеге «Акрос-550» маркалы комбайн және 96 млн теңгеге «Бюллер-2375» тракторын сатып алған. Сондай-ақ кәсіпкер 2018 жылы Үшқұдық елді мекеніне инвестиция көлемі 5 млн теңгені құрайтын наубайхана ашқан.Қазір мұнда күніне 150 нан пісіріледі. Өнім ауыл тұрғындарының сұранысына ие.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин аудан әкіміне ауылшаруашылық саласын дамытуды,бос жұмыс көздерін ашып, тұрғындарды жұмыспен қамтумәселелерін шешуді тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.