Білім

 Лагерьлер маусым айының ортасынан бастап бала қабылдайды

Әуежайда дәрігерлік тексеріс жүргізіле ме? Өңірдегі балабақшалар қазір қалай жұмыс істеп жатыр? Қоғамдық көліктерде карантин талаптары неге орындалмайды? Ақтөбеліктердің осы және өзге де сұрақтарына өткен сенбі күнгі онлайн-брифингте облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева мен облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева жауап берді.

Нұрсұлу Беркімбаева алдымен облыстағы эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты екенін, соңғы деректерге сай, Ақтөбеде 338 адамнан коронавирус инфекциясының анықталғанын айтты. Олардың 70 пайызы арнайы тесттің нәтижесінде белгілі болған. Жалпы, аталған тізімдегілердің 20 пайызы науқастармен қарым-қатынаста болғандар, ал 10 пайызы сырқат екенін өздері сезіп, медицина мекемесіне қаралғандар екен. Өз кезегінде жолаушылардың медициналық тексерісі жайлы:

— Бір аптадан артық уақыт бойы Ақтөбеде әуебайланысы қайта жанданды. Ұшып келгендер мен бізден жолға шыққандар әуежайда медициналық бақылаудан өтеді. Олардың алдын ала арнайы анықтама алуы қажет емес. Бұл — еліміздің бас санитар дәрігерінің шешімі, — деді Н.Беркімбаева.

Ләззат Оразбаева өз сөзінде екі аптадан бері облыстың 12 аудандағы балабақшаларда кезекші топтардың жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Ақтөбе қаласында да 29 мамыр күні мектепке дейінгі ұйымдардың кейбір топтары қызметін қайта жалғастыруға мүмкіндік алған. Облыс орталығындағы мұндай балабақшалардың саны — 35. Егер оң өзгеріс болса, басқалары да бұл қатарға қосылады.

Тұрғындар қоғамдық көліктерде жолаушылардың бетперде киюін неліктен ешкім қадағаламайтынын, карантиннің талабы сақталмайтынына шағымданды. Сондай-ақ, кондукторлардың автобусқа орындықтардың санынан артық адамдарды мінгізетіні айтылды. Бұл сұраққа облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева:

— Айтуыңыз орынды. Барлық ғимараттарда, қоғамдық көліктерде медициналық маскамен жүру керек. Бұны біз Ақтөбеде жолаушылар тасымалымен айналысатын екі мекемеге ескерттік те. Бірақ бұл орындалмай отыр. Сондықтан оларға  қатысты әкімшілік шара қолданылатын болады, — деп жауап берді.

1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған мерекелік шаралар да биыл онлайн режимде ұйымдастырылмақ. Облыстық білім басқармасының басшысының сөзінше, атаулы күнде 9 мыңға жуық ақтөбелік балаға әртүрлі сыйлық таратылады. Ірі байқаулардан жеңіске жеткендер, мүмкіндігі шектеулі, сондай-ақ көпбалалы және аз қамтылған отбасыларда тәрбиеленіп жатқан ұл-қыздарға басымдық берілмек.

— Егер санитарлық жағдай жақсы болса, облыстағы 11 лагерь маусым айының ортасынан жұмысын бастайды. Қазіргі таңда аталған мекемелер өз рұқсат қағазын алу үшін қажетті жұмыстарды жүргізіп жатыр. Жалпы, балалар лагерьге қабылданса, олар ешқайда шықпай, екі апта уақытын сонда өткізетін болады. Ал бұрынғыдай басқа өңірлердегі лагерьлерге дарынды оқушыларымызды жіберу жайы тоқтап тұр. Егер жағдай дұрысталса, қыс мезгілінде бұны қолға алуымыз мүмкін, — деді Л.Оразбаева.

Сонымен қатар педагогтердің қайта даярлық курстары мен студенттердің (шығармашылық сала өкілдерін айтпағанда) емтиханы онлайн режимде жүргізілетіні, емханалардың жұмысы қайта басталғаны тілге тиек етілді.

Ақтөбеліктер бетперде супермаркеттер мен дүкендерде сатылса, азық-түлік дүкендерінің жұмыс уақыты ұзартылса, мектеп автобустары болса деген ұсыныс-тілектерін де білдірді. Бұл бұйымтайларға департамент пен басқарма басшылары нақты жауап бере алмайтынын, құзыретті органдарға жеткізетінін айтты.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button