Басты жаңалықтар

Құрметті жерлестер!

31 мамыр… Азалы күн. Жадыраған жаздың алды болса да, дәл  осы күні көңіліміз жабырқайтын сәт. Өйткені жазықсыз құрбан болып,  қыршын кеткен асыл азаматтарымызды еске аламыз, рухтарына тағзым етеміз.

Өздеріңізге белгілі, 1997 жылдан бері 31 мамырды — саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде атап өтудеміз. Саяси қуғын-сүргін жылдары қазақ халқының көрнекті, көзі ашық, көкірегі ояу қайраткерлері азап шекті. Олардың туған-туыстары мен жақындары да аяусыз зорлық-зомбылық  көрді, қудаланды. Сол қаралы жылдар Ақтөбе өңірі халқын да сынаққа салды. Өңірімізден 7200 адам қуғын-сүргін зардабын шекті, соның ішінде 263 әйел адам еді. Осылайша қаншама ошақтың оты сөніп, түтіні түзу шықпады. Қаншама сәби жетім қалды. Сонда да олардың сағы сынбады. Елдің болашағы үшін тар қапаста жатып та еңбек етті. Күндердің күнінде ақиқаттың ашыларын сезді. Сол үшін бір сәт болса да тиімді пайдалануға тырысып, біздер үшін өшпес мұра қалдырып кетті.  Арыстарымыздың ерлікке тән  осындай ерен еңбектерін бүгінгі ұрпақтары ұмытпайды және ерекше қастерлейді. Сол бір зұлмат жылдардың құрбаны болған  Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Сәкен Сейфуллин, Құдайберген Жұбанов,  Темірбек Жүргенов сияқты арыстарымыздың салған сүрлеуі санаға серпін, бойға рух, көңілге медеу, жанға демеу беріп келеді.

Қазақ елі «Бір ел – бір тағдыр» ұстанымын қалыптастырған, өткенге салауат, болашаққа аманат арта білген халық.

Ақтөбе жері саяси қуғын-сүргінге түскен көптеген ұлт өкілдерінің қоныс теуіп, өсіп-өнуіне мүмкіндік берген қасиетті топырақ. Тағдырдың  тауқыметін көріп келген ұлттарға  халқымыз жатсынбай төрінен орын берді.  Өздері ашқұрсақ жүрсе де, соңғы бір үзім нанымен бөлісті. Сол кездегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының қазіргі ұрпағы қазақ ұлтымен бірге өсіп-өнді. Тарихи таныммен ұрпақ өседі, ұлттық сана қалыптасады. Өз таңдауларымен сыйластық пен татулықта, бірлікте өмір сүріп отыр. Олай болса, тарих ақтаңдақтарында әлі ашылмаған сырлары мен қырлары көп арыстарымызға лайықты құрмет көрсете білсек, ол құрмет келешегіміздің жарқын болуына жол ашады. Ал құрметтің үлкені олардың ұлы істерін естен шығармай, оны лайықты жалғастыру . Заман талабына сай игі істердің  артуына үлес қосу. Білім мен білікті қатар ұштастырып, әлемдік бәсекелестікке қабылетті болу.

Ардақты әлеумет!

Арыстарымызды ұлықтау – ұлыстың ұйытқысына айналған іргелі ұлт ретінде өркен жаюымызға бағытталған ауқымды шара.

Тарих беттерінде ерекше аталып, келешекке өшпестей етіп ерлік пен елдіктің, теңдік пен еркіндіктің үлгісін қалдырған осынау алаштың арда туған азаматтары, бүгінгі біз таңдаған Тәуелсіздік жолында жанын қиды. Сол ерлердің есімі егемен Қазақстанның тағылымды тарихында алтын әріптермен жазылмақ. Осынау дархан даламызда Алаш арыстарының қалдырған өшпес ісі, өлмейтұғын мұрасы келешек ұрпақ жадында мәңгі сақталмақ.

Біз саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған арыстарымызды еске алып, олардың рухтарына тәу ете отырып, бүгінгі алаш жұртының басындағы тыныштық, бірлік, баянды болашағымыздың, Мәңгілік ел мұратының алтын тұғыры деп білеміз.

Еліміз аман, Тәуелсіздігіміз мәңгілік  болсын!

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын ОРАЗАЛИН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button