Жаңалықтар

Тиімді жобалар мен қайтарымсыз гранттар

Өңірімізде Еріктілер жылы аясында «Birgemiz: Asyl mura», «Birgemіz: Taza alem» жалпыұлттық жобаларына өтініштер қабылдануда. Жастардың бұл жобаға өз жұмыстарын ұсына отырып, қайтарымсыз негізде 300 мың теңге грант алуға мүмкіндіктері бар.

Бұл жобаларға 18 жастан асқан жастар, бастамашыл топтар немесе үкіметтік емес ұйым өкілдері қатыса алады. Қазіргі таңда облыс бойынша аталған екі жобаға 18 жас қатысуға өтініш білдірген. Бұл туралы облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы, аталған жобалардың өңірдегі үйлестірушісі Гүлнар Қабиева айтып берді.

  • Жалпы бұл екі жоба да биыл маусым-қазан айлары аралығында жүзеге асырылмақ. Жобаларды Қазақстан Республикасының Ақпараттық және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысымен «Азаматтардың бастамаларын қолдау» орталығы ұйымдастырып отыр.

Байқау аясында өздерінің волонтерлік бастамаларын жүзеге асыру үшін 300 мың теңге көлемінде шағын грантқа ие болатын 68 жеңімпаз анықталады.

Жобаларға жеке-жеке тоқталып өтетін болсақ: «Birgemiz: Asyl mura» жобасы —  тарихи-мәдени мұраны сақтаудағы нақты мәселелерді шешуге бағытталған азаматтардың жеке-дара бастамалары мен волонтерлік бастамаларды қолдауға бағытталған болуы тиіс. Археологиялық іздеу, ғылыми қалпына келтіру (реставрация) жұмыстарын жүргізу, тарихи-мәдени нысандарға мониторинг жүргізу, тарихи-мәдени орындарға волонтер-гидтер даярлау, тарихи-мәдени орындарды насихаттау, мәдени мұраны сақтау бойынша жұмыстар қабылданады. Бұл жастардың өз туған жерінің тарихын, мәдени орындарын тереңірек зерттеп, танып-білуге үлкен мүмкіндік деп ойлаймын, — дейді Гүлнар Қабиева.

Ал «Birgemiz:Taza Alem» жалпыұлттық жобасына экологиялық ағартушылық, аумақты көгалдандыру, өзендер мен ормандарды тазалау, жануарларды қорғау, экопатрульдерді дайындау бағыттары бойынша жұмыстар қабылданады.
Барлық өтініш берушілер Qazvolunteer.kz платформасына тіркелген болуы тиіс.
Гүлнар Қабиеваның айтуынша, Бүгінде біздің облыстан «Birgemiz: Asyl mura» жобасы бойынша — 11, «Birgemiz:Taza Alem» жобасына 7 жоба ұсынылған.

  • Біздің өңірдің жастарын осы жобаларға белсене атсалысуға шақырамыз. Жоба қорытындысы бойынша биыл қараша айында Павлодар облысы Баянауыл ауылында үш күндік республикалық эколагерь, сондай-ақ Жамбыл облысының Тараз қаласында форум ұйымдастыру жоспарланып отыр. Осы жобалар аясында белсенділік танытқан еріктілерге жолдамалар берілетін болады, — дейді ол.

Грант иегерлерін іріктеу биыл мамыр айының соңына дейін жүргізіледі. Іріктеудің аяқталуы туралы хабарландыру ұйымдастырушылардың ресми сайттарында (www.zhasulan.kz, www.qazvolunteer.kz), сонымен қатар жобаның әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында жарияланады.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button