Жаңалықтар

Құрылыс нысандарын аралады

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласында жүргізіліп жатқан бірқатар білім ошақтарының құрылысы жұмысымен танысты. Ол Батыс-2 шағын ауданындағы 600 орынға арналған «Aqbobek» халықаралық жекеменшік мектебінің құрылысын қарады. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде оқытатын білім кешенінде оқушылар мен оқытушыларға арналған интернат та бой көтеруде.  Нысан үш қабатты.

Облыс әкімі №56 орта мектепке жанама салынып жатқан 300 орындық  ғимараттың, сондай-ақ «Рауан» тұрғын үй алабындағы 2 қабатты 300 орындық мектептің құрылыстарын көрді. 12-шағын аудандағы №56 орта мектепте бала санының көптігіне байланысты қосымша ғимарат салуға тура келген. Аталған  құрылыс  жұмыстарының  барлығы  қыркүйек айына дейін аяқталады.

Облыс басшысы «Нұрдәулет» сауда орталығының карантиндік режимдегі жұмыс барысымен тарнысты. Қауіпсіздік шараларының сақталу жағдайын байқады. Аумағына 200-ден астам шағын дүкен орналасқан сауда орталығы  қайтадан қызмет көрсетуін бастады. Сатушылар мен келушілердің бетперде тағуы, антисептик пайдалануы, дене қызуын өлшеу процестері  қатаң бақыланады.

Оңдасын Оразалин  ұзындығы 881 метрді құрайтын «Қазақстанға — 30 жыл», 708 метр Шығанақ Берсиев атындағы көшелердің орташа жөндеу жұмыстарын көрді.  Жөндеу жұмыстарын «КТП» ЖШС мердігер мекемесі жүргізуде. Екі көшенің де құрылысы  мамыр айында басталып, тамыз айында аяқталмақ. Жаяу жүргіншілерге арналған жол, жол қозғалысын  бақылайтын техникалармен жабдықталады. Облыс басшысы шаңғы-роллерлік трасса мен   №4 қысқы спорт түрлерінен балалар мен жасөспірімдерге арналған  спорт мектебінің  құрылысын көрді. Спорт мектебі облыстық спорт басқармасының меншігіне  өтуіне байланысты шаңғы-роллер трассасының құрылысы осы мектеп аумағына салынып отыр. Спорт мектебінің құрылысы аяқталса, жасөспірімдер жаңа ғимаратқа көшірілетін болады.

Облыс басшысы қала әкімі Асхат Шахаровқа  білім ошақтарының құрылысын бақылауды, оның сапалы әрі уақытында аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button