Жаңалықтар

Қала қоқыстан тазартылды

Акция

Облыстық «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының іскер әйелдер кеңесі «Бірге — таза Ақтөбе» акциясы аясында экологиялық сенбілік ұйымдастырды.

Шараға аталған кәсіпкерлер палатасының өкілдері бастаған, «Dyshi Aktobe», «Akjol zhastary», «ECO ARSU», «ECO MADENIET» қоғамдық ұйымдары мен волонтерлер қатысты.

Олар Кірпішті елді мекеніндегі бекітілген аймақты күл-қоқыстан тазартып, акцияға белсене атсалысты.

  • Қоршаған ортаның ластануы әлем бойынша өзекті мәселе болып отыр. Бүгін құтты мекен Ақтөбеміздің туған күнінде аймақтың экологиялық тазалығына үлес қосу үшін сенбілікке шықтық. Қоқыстарды санаттарға бөліп, шикізатты қайта өңдеу орнына тапсырамыз. Осы қызметтен түскен қаражат сол аймаққа көпжылдық гүлдердің тұқымын егу, жасыл желекке айналдыру жұмыстарына жұмсалады. Аймақ пластикалық қалдықтар, шыны және басқа да қоқыстардан тазартылып, 50 қаптан астам қоқыс жиналды. Қаламыздың тазалығын сақтау — баршамыздың ортақ міндетіміз, — дейді «ECO ARSU» еріктілер тобының жетекшісі Әйгерім Сафиева.

Ұйымдастырушылар ақтөбеліктерді экологиялық акцияны қолдауға шақырып, эстафетаны қаланың басқа да ірі кәсіпорындары мен мемлекеттік мекемелеріне жолдады.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button