Жаңалықтар

Асхат ШАХАРОВ: Жолдың қожасы — жаяу жүргіншілер

Биыл Ақтөбе қаласының көше жолдары толықтай жөндеуден өтпек. Жоспарға сай жол жөндеу жұмыстары басталып, қарқынды жүріп жатыр. Оның ішіне жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар да кіреді.

Алайда қаладағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы жолдардың құрылысы сын көтермейді.  Арнайы арбаға таңылған жандардың айтуынша, қолайсыз қалдырылған сатылар, жиектастар қиындық келтіруде. Жұмысқа, дүкенге, саябақтарға, спорт алаңдарына және әлеуметтік нысандарға баратын кезде көп кедергілерге тап болады. Оны дені сау адам байқай бермейді. Орталық көшелер толық асфальтталғанымен, үй арасындағы 2-3 метр бұдырлы жердің өзі көмекшісі болмаса арбаны жүргізбейді.  Бұл туралы «Пандус ОК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы, қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі Шахан Жолдасбаев айтты. Шаханның өзі мүгедектер арбасына таңылған. Сондықтан қаладағы барша мүмкіндігі шектеулі жандардың жайына алаңдап, қала басшылығынан қолдау күткен болатын. Ерекше жандардың ескертуінен соң қала әкімі Асхат Шахаров олармен кездесіп, қоларбамен өзі де жүріп көріп көз жеткізді. Жүргінші жолағымен өткенде тротуарға шығатын тұстарда биіктігі 10-15 сантиметр сатылар бар. Мұндай кедергілер саябақтардың ішінде көп. Сонымен қатар әлеуметтік нысандардың алдындағы пандустар тым тіке салынған. Көмекші болмаса өздігінен шығу қиын. Бір сөзбен айтқанда, құрылыс кезінде мүгедектер арбасы жолына онша мән берілмеген. Қала басшысы сондай кедергілерден арбаға мінгендермен бірге өтіп, олардың қандай жағдайда қалатынын жеткізді.

Қала көшелеріндегі жол тек көлік жүргізушілерге арналған жоқ. Жолдың қожасы олар емес, жаяу жүргіншілер. Соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандардың қалай қиналатынын ұғынып тұрмын. Өзімді олардың орнына қойып көрдім. Өрге қарай шығу дені сау менің өзіме де оңай болған жоқ. Алдымен жүйкеге күш түсіп, моральды түрде шаршайды екенсің.  Ал сонда қоларбаға таңылғандардың жайын кім ойлайды? Олар баратын жерлеріне қиналмай баруы тиіс. Мен бұл жұмысты қолға аламын. Бұған арнайы мониторингтік топтың шешімімен карта жасақтап жұмыстанамыз. Ешкімге айыппұл салмай-ақ кемшіліктерді жоюға уақыт береміз. Біздің бұған дейінгі қателігіміз — әлеуметтік нысандар мен жол құрылыстары, инфрақұрылым объектілерін салған кезде сапасын талап етпейміз. Енді бақылау күшейетін болады. «Инватаксиге» 1 күн бұрын тапсырыс береді екен. Адам сау тұрып, такси 5 минут кешіксе шыдамсызданып, маршруттарды 10 минут күте алмаймыз. Ал бұлар оның бәрін қаншама сабырлықпен күтеді, — деген шаһар басшысы қоларбаның да адамға жайлысын, өзіндік қызметі көп қамтамасыз етілген түрін алу керектігін айтты.

Ақтөбе қаласында 12824 мүгедек бар. Олардың 2180-і — 16 жасқа дейінгі балалар. Өткен жылы 289 мүгедек арнаулы жүріп-тұру құралдарымен қамтылды. Биыл арнайы арбалар 333 адамға беріледі.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button