Тарих

Бай баласы деп қуғындаған         

Қуғын-сүргіннің зардабын көрмеген әулет кемде-кем шығар. Солардың қатарында Жамановтар отбасы да бар.

1890 жылы дүниеге келген Рза Жаманов Қанипа Әмірқызымен отау құрып, екі ұлдың ата-анасы атанды. Олардың балалары Мұханбет 1927 жылы, Келдібай 1932 жылы дүниеге келді. Рзаның інісі Елкей Жұрын ауданының №47 совхозында жұмыс істейді. Ал Рзаның өзі «Ақтөбемұнайбарлау» тресінің Қызылқұдық учаскесінде еңбек етеді. Сол жылдары Мұғалжар, Қарамола, Жыланды деп аталатын геологиялық барлау мекемелері жұмысшы-қызметкерлері арасында ол өзінің жақсы жұмысымен көзге түседі. 1936-1937 жылдары 4-разрядты бұрғылау жұмысшысы болады.

Алайда 1937 жылдың 9 тамызында ол байдың ұрпағы деген желеумен тұтқынға алынады. Арада көп уақыт өтпей-ақ, яғни 1937 жылғы 27 қыркүйекте үштіктің шешімімен ату жазасына бұйырылады.

Сол сұрапыл заманда Қанипа әже жолдасының ұшты-күйлі жоғалып кеткенін сұрау түгілі, дерегін іздеуге де батылы бармайды. Көп уақытқа дейін ол үшін күйеуінің неге ұсталып кеткені белгісіз болып қала береді. Күйеуінің хабарын күтумен жүріп колхозшы болып жұмыс істейді.

1960 жылы 31 мамырда ғана Ақтөбе облыстық соты төралқасының қаулысы бойынша Рза Жамановқа қатысты үштік шешімі өзгертіліп, еш қылмыс мәселесі болмағандықтан іс тоқтатылады. Есіл азамат осылайша кеш те болса ақталады.

Балалары Мұханбет пен Сарадан төрт ұл, төрт қыз, Келдібай мен Гүлдәріден алты ұл, бір қыз өсіп-өркендейді.

Бүгінде Рза Жамановтың немерелері Гүлнәр, Өмірзақ, Байзақ, Жанзақ, Ардақ, Гүлзада, Гүлмира, Әбдірзақ, Аманғос, Амангелді, Нағашыбай, Есенгелді, Қуаныш, Гүлжанар, Руслан әулет ғұмырын жалғастыруда. Олар зұлмат құрбаны болған аталарын әрдайым естеріне алып, дұғаларын бағыштап отырады.

Жеңіс ТӨЛЕУ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button