Экономика

Елге  қалмақ сиырлары келді

Шөлді-шөлейтті Байғанин, Ырғыз, Шалқар аудандарының табиғатына қолайлы, күй талғамайтын, суыққа төзімді, негізінен, қыста жайылып жүре беретін, жаңа туған бұзаулары бірден аяққа тұратын қалмақ тұқымдас сиырлар ішкі Ресейден әкеліне бастады.

Егер былтыр Ақтөбе облысына асылтұқымды 20 мың ірі қара әкелінсе, биылғы жарты жылдың ішінде 13 мың сиыр шаруашылықтарға жеткізілді. Өңірімізде ірі қараны асылдандыру жобасында басты артықшылық қазақтың ақ бас сиыры мен қалмақ тұқымды сиырларға берілді. Сүтті бағыттағы асылтұқымды сиырлар Батыс Қазақстан облысы мен Ресей Федерациясының Орынбор облысы, Башқұртстан жағынан әкелініп, жерсіндірілді. Бұл жөнінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай тікелей эфирде баяндады.

Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының хабарлауынша, көктемгі егіс жұмыстары 1 маусымда толық аяқталады. Биылғы жылы 787 мың гектарға егіс салу жоспарланса, соның 115 мың гектарына мал азығы, 447 мың гектарына дәнді дақылдар, 35 мың гектарына майлы дақылдар, 6,3 мың гектарға картоп, 5,8 мың гектарына бау-бақша, көкөніс дақылдары егілді. Биыл Ойыл, Қобда, Мәртөк, Қарғалы аудандарының диқандары 9 мың гектар жерге қара тары тұқымын септі.

— Биыл облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің тапсырмасымен әр аудан орталығында сүт өңдейтін кәсіпорын салынып, жергілікті тұрғындарды сүт өнімдерімен қамтамасыз ету міндеті қойылды. Қазір біз осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз, — деді Құсайын Сәрсембай.

Қазіргі уақытта өңірде «Айс+», «Мәртөк сүт», «Тау» ЖШС-лары сүт өңдеп, ірімшік, қаймақты сатылымға шығарып жатыр. Алайда жергілікті тауар өңдеушілер Ақтөбеге Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасынан жеткізілетін сүт өнімдеріне бәсекелес бола алмай келеді.

Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының айтуынша, мал тұқымдарын асылдандыруда жылқының көшім және мұғалжар тұқымдарын көбейтіп, қойдың цигей және еділбай тұқымдарын көбейту басты назарда тұр.

Баян СӘРСЕМБИНА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button