Басты жаңалықтарЭкономика

Мұғалжар ауданында: мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалану — ілгерілеу кепілі

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Мұғалжар ауданына іссапары барысында өңірдің ауылшаруашылық, әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысты. Облыс басшысы «Тайбурыл-О» шаруа қожалығының сүт тауарлы фермасында болды. Осы жылдың мамыр айында іске қосылған фермада күніне бір тонна сүт өндіріледі. Өнім Қандыағаш қаласындағы сауда орындарына жеткізіледі. Кәсіпкер жобаны өз қаражатымен жүзеге асырды. Сондай-ақ ол қожалық жанынан күніне 5 мың дана жұмыртқа өндіруге арналған тауық фермасын ашуды жоспарлап отыр.

Облыс әкімі Ақкемер ауылдық округіндегі астық сақтауға арналған «Ақбұлақ-21» кәсіпорнының жұмысымен танысты. Мұнда сыйымдылығы екі тонна болатын 12 қойма орналасқан. Жалпы ауылдық округте егістік аумағы — 57 329 гектар, жайылым аумағы —  83 644 гектар, тыңайған жерлер — 3027 гектар. Округте 65 шаруа қожалығы және асылтұқымды мал өсірумен айналысатын 3 қожалық бар.

Облыс басшысы Ақкемердегі жолдарға жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстарын бақылады. Сондай-ақ Қандыағаш қаласында жұмыспен қамтудың жол картасы негізінде жүзеге асып жатқан орталық стадионның, Қандыағаш №4 орта мектебінің күрделі жөндеулерін және көп қабатты үй аулаларының абаттандыру жұмыстарын қарады. 1967 жылы салынған стадионның тозығы жеткен болатын. Аудан жастарының спортпен шұғылдануына мүмкіндік беретін 500 орындық алаң енді толықтай жаңа келбетке ие болады. Жөндеуі 88 миллион теңгеге жүргізіліп жатқан стадион жұмысына жергілікті 11 адам тартылған. 1300 орынға арналған мектеп 1991 жылы бой көтерген. Нысанның есік, терезе, едендері ауыстырылып, қыркүйек айына дейін пайдалануға беріледі.

Көп қабатты үйлердің аулаларын абаттандыру жұмыстары қызу жүргізілуде. Мемлекеттік бюджеттен бөлінген 36,6 миллион теңгеге балалардың ойын алаңшалары, тротуарлар жарақтандырылып, жарық шамдар орнатылады.
Оңдасын Оразалин «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС, «Каспий Нефть ТМЕ» АҚ, «Арал Петролеум Кэпитал» ЖШС мұнай өндіру компанияларында болды. Кәсіпорын басшыларымен кездесті.
«Арал Петролеум» және «Каспий нефть ТМЕ» мұнай-газ өндіретін кəсіпорындарда газ алау болып жанып, ауаға тарайтын. Бұл экологияның нашарлауына әкеліп соқтырды.  «ҚазақОйл-Ақтөбе» зауытына газ құбыры салынып, сыртқа тарайтын көгілдір отынды  халық тұтынатын болады. ҚР Үкіметінің мұнай-газ өндіретін компаниялары алдына қойған талаптары толықтай орындалды.

«Арал Петролеум Кэпитал» ЖШС басшысының мәліметінше, Шығыс Жағабұлақ кен орнынан Әлібекмола 50-ші газды кешенді дайындау қондырғысына дейінгі газ құбырының құрылысы жұмыстары аяқталған. Жыл басынан бері Қытай Халық Республикасымен пандемияға байланысты көлік қатынасы жабылып, шекарада үш ай бойы газ құбырының негізгі элементі — компрессор тұрып қалған. Қазіргі уақытта компрессор жеткізілді. Енді іске қосу-реттеу сынақтарының соңғы кезеңі жүргізілуде. Мұнай өндіру 2020 жылдың маусымынан басталады деп күтілуде. «Каспий Нефть ТМЕ» АҚ 2006 жылдан бері Мұғалжар ауданы аумағында Оңтүстік Әлібек кен орнында көмірсутек шикізатын өндіруді жүргізеді. Жергілікті 89 адам жұмыс жасайды.
Орташа айлық жалақылары 331 400 теңгені құрайды.
Газ құбырын салу бойынша іске қосу-жөндеу жұмыстары жүргізілген және Оңтүстік Әлібек кен орнынан 50-ші газды кешенді дайындау қондырғысына дейін газ құбырын салу аяқталған. «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС-да 574 адам, оның 400-ден астамы вахталық  әдіспен жұмыс жасайды. Орташа айлық жалақылары 460 мың теңгеден жоғары.

Облыс басшысы Жем, Ембі қалаларында болды. Жем қаласындағы №5 орта мектептің күрделі жөндеу жұмысымен танысты. Күрделі жөндеу «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында іске асырылуда. Мұнда 250 бала білім алады. Мектеп жанындағы шағын орталықта 36 бала тәрбиеленеді. Ембі қаласындағы кәріз жүйесінің ағынды суларын тазартатын биологиялық тазарту стансасының құрылысымен танысты. Жобаны жүзеге асыру 2019 жылы басталған. Өткен жылы 10 миллион теңге бөлінді. Биылғы жылы республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға  құрылыс жұмыстары жалғасуда. Тұрмыстық суларды ағызуға және залалсыздандыруға арналған жабдықтармен жарақтандырылған жерасты инженерлік жұмыстары 2021 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.

Облыс әкімі жұмыс сапарының соңында Жұрын ауылындағы Бөкенбаев, Желтоқсан, Батпенов көшелерінде жүргізіліп жатқан орташа жөндеумен, Қ.Жұбанов атындағы мектептің күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Облыс басшысы аудан әкімі Асқар Шерияздановқа ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын одан әрі арттыруды, мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалана отырып, егін, мал шаруашылығын дамыту бойынша нақты тапсырмалар берді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button