Жаңалықтар

Берекелі белестер

Отыз жылдан астам уақыт бойы бұқаралық ақпарат саласында жемісті еңбек етіп келе жатқан Раукен Отыншин — жалпы жұртшылыққа белгілі есім.

Еңбек жолын ұстаздықтан бастаған ол 1988 жылы облыстық «Коммунизм жолы» газетіне корректорлық жұмысқа алынып, тілшілік жолдан өтіп, басылымның жауапты хатшылығына дейін көтерілді. Одан кейінгі жылдарда  халықаралық «Түркістан» газетінің батыс облыстардағы аймақтық тілшісі қызметін атқарды, «Экономика-Бизнес» аймақтық ақпараттық-сараптамалық газетін, одан кейін «Жаңа ғасыр-Новый век» апталығын шығарды.

Ақтөбедегі «Отандастар-Полиграфия» баспаханасында бөлім бастығы, директордың орынбасары болуы, оған жалғаса «Атырау-Ақпарат» коммуналдық-мемлекеттік кәсіпорны баспаханасының директорлығы қызметіне шақырылуы —оның кәсіби біліктілігіне берілген баға, бір жағынан, жоғары сенім белгісі еді.

«Қазақстан-Ақтөбе» телекомпаниясы Раукен Сағызбайұлы жетекшілік еткен он жыл аумағында жаңа биіктерге көтерілді. Шығармашылық ұжымның бастан өткерген бес дәуірін бейнелейтін «Елу жыл елмен бірге» атты кітап жарыққа шықты. Каналдың материалдық-техникалық базасы толығымен жаңғыртылды. Жұртшылық назарына қырық шақты әртүрлі тақырыптағы бағдарламалар ұсынылатын болды. Жаңа студиялар іске қосылды. Телекөпірлердің ұйымдастырылуы да көрермендер тарапынан жақсы жаңалық ретінде қабылданды.

Раукен Сағызбайұлы соңғы үш жылдан астам уақыт бойы облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерін, сондай-ақ бірнеше журналдар мен сайттарды  біріктіретін «Ақтөбе Медиа» серіктестігін басқарып келеді. Осы мерзімде «Актюбинский вестник» газеті өзінің 100 жылдығын, «Ақтөбе» газеті 95 жылдығын атап өтті.

Бұрынғы облыстық баспахана ғимаратының күрделі жөндеуден өтіп, сәнді де салтанатты Баспасөз үйіне айналуы — соңғы уақыттар жетістігі. Мұнда баспасөз музейі, конференц-зал, медиа-мектеп жұмыс істейді.

Осы игіліктердің барлығы Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, «Құрмет» орденінің иегері Раукен Отыншиннің алпыс жасқа толуына арналған салтанатты сәтте айтылды.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің жылы лебізін жеткізген облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов, Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров, сондай-ақ облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мейрейтой иесінің еңбек жолына тоқталып, бұқаралық ақпарат құралдарының билік пен халықтың ортасындағы алтын көпір ретіндегі рөлін атап көрсетіп, Раукен Отыншиннің осы саладағы ұйымдастырушылық, іскерлік қабілеттеріне тоқталды.

Сондай-ақ жиында ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің бір топ депутаттарының, Қазақстан Журналистер одағының, өңірлердің бұқаралық ақпарат құралдары жетекшілерінің құттықтау хаттары оқылды.

Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button