Басты жаңалықтар

«Қазір жерасты байлығына телміріп отыратын уақыт емес»

«Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен аппарат отырысы өтті. Облыс әкімінің орынбасарлары, департамент, басқарма басшылары, қала, аудан әкімдері қатысқан жиында «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасының іске асырылуы, көктемгі егіс жұмыстары мен мал шаруашылығын дамыту,
2019-2020 оқу жылының қорытындысы туралы мәселелер қаралды», — деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

«Ауыл шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстар әр апта сайын қорытындыланатын болады. Мемлекет басшысының бос жатқан жерлерді экономикалық айналымға енгізу шараларын қолға алу туралы тапсырмасына сай,  аудан басшылары пайдаланусыз бос жатқан жерлерді игере алатын азаматтарға беріп, ауыл шаруашылығын дамытуды белсенді жүргізу қажет»,- деді облыс басшысы.

Облыс әкімінің  орынбасары Руслан Хамбаров Жұмыспен қамтудың жол картасының негізгі мақсаты жұмыспен қамтуды және кірісті қамтамасыз ету, жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеу, елді мекендердің инфрақұрылымын дамытуға жағдай жасау екендігін атап өтті.  Өңірде 302 жобаны іске асыруға 46,3 миллиард теңге қарастырылған, шамамен 12 мың жұмыс орнын құру жоспарлануда. Оның уақытшасы 11 567, тұрақтысы 375. Ақтөбе қаласы мен аудандар әкімдері  жұмыспен қамту орталықтары арқылы құрылған жұмыс орындарына жасы 29-ға дейінгі жастарды жұмысқа тартуы қажеттігін айтты. Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Мирлан Мұхамбетов мемлекеттік бағдарламалардың іске асуы жөнінде, мемлекеттік сатып алу жүйесінде сыбайлас жемқорлыққа мониторинг тұрақты негізде жүргізіліп отырғандығын атап өтті.  «Бірыңғай сатып алу терезесі» сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоспарлау сатысын да анықтап, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ғаламтор арқылы бақылауға және тексеруге мүмкіндік береді.

Көктемгі егіс жұмыстары мен мал шаруашылығы саласына тоқталған облыс әкімінің  орынбасары Аманғали Бердалин биыл облыста  егіс көлемі 787 мың гектар, оның ішінде 610 мың гектар жазғы егіс болуы жоспарланғанын мәлімдеді. Қазіргі таңда өңірде  492,6 мың гектар жерге тұқым себілген. Байғанин, Ырғыз, Қобда, Темір, Шалқар аудандары егін жұмыстарын толығымен аяқтады. Егіс алқаптарындағы ылғал қорын сақтап қалу мақсатында 520,6 мың гектар жерге ылғал жабылды. 61,8 мың гектар алқапқа егіс алдындағы химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіліп, 15,9 мың тонна тұқым дәріленген. Дегенмен кейбір аудан әкімдері  топырақ құнарлылығын арттыру, арамшөптерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын жандандыруды жолға қою қажет. Себебі құнарлылығын жойған жерден көзделген өнім көлемі алынбайды.

2020 жылдың төрт айында 53,8 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілген. Ет өндіру негізгі көрсеткішке әсер етеді.  Осы есепті мерзімде  ауыл шаруашылығы малдарының өсімі — ірі қара 564,5 мың, қой мен ешкі 11419,2 мың, шошқа 60,6 мың, жылқы 155,4 мың, түйе 18,7 мың басқа жеткен.

2020 жылға тұқымдық түрлендіруге қатысатын ірі қара малы аналығы үлесін 31,0%, қой аналығы үлесін 17,7%-ға жеткізу жоспары тұр. Сонымен қатар етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында 13 мың ірі қара, 20 мың қой сатып алу жоспарлануда. Қаржы институттары арқылы 44 шаруашылыққа 1 296 ірі қара және 4 шаруашылыққа 1578 қой сатып алуға несие берілген. Облыста  мал шаруашылығы саласына 6,9 миллиард теңге субсидия бөлінген.

Облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева 2019-2020 оқу жылының қорытындысы жөнінде есеп берді. 2019-2020 оқу жылындағы басты жаңалықтар – «Педагог мәртебесі туралы» Заң  қабылданып, 2025 жылға дейінгі білім мен ғылымды дамытудың жаңа Мемлекеттік бағдарламасы бекітілген. Сондай-ақ білім мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру нәтижесінде облыста 3-тен 6 жасқа дейін мектепке дейінгі білім берумен қамту 12,1%-ға артып, 100%-ға жеткен. Балабақша желісі  99 бірлікке артып, жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардың саны  4 есеге өскен. Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру жылдарында 15 466  орынға арналған 140 мектепке дейінгі ұйым пайдалануға берілген.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин аудандарға іссапары барысында  кәсіпкерлердің болмашы кедергілерге тап болатындығын айтып жиі шағымданатындығын жеткізді. Осыған байланысты аудан әкімдеріне кәсіпкерлердің үніне құлақ асып, тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасау қажеттігін айтты.

«Сіздердің алдарыңыздағы үлкен міндеттердің бірі — ауыл шаруашылығын дамыту, қаражатты тиімді пайдалану, тұрғындарды жұмыспен қамту. Қазір өз аудандарыңызда өндіріліп жатқан жерасты байлығына телміріп отыратын уақыт емес», — деген өңір басшысы жиынды қорытындылады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button