Жаңалықтар

Шалқар мен Хромтауда жұқпалы індет табылды

28 мамыр күні екі ауданнан коронавирус жұқтырған азаматтар тіркелгені туралы деректі тауарлар мен көрсетілетін  қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау  департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева жергілікті телеарнадағы брифинг кезінде растады.

– Бірнеше күннен бері қатты жөтел мазалаған Шалқар ауданының азаматы жедел респираторлы вирус жұқтыру белгісімен аудандық ауруханаға өзі келген. Ол бірден аудандық аурухананың провизорлық бөлімшесіне жатқызылған соң тест алынып, қос өкпесі бірден қабынғаны анықталды. Хромтау ауданынан да осындай белгімен анықталды. Дереу олардың үй-іші, туыстары, жақын байланыс жасаған адамдары түгел оқшауланды.

Облысымызда карантин режимінің қашан аяқталатыны және блок-бекеттердің қашан алынып тасталатыны белгісіз. Өйткені төтенше жағдай режимі аяқталып, карантинге көшкелі бері қалада күніне 10-15 жаңа індет тіркеліп жатыр. Шалқар мен Хромтауда жұқпалы індет ошағы анықталды. Адамдардың қауіпсіздік ережелерін сақтамауы кесірінен аудандарда жаңа індет ошақтары тіркеліп жатқандықтан, әзірге карантинді тоқтатудың себебі жоқ.

Телеэфир кезінде жұртшылық қоғамдық көліктерде тазалық пен тәртіптің сақталмайтынына, жолаушылардың, тіпті кондукторлардың бетперде тақпай, автобусқа лық толы мінетініне шағымданды. Мәселен, №51 автобуста тазалық жоқ, жолаушылар бетпердесіз топырлап мінеді, тіпті кондукторы да бетпердесіз. «Батыс-2» шағын ауданындағы «Денсаулық» саябағында да күнде кешкілік  бетперде кимеген адамдар топтасып жүреді. Қала тұрғындары көшеде карантин ережелерін бұзғандарға қатаң айыппұл салу керектігін айтады. Себебі, адамдар қайтадан босаңсып барады. 25 мамырдан бері Орталық және мал базарлары есігін ашты. Сондай-ақ кулинарлық дүкендер, 50 адамға дейін қызмет көрсететін тамақ әзірлейтін орындар  сағат 10.00-22.00 аралығында жұмыс істейді. Бірақ үлкен тойханалар мен мейрамханалардың ашылуына рұқсат жоқ, той, садақа өткізуге тыйым салынды. Табиғатқа топтала шығып, ас әзірлеп, жиналуға да болмайды.

Нұрсұлу Беркімбаева №51 автобустағы жағдайды тексеруді өз құзырына алып, қоғамдық көліктегі бей-берекетсіздікті қадағалайтын топтардың рейдке шығатынын ескертті. Жолаушылар тасымал қызметінің басшылығына осы талаптарды орындау қатаң түрде міндеттелетініне уәде берді.

Баян СӘРСЕМБИНА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button