Басты бет » Білім » Ата-аналардан ақша жинауға тыйым салынды

Ата-аналардан ақша жинауға тыйым салынды

Биыл мектеп бітіру кештері болмайды. Думанды той жасалмайды. «Ата-аналар мектеп үшін, педагогтер үшін ешқандай сыйлық жасамауы тиіс. Сондай-ақ ата-аналардан түрлі қызметтерге ақша жиналмауы керек. Аталған рәсім сән-салтанатсыз, аста-төк дастархансыз, сынып ішін жайнатып, безендірусіз өткізілуі қажет». Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің директоры Бұлбұл Күзембаева қадап айтты.

Білім саласының жағдайы сөз болған жиынға облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева да қатысты.

Түлектерге аттестат табыстау рәсімі 3-4 маусымда өткізіледі. Барлық қатысушыларға мектеп бітіру іс-шарасын өткізу тәртібі және қауіпсіздік талаптарын сақтау туралы нұсқау таныстырылған.

  • Аттестат табыс ету рәсімі міндетті түрде мектеп аумағында (100 адамға дейін қатысады, шаралардың арасындағы уақыт ұзақтығы — 20-30 минут), ашық алаңда, тек түлектердің  және ата-аналарының қатысуымен өткізілетін болады. Басқа қонақтарға қатысуға болмайды. Түлектер шараға мектеп формасын киіп келуі тиіс, — деді Ләззат Оразбаева.

Соңғы қоңырау рәсімінен соң түлектер естелік ретінде  «Ағаш отырғызу» акциясына қатысып, тал егеді.

Облыста 538 мектепке дейінгі ұйым бар. Штаб шешімі мен облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысы негізінде 19 мамырдан бастап аудандардағы балабақшалар 15 баладан артық емес топтармен жұмысын бастапты. Қазір мектепке дейінгі ұйымдар қайта бастау алгоритмі бойынша жұмыс істеуде.

26 мамырдағы жағдай бойынша облыста 132 балабақша (3543 бала бар) өз жұмысын қайта бастады. 393 кезекші топ құрылған. 27 мамырдан бастап Ақтөбе қаласындағы балабақшалардың жұмысын жаңарту жоспарланып отыр.

  • Жалпы 345 балабақша жұмысын қайта бастауды жоспарлады. Яғни 837 кезекші топ ашылады. Ақтөбе қаласында 5484 балаға арналған 368 кезекші топтар (136 балабақша) ашу  жоспарланып отыр, — деді облыстық білім басқармасының басшысы.

Жаз айларында мектепке дейінгі дайындықты күшейту мақсатында қысқа мерзімді курстар ұйымдастырылатын болады. Бұл мақсатта жыл сайын 12 млн теңгеден бөлінеді екен.

  • Балалары балабақшаға бармайтын ата-аналар үшін жұмыс істеп тұрған мектепке дейінгі ұйымдардың жанынан консультациялық пунктерді ұйымдастыру қолға алынады. Сонымен қатар, тамыз айында 1-10 сынып оқушылары үшін «Жазғы мектептер» жұмыс жасайды. Мұнда балаларға негізгі пәндер бойынша білім беріледі,  — деді Ләззат Оразбаева.

Басқарма басшысының айтуынша, жазғы каникул кезінде облыс бойынша 47 522 баланы  демалыспен қамту жоспарланып отыр. Бұл мақсатта  бюджеттен 179 млн теңге қаржы қарастырылыпты.

  • Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті эпидемиологиялық ахуалға байланысты мектеп жанындағы, шатырлы, киіз үй лагерлерінің ашылуына рұқсат берілмейтіндігін хабарлады. 15 маусымнан кейін қала сыртындағы лагерьлер жұмыс жасайтын болады, — деді білім басшысы.

Қазір облыста 11 қала сыртындағы лагерь бар. Оқушылардың еліміздің өзге қалаларындағы лагерьлерге баруына тыйым салынған.

23 мамырдан бастап ұлттық біліктілік тестілеуден өту үшін педагогтердің өтініштерін қабылдау басталған. Індеттің таралуына жол бермеу мақсатында, аталған шараны 3 кезеңде (1 маусымда басталып  тамызға дейін) бөліп өткізу жоспарланыпты. Бұл сынаққа мектепке дейінгі, жалпы орта, қосымша, мамандандырылған, арнайы, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері, сондай-ақ әдістемелік кабинеттердің (орталықтардың) әдіскерлері қатысады.

Шарада Ләззат Оразбаева колледждерге талапкерлерді қабылдау туралы да айтты.

Брифинг барысында облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің директоры Бұлбұл Күзембаева  сөз алып, білім сапасы, педагогтер мен оқушылардың құқығы жіті бақылауда екенін айтты.

  • Министрдің бұйрығында мектеп басшысынан бастап, қарапайым мұғалімнен қандай құжаттардың сұратылатыны көрсетілген. Артық есептер сұрауға тыйым салынған. Осыны білім беру мекемелерінің басшылары естен шығармауы тиіс, — деді Бұлбұл Күзембаева.

Ол өз сөзінде түлектердің  мектеп бітіру кештері той-думансыз өтетінін нықтап айтты.

  • Түлектердің кешін желеу етіп, ата-аналардан ақша жинауға мүлде болмайды. Мектеп үшін, педагог үшін сыйлық алынбауы тиіс. Сондай-ақ кабинеттерді жөндеу жұмыстарына мұғалімдерді тартуға болмайды. Бұл мәселеге педагогтерді араластырмау керек, — деді Бұлбұл Күзембаева.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.