Әдебиет

Қаламына дамыл бермеген…

Кітап көкжиегі

Облысымызға белгілі қаламгер-публицист Жанғабыл Қабақбаевтың биыл «Ақжар – АБК» баспа-полиграфиясынан «Ей, тәкаппар дүние, маған да бір қарашы» деген атаумен жарық көрген кітабында оқырмандарға ой салатын дүниелер мол екені бірден байқалады. Шағын жинаққа тұтас бір дәуірдің үні мен көріністерін сыйғызып жібергені автордың шеберлік шыңына көтеріле білгенінің белгісі деуге болады. Аталған баспа өнімі белгілі бір бөлім мен тарауға бөлінбесе де, оны оқып шыққандар мұндағы материалдар осы жүкті арқалап тұрғанын зерделей алады.

Айталық, аға әріптес беташар сөзін өмірден өткен әкесі мен анасына арнап, бұл тақырыптағы сыры мен толғанысын оқырманға бүкпесіз жайып салады. Әке –асқар тау, қамқоршы, ана өз мейірімі мен аялы алақанының жылуын дарыта білетін жан десек, бұл жазбалар кейінгі ұрпақ өкілдеріне де өз ықпалын тигізе алатыны анық.

Оның басты құндылығы да осында деуге болады. Сондай-ақ жетпістің жотасына шаршамай-шалдықпай, ентікпей желіп жетіп отырған арлы азамат, өнегелі отбасы иесі, қаламы жүрдек қаламгер өзі туып-өскен өлкесінің қоғамдық өміріне белсене араласып жүрген жанашыр жан жөнінде аға буын өкілдері, әріптестері мен замандастары әр жылдары төгілдіре жазған толғамдар да бір деммен, бір леппен оқылады. Тартымды дүние қай кезде жазылса да, жаңа жауған ақ қардай көздің жауын алып тұрмай ма?

Айталық, филология ғылымының докторы, Қазақстанның құрметті журналисі Серікқали Байменшин «Жазу мен жазмыш» деген мақаласында жинақ авторы жөнінде «қаламына дамыл бермеген Қабақбаев үнемі ат үстінде» деген жанды да бейнелі тіркесті саптап беріпті. Дәл айтылған. Бұл сөйлем әріптесіміздің бітім-болмысы мен анау-мынауға шаршап-шалдыға бермейтін шалт қасиетін дөп басқаны хақ. Сондықтан да есімі республикаға танымал ғалым-журналистің автор жөніндегі анықтамасын аттай қалап, бүгінгі рецензиямыздың тақырыбына шығарғанды жөн көрдік.

Қандай адам болмасын, қанша жерден институт, университет, тіпті академияны аяқтаса да, өмірде жөн, жол көрсететін тәлімі мен тағылымы мол адамдардың алдын көрмесе, олардың үлгі-өнегелерін алмаса, оның жақсы адам және жақсы маман болып қалыптаса қоюы екіталай. Шын мәнінде, мектеп деп дәл осындай жағдайда айтылса керек. Айталық, белгілі бір азаматтың атына: жаман жігіт емес, тек көрген мектебі жоқ деген сыңайдағы сипаттама берілетін болса, оның алдыңғы жақсы қырларын жуып-шайып кете алады екен.

Бұл тұрғыда Жанғабыл Қабақбаев бақытты азаматтардың бірі деуге әбден болады. Өйткені ол өзінің өмір жолы мен журналистік қызметінде аузымен құс тістеген дуалы ауыз, ісі мен сөзінің арасында алшақтық жоқ, ел ішіндегі абырой-беделі жоғары аға буын өкілдерінің қамқорлығын көріпті. Олардан үйреніпті. Ғұмырына жететін баға жетпес рухани нәр алыпты. Осы орайда өзінің жаңа жинағында автор ұстаз-тәлімгерлері, қазақ журналистикасының қабырғалы өкілдері, өңір баспасөзінің дамуына сүбелі үлесін қосқан майталмандар Тауман Төреханов пен Үбайдолла Жаулыбаевтың және Нұрхайыр Телеуовтің есімдерін айрықша ілтипатпен атайды.

«Ей, тәкаппар дүниенің…» бәсін өсіріп тұрған тағы бір тұс – оның бетінде жарияланған хаттар. Бұл тұрғыда Жақаң жеке мұрағатында сақталған замандас аға-апалары мен дос-құрбылары және тума-туысқандары жазған хаттарды іріктеп-сұрыптап, жинаққа енгізгенді жөн көріпті. Әйтсе де оның бірде-біріне түзету енгізбей, сол күйінде беріпті. Оның арасында қоғамдық ұйымдар мен еңбек ұжымдарынан келген хаттар да бар екен. Өйткені автордың өзі айтқандай әр хаттан дәуірдің үні мен оны жазған адамдардың бет-бейнесі, кішілігі мен кісілігі аңғарылып тұратыны рас емес пе?! Оның үстіне хаттар – әдебиеттегі эпистолярлық жанр ретінде белгілі бір әдеби зерттеу нысанына айнала алғаны да қаламгер қалауы мен шешімінің дұрыстығын көрсетеді.

Сондай-ақ Жанғабыл Жұмағалиұлының аталмыш жинақта жарияланған етек-жеңі жинақы, айналасы жұп-жұмыр сықақ әңгімелері де қалтарысы жоқ қазақы қалжың аясында өрбитін артық-кемі жоқ тұшымды дүниелер. Осы арқылы автордың қоғамымыздағы әзіл-сықақ пен шымшыма қармағына ілінуге лайықты жайттарды қапысыз байқап көре білетіні айқын аңғарылады. Сезімталдық пен түйсікшілдіктің қажет жері де осында екені кәміл.

Қаламгер адамдардың қарым-қатынасы мен үнқатысулары кезінде кездесіп қалатын кейбір оқыс қылықтары мен іс-әрекеттерді майдан қыл суырғандай шебер де ойнақы әзіл сөзбен жеткізіп, оқырманға ой тастай біледі. Тұтастай алғанда Жақаңның сын-сықақ, шымшыма текстес туындылары маңдайдан тарс еткізіп қойып қалмайды. Тек майда қоңыр, самал желдей беттерді желпіп қана өтеді. Сірә, оның бұл бағыттағы дүниелерінің басты өзгешелігі де осында деп ой түйсек, қателесе қоймаспыз.

Әр адамның елі мен жері алдындағы азаматтық парызы мен борышы болатыны, саналы азамат бойында күш-қуаты бар кезде оны өтеуге ұмтылатыны да табиғи жайт. Жаңа жинақта баян етілгендей, Жанғабыл Қабақбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бұрынғы Қарабұтақ ауданы халқымыздың біртуар ұлы, қайталанбас тарихи тұлға Әйтеке би ауданы болып атануына сүбелі үлесін қосқаны жоғарыда айтылғандай, оның азаматтық парызының өтелуі деп қабылдағанымыз жөн секілді.

Өйткені ол бұл кезде Әйтеке бидің кім болғаны, оның ел тарихындағы алатын орны жөніндегі кең ауқымды түсінік жұмыстарының бел ортасында болған екен. Әрі Ж.Қабақбаев бұл мәселе толық шешімін тапқаннан кейін Әйтеке бидің рухын ұлықтау жөніндегі ұйымдастыру шараларына да араласқан. Мұндағы басты мақсат пен ортақ міндет — жетпіс жыл тоталитарлық режимнің қыспағында болған ел-жұрттың рухын көтеру еді. «Ел тілегі орындалып, халық қалауы жоғары билік тарапынан қолдау тауып, ҚР Жоғары кеңесі төралқасының 1993 жылғы 4 мамырдағы қаулысы бойынша Қарабұтақ Әйтеке би ауданы деп аталды» деп жазады ол өз кітабында.

Оның бұл жаңа кітабы неге «Ей, тәкаппар дүние, маған да бір қарашы» деп аталған? Өзі ашылып айтпаса да біз бұл тұрғыда оның дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың поэзиясын қай кезде де биікке қоя білетінін аңғардық. Екіншіден, кітап авторы екінің бірі емес, шын мәнінде көңіл тоқтатып, қарауға тұратындай азамат, мерейі үстем әріптес екені де талас туғызбайды. Бұл Жанғабыл Қабақбаевтың ел-жұртпен және оқырмандармен үн қатысуы сипатындағы туынды деп тұжырымдасақ, автордың өз жинағына мұндай атау қоюының ешқандай сөкеттігі болмаса керек. Қалай дегенде де қаламгердің жаңа жинағы өз айтары бар, көркемдік деңгейі жоғары дүние деп білеміз.

Темір ҚҰСАЙЫН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button