Басты жаңалықтар

Азық-түлік, мал базарларының жұмысы жанданады

Бұл жөнінде облыс әкімі Оңдасын Оразалин облыстық  өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді. 

«Еліміз бұрын-соңды көрмеген төтенше жағдайды бастан  өткізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Үкімет тарапынан қажетті шаралар дер кезінде алынды. Жедел штаб жұмысы ұйымдастырылып, шұғыл әрекеттер жасалды. Облыста карантин жарияланып, бірқатар шектеулер қойылды. Біз облысқа сырттан келетін кіреберіс жолдармен қатар, ауданаралық шекараларға да блок-бекеттер қойдық. Ақтөбе қаласының ішін  секторларға бөліп, ондағы жүріс-тұрыстың барлығын қадағалауға алдық. Жоспарланып жасалған жұмыстардың нәтижесінде тұрғындарымыз азық-түліктен тапшылық көрген жоқ.  Күнделікті тұтынатын тауарлармен қамтамасыз ету де тұрақты бақылауда болды», — деді облыс әкімі.

Облыс бойынша бүгінгі күнге 282 науқас тіркеліп отыр. Оның ішінде

59 сырқат — шетелден келгендер.  Ал 223 адам науқастармен қарым-қатынаста болғандардан ауру жұқтырғандар. Осының ішінде 213 науқас жазылып шықты, ол жалпы көрсеткіштің 75%-ын құрайды. 69 науқас әлі де ем алып жатыр.

«Алдын алу шараларының нәтижесінде ел ішінде  індеттің жаппай таралуына жол бермедік. Шектеу шараларымен қатар, уақтылы жүргізілген залалсыздандыру жұмыстары оң нәтиже берді деп толық сеніммен айта аламыз. Жоспарға сай барлығы 1012 кереуеттік орын жасақталған. Оның 135-і инфекциялық, 270-і провизорлық, 607-і карантиндік мақсатқа бағытталған. Яғни індеттің осынша таралуы ықтимал деген болжам жасалған еді. Резервте 1735 кереуеттік, яғни 110 инфекциялық, 125 провизорлық, 1500 карантиндік орын сақталуда.  Бүгінгі күні облыс орталығында 4 зертхана жұмыс жасап тұр.  Солардың көмегімен 40 мыңдай полимеразалық тізбек реакциясы тест жүйесі,  14 мыңдай экспресс-тест алынды. Күніге 2000 адамға жуық зерттеу жүргізетін мүмкіндік бар»,— деп атап өтті облыс басшысы.

Әлемді жайлаған індетпен күрестің алғашқы кезеңі өткенімен, карантин жалғасуда. Өйткені, қауіп  толық сейіліп кеткен жоқ. Оның бірінші себебі, қауіпті індетті жоққа шығарып, санитарлық талаптарды толықтай сақтамау.

Екіншіден, төтенше жағдай тоқтап, карантиндік режимді босаңсыту шараларының  салдары.

Үшіншіден, тұрғындар арасындағы белсенді скрининг өткізу нәтижелері.Енді осы еңбекті жоққа шығарып алмау керек. Індеттің беті қайтқасын бірқатар мекемелер мен кәсіпорындарға жұмыстарын жалғастыруға мүмкіндік берілді.

Облыс әкімі 27 мамырдан бастап санитарлық талаптарға сай болған тағы да бірқатар кәсіпорындар мен мекемелерге рұқсат берілетінін айтты.

Атап айтар болсақ, біріншіден, азық-түлік базарларына, мал базарына, автокөлік базары мен құрылыс және киім-кешек сататын базарларға күндізгі сағат 10.00-денкешкі 17.00-ге дейін жұмыс жасауға рұқсат беріледі.

Екіншіден, отыз адамға дейін, еш көрерменсіз оқу-жаттығу процестерін өткізу үшін осындай режиммен спорттық нысандарға рұқсат етіледі. Үшіншіден, осындай режимде сауда үйлері мен орталықтары, дүкендер жұмыс істейтін болады.

Балабақшаларда таңғы сағат 8.00-ден кешкі 18.00-ге дейін кезекші топтың жұмыс жасауына да рұқсат беріледі. Азық-түлік жәрмеңкелері сағат 8.00-ден түскі 13.00-ге дейін жұмыс жасауға болады. Қоғамдық тамақтану нысандары үшін, сонымен қатар жаздық алаңдарға 50 адамға дейінгі шектеумен және әлеуметтік арақашықтықты сақтау шараларымен күндізгі сағат 10.00-ден кешкі 22.00-ге дейін рұқсат берілді. Бірақ туған күн, той, садақа сияқты топталып жиналатын шаралар өткізуге тыйым салынады. Сонымен қатар саябақтар мен скверлер, жағалаудағы нысандар көңіл көтеру шараларын өткізбей жұмыс жасай алады.

«Бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» деген ұран шынайы өмірдің шындығына айналуда. Әркімнің өзі үшін сақтанғаны — қоғамға қосқан зор үлесі.  Олай болса, осы талаптарды қатаң сақтайық. Өз  өміріміздің қауіпсіздігіне бекем болайық бәріміз»,— деп атап өтті облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button