Жаңалықтар

«Ауруды ауылдарға таратып алмауымыз қажет!»

«Эпидемиологиялық  жағдайды қалыпты деп айтуға ерте. Күрделі мәселелер бар. Өзге өңірлердегі жағдайды да бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көріп-біліп отырсыздар. Блок-бекеттерді ашу немесе әрі қарай созу бойынша шешім 1 маусымдағы жағдайға байланысты болады. Айта кетейік, қала әлі карантин режимінде. Ал аудандардағы жағдай тұрақты. Біздегі басты мақсат — ауруды ауылдарға таратпау». Бұл туралы жергілікті арнада өткен бағдарлама барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов мәлімдеді.

Бағдарламаға облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев те қатысып, тұрғындар сауалына тікелей эфирде жауап берді.

26 мамырдағы жағдай бойынша облыста 282 жағдай тіркелген. Оның 75 пайызы, яғни 213-і жазылып шықса, 69 науқас әлі ем алып жатыр.

— Өздеріңіз білетіндей, бүгін облыс әкімі мәлімдеме жасап, 27 мамырдан бастап санитарлық талаптарға сай болған тағы да бірқатар кәсіпорындар мен мекемелердің жұмыстарын жалғастыруға мүмкіндік берілгенін айтты.

Ертеңнен бастап азық-түлік, құрылыс, киім-кешек сататын базарлар, мал базары, автоқосалқы бөлшектерін сататын базарлар өз жұмыстарын күндізгі сағат 10.00-ден кешкі 17.00-ге дейін жалғастыратын болады. Қала бойынша осындай 39 базар бар. Сонымен қатар 30 адамға дейін, еш көрерменсіз оқу-жаттығу процестерін өткізу үшін осындай режиммен спорттық нысандарға да рұқсат етілді. Сауда үйлері мен орталықтары, дүкендер жұмыс істейтін болады. Балабақшалардағы кезекші топтың жұмыс жасауына таңғы сағат 8-ден кешкі 18.00-ге дейін рұқсат берілді. Азық-түлік жәрмеңкелері сағат 8.00-13.00 аралығында, ал қоғамдық тамақтану орындары 50 адамға дейінгі шектеумен 10.00-ден кешкі 22.00-ге дейін жұмыс жасайды. Сонымен қатар саябақтар мен скверлер де көңіл көтеру шараларын өткізбей өз жұмыстарын жандандыра алады.

Ал блок-бекеттер туралы айтар болсақ, бүгінгі таңда облыс аумағында 19 блок-бекет жұмыс жасап тұр. Эпидемиологиялық  жағдайды қалыпты деп айтуға ерте. Күрделі мәселелер бар. Өзге өңірлердегі жағдайды да бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көріп-біліп отырсыздар. Блок-бекеттерді ашу немесе әрі қарай созу бойынша шешім 1 маусымдағы жағдайға байланысты болады. Айта кетейік, қала әлі карантин режимінде. Ал аудандардағы жағдай тұрақты. Біздегі басты мақсат — ауруды ауылдарға тараптау. Төтенше жағдай кезінде қалада қалып қойған тұрғындар экпресс-тест тапсырып немесе лабораториялық тексеруден өтіп, соның қағазымен үйлеріне қайта алады, — деді Нұржауған Қалауов.

Тікелей эфирге хабарласқандардың бірі жолдасының Батыс Қазақстан облысында вахталық әдіспен жұмыс жасайтынын айтып,  маусым айының бас кезінде жұмысына қайта баруға мүмкіндігі бар-жоғын сұрады.

— Ақсайдағы вахталық жұмыстарға бару үшін ешқандай мәселе жоқ. Ол үшін, алдымен, «Сергекке» тіркеледі. Достық үйінде кеңес беретін орталық бар. Соған ақпаратын салса болды. Біздің мамандар бір бағытқа деп жазып береді.  Өзге облыстарға бара жатқан адамдардан экспресс-тест алынып жатқан жоқ. Сол облысқа барған соң өздері алатын болады, — деді Қалауов.

Тікелей эфир барысында төтенше жағдай кезінде берілген 42 500 теңгеге қатысты сауалдар да қойылды. Сондай-ақ коммуналдық төлемдерге беріліп жатқан 15 мың теңгенің кімдерге тиесілі екенін сұрап хабарласқандар да болды.

— Төтенше жағдай кезінде берілген 42 500 теңге бойынша қайтадан сұрақтар көтеріліп жатыр. Түрлі себеппен ала алмай қалған адамдар бойынша қайтадан тәртібі бекітілді. Бұл мәселе бойынша тиісті мекемелер айналысып жатыр. Жұмыспен қамту орталықтарына хабарласып, білулеріне болады.

Ал коммуналдық төлемдерге беріліп жатқан 15 мың теңге  бұл тек карантин режиміндегі қала тұрғындары үшін беріледі. 7 категория бойынша бүгінгі күнге дейін 10600-дей адам өтініш тапсырған. Оның ішінде 10 018 адамның құжаты мақұлданса, 486 адамның құжаты қаралып жатыр. Әрине, жоғарыда аталған 7 санаттың ішіне кіретін болса, міндетті түрде берілуі тиіс, — деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.  

Эфир барысында медицина қызметкерлері тарапына шағым айтып, жеке мәселелері бойынша хабарласқан тұрғындар да болды. Барлық шағымды тыңдап, жазып алған Әсет Қалиев аталған қызметкерлердің жұмысына міндетті түрде қызметтік тексеріс жүргізіліп, кінәлі қызметкерлерге тәртіптік жаза қолданылатындығын айтты.

Сондай-ақ Авиақалашықтағы емхана жұмысына қатысты қойылған сауалға облыстың бас дәрігері аталған емхананың жұмыс жасап тұрғанын және ультрадыбыстық тексерісті жоспарлы түрде өтуге болатындығын айтты.

Эфир барысында қаладағы қоғамдық көліктерге қатысты, қоқыстың дұрыс жиналмауына  байланысты шағым айтып қоңырау шалғандар болды. Сондай-ақ «Нұр Ақтөбедегі» №30 үйдің қашан берілетіндігін сұрап хабарласқандарға Нұржауған Қалауов бұл мәселелердің барлығын қала басшылығына жеткізетіндігін, ал  жауабын алдағы эфирлерде немесе әлеуметтік желілер арқылы беретінін айтты.

  Ақерке САТЫБАЛДЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button