Жаңалықтар

Биылдан бастап жастарға «Алғашқы жұмыс орны» көмектеседі

Жұмыспен қамту-2020

Жұмыс іздеп жүрсіз бе? Қай жерде бос жұмыс орны бар? Әлде өз кәсібіңізді бастағыңыз келе ме? Жұмыссыз, қолында көк тиыны жоқ адам қалай бизнес ашпақ дейсіз ғой. Ендеше, халықты жұмыспен қамту үшін құзырлы органдар тарапынан қандай жәрдем немесе қандай жаңалықтар барын біліп алайық. Осы орайда біз облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусіноваға сұрақтар жолдаған едік.

  • Жұмыс іздеп жүргендердің көптігін ескерсек, бос жұмыс орындары жоқ секілді. Оны қайдан біле аламыз?
  • Бос жұмыс орындары туралы дерек enbek.kz сайтында тұр. Электрондық еңбек биржасында 7886 жұмыс беруші тіркелген. Аталған сайтта бүгінгі күні біздің облыс бойынша 3200-ден астам бос жұмыс орнын ұсынған мың жарымнан астам хабарландыру бар. Оның ең көбі Ақтөбе қаласында, қалғаны — аудандарда. Сондай-ақ бос жұмыс орны туралы жұмыспен қамту орталықтарынан да білуге болады. Аймақта арнайы кәсіби біліктілікті талап етпейтін жұмыс орындары жеткілікті: құрылыс, жол жөндеу, ауыл шаруашылығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, құрылыс материалдарын өндіру, сауда салаларына жұмысшылар қажет.
  • Халықты жұмыспен қамту үшін қалай жәрдемдесесіздер?
  • Мемлекеттен көмек алу үшін жұмыссыз адам ең әуелі жұмыспен қамту орталығында тіркелуі тиіс. Тіркелген кезде «Еңбек» бағдарламасының қатысушысы болып есептеледі. Сосын барып жұмыспен қамту мақсатында бірқатар шаралар ұсынылатын болады. Атап айтсам, техникалық және кәсіптік білім беру тегін ұсынылады, сосын, қысқа мерзімді оқыту курстарында жаңа мамандық игеруге мүмкіндік беріп, жұмысқа орналасуға жағдай жасалады. Сондай-ақ оқу мерзімі 25 күндік «Бастау Бизнес» жобасында кәсіпкерлік негіздері мен бизнес дағдыларын үйренуге мүмкіндік бар. Жалпы биыл 42 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр. Жұмыс сұрай келген адамды қоғамдық, әлеуметтік жұмыстарға, жастар практикасына, сондай-ақ «Жұмыспен қамтудың жол картасы» нысандарына жібереміз.
  • Қоғамдық жұмыс туралы айтып беріңізші, жалақысы қанша?
  • Қоғамдық жұмыстар алдын ала кәсіптік даярлықты талап етпейді. Тек тұрғылықты мекенжайы бойынша жұмыспен қамту орталығына барып, өтініш жасауы керек. Әрине, білімін растайтын аттестат немесе диплом болса, көрсетуіне болады. Болмаса тек жеке куәлігімен барады. Қоғамдық жұмыстарда жұмыс істеу мерзімі бір жылдан аспайды. Жалақысы жұмыстың күрделілігіне қарай айына 50 мың теңге көлемінде болады. Негізгі жұмыс түрлері — елді мекендерді абаттандыру немесе мемлекеттік мекемелердің жұмыстарын жасау. Негізі, жұмыспен қамту орталықтарында 5 мың адамды қоғамдық жұмыспен қамту мүмкіндігі бар.  Жолдама алу үшін қазірден бастап жұмыспен қамту орталықтарына жүгінуге болады.
  • Жұмыссыз жастар үшін аймақта қандай жұмыс түрлері бар?
  • Биыл облыста 20 мыңнан астам жасты жұмыспен қамту жоспарланған. Атап айтсам, «Жастар практикасына» 2294 адам жіберілді, 600 адам әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылды, 1307 адам уақытша қоғамдық жұмысқа тартылды. Ал бос жұмыс орындарына 12 мыңнан астам адам тарту көзделіп отыр. Сондай-ақ «Жасыл ел» жасағына жұмыспен қамту орталықтары арқылы 1500 адам жұмысқа орналасады. Бұл мақсатқа облыстық трансферттер қаражатынан барлығы 100,0 миллион теңге бөлінді. Осы жылы «Жасыл ел» қатысушыларының жалақысын 60 мың теңге шегінде белгілеу ұсынылып отыр. Жалақы қоғамдық жұмыстарға қатысатын адамдардың банк картасының есепшоттарына аударылады. Сонымен қатар, жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 250 адамды «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқуға жіберу жоспарланып отыр. Осының нәтижесінде 140 адам өз ісін ашуға шағын несие алады, 160 адам 200 айлық есептік көрсеткішке дейінгі, яғни 88,9 миллион теңге көлемінде грант алатын болады.
  • Мемлекеттік гранттар туралы жақсы айттыңыз, солар қандай мақсаттарға беріледі?
  • Мемлекеттік гранттар бастапқы бизнесті іске асыру үшін өтеусіз және қайтарымсыз негізде беріледі. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант мөлшері — 200 айлық есептік көрсеткіш. Мұндай грантты алуға «Бастау Бизнес» жобасы бойынша немесе «Еңбек» бағдарламасының бірінші бағыты аясында оқыту курстарынан өткен, бұдан бұрын басқа мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде грант алмаған «Еңбек» бағдарламасының қатысушылары үміткер бола алады. Әсіресе табысы аз және көпбалалы отбасы мүшелері, еңбекке қабілетті мүгедектер және жастар грант аларда басым құқыққа ие болады. Биыл 763 адам 413,2 миллион теңге көлемінде грант алады. Қайтарымсыз берілетін мемлекеттік грант тек ашылатын жаңа кәсіпке қажет құралдар мен жабдықтарды, мал, құс сатып алуға ғана жұмсалуы тиіс. Мемлекеттік грант тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй мүлкін сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдерді өндіруге және жалдау ақысы ретінде берілмейді. Былтыр 1035 адамға жаңа бизнес-идеяларын жүзеге асыру үшін 497,3 миллион теңге көлемінде мемлекеттік грант берілді. Грантқа ие болғандар қажетті құрал-жабдықтарын сатып алып, өз кәсіптерін ашты.
  • Еңбек нарығында ешқандай еңбек өтілі жоқ, бірінші рет жұмыс іздеп жүрген жастардың жұмысқа орналасуы қиындық туғызатынын білеміз. Бұл тұрғыда не айтасыз?
  • Биылдан бастап жұмыспен қамту орталықтары «Еңбек» бағдарламасына қатысушы жастарды еңбек нарығындағы алғашқы жұмыс орнына бейімдеу мақсатында «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша жұмысқа орналастыруды ұйымдастырады. Аталған жоба бойынша жұмысқа орналастыру барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдарда алғаш рет жұмыс іздеп жүрген түлектер, 29 жастан аспаған, оның ішінде жұмыс тәжірибесі жоқ жастар арасында жүзеге асырылмақ. Жұмыс беруші халықты жұмыспен қамту орталығымен жасасқан шарт негізінде жоғарыдағы жоба бойынша «Еңбек» бағдарламасына қатысушыны кемінде 24 айға тұрақты жұмыс орнына жұмысқа орналастырады, бұл ретте жұмыспен қамту орталығы жұмыстың бірінші жылы үшін еңбекақыны субсидиялайды. Қаржыландыру жергілікті бюджеттердің есебінен, сондай-ақ еліміздің заңнамаларында тыйым салынбаған басқа да көздерден жүзеге асырылады. Субсидиялаудың бір айлық мөлшері — 20 айлық есептік көрсеткіш, яғни биыл бұл 53 025 теңгеге тең. Бұл мақсаттарға жалпы трансферттерден 159,0 мың теңге қарастырылды. Жұмыспен қамту орталықтары тек алғашқы жұмыс орнын іздеп жүрген жастарға ғана емес, зейнеткерлікке жетіп, жұмыс істеп жүргендер үшін де жоба қарастырыпты. Зейнет жасына жеткен жұмыс істеп жүрген жұмыскерді кейін ауыстырумен жұмысқа орналастыруға арналған жоба «Ұрпақтар келісімшарты» деп аталады. Бұл жоба бойынша жұмыс беруші жұмыспен қамту орталығымен жасасқан шарт негізінде «Еңбек» бағдарламасына қатысушыны кемінде 18 айға тұрақты жұмыс орнына жұмысқа орналастырады, бұл ретте жұмыспен қамту орталығы жұмыстың алты айы үшін еңбекақы төлеуді субсидиялайды. Субсидиялаудың бір айлық мөлшері мұнда да 20 айлық есептік көрсеткіш, яғни 53 025 теңгеге тең. Бұл мақсаттарға жалпы трансферттерден 77,9 мың теңге қарастырылып отыр.
  • Жұмыссыздардың көбі «соның қажеті қанша» деп, тіркеле бермейді. Осы орайда олар жұмыспен қамту орталықтарына жүгінген жағдайда қандай қызметтерге құқығы барын айтып берсеңіз…
  • Негізі, жұмыссыз адам тұрғылықты мекенжайы бойынша жергілікті жұмыспен қамту орталығына барып тіркелгені тиімді. Ең әуелі орталық лайықты жұмыс іздестіріп, жұмысқа орналасуға жәрдемдеседі. Яғни жұмыспен қамтуға көмектесудің белсенді шаралары жөніндегі көрсетілетін қызметті тегін ұсынады. Жұмыссыз адамға кәсіп түрін таңдау немесе өзгерту, әлеуметтік кәсіптік бағдарлау жөнінде тегін кеңес беріледі. Сондай-ақ жұмыссыз ресми тіркелген болса, еңбек нарығының бірыңғай деректер базасынан өзі туралы мәліметтерді тегін ала алады. Егер жұмыссыз адам міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болса, жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдер алуға, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырылуға, сонымен қатар Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Заңына сәйкес, атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар.

P.S. Халықты жұмыспен қамту орталықтарының есебіне сүйенсек, бүгінгі таңда облыс бойынша 6500 жұмыссыз тіркелген. Негізі, осы уақытқа дейін қаншама жұмыссыздың жоғарыда айтқан халықты жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысып, грант немесе несие алып, кәсіп ашып жатқандарын жазып жүрміз. Себебі орталықтар бизнестің әліппесін тек қана ресми жұмыссызға ғана тегін үйретеді, әрі бизнес-жоспарыңызды сәтті қорғап шықсаңыз, мемлекет қайтарымсыз грант ұсынады. Мемлекет ұсынып отырған осындай мүмкіндікті тиімді пайдалану үшін дәл қазір халықты жұмыспен қамту орталықтарына хабарласыңыз. Әр бағдарлама, әр жоба туралы кеңірек сол орталық мамандары айтып береді.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button