Экономика

Егіншіліктің наны

Экономика

Фосфорит ұнтағы елімізде Ақтөбеде ғана өндіріледі

Елбасы жақындағы Ақтөбеге сапары кезінде мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру барысында қалыптасып отырған облыстың индустриялдық- инновациялық дамуымен жете танысты. Осы бағдарламаның аясында  аймақта бір триллион теңгеден астам қаржы құрайтын 84 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Тек үстіміздегі жылы жалпы көлемі 143,9 миллиард теңге құрайтын 43 инвестициялық жоба іске қосылады. Соның нәтижесінде 8 мың жұмыс орны ашылады.

Жыл басынан бері жалпы құны 54,7 миллиард теңге болатын 18 жаңа нысан пайдалануға берілді. Оның 13-і мемлекеттік индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша жүзеге асырылды. Мемлекет басшысы аймақта қолға алынып отырған әрбір жобаға қатты назар аударып, маңыз берді. Соның бірі Шиілісай кен көзі еді.

Қандыағаш қаласынан 20 шақырым жердегі бұл кен орны көпшілікке кеңестік заманнан белгілі. Бүкілодақтық комсомол-жастардың екпінді құрылысына айналған өндіріс тез аяқтанып, аз жылда бауырын жаза бастаған. Фосфорит кенін алатын ашық шахталар, байыту зауыттары жұмыс істеді. Өндірістің басында қоныстанушылар көбейді. Мұның Қандыағаш қаласының ұлғаюына да септігі мол тиіп еді. Алайда сексенінші жылдардың ортасына қарай кеңес экономикасының божырауымен байланысты жаңа өндірістің аяғы тұсала берді. Ал 1986 жылы жұмысын мүлде тоқтатты.

2008 жылы мұнда Ұлыбритания мен АҚШ-тан инвесторлар келді. «Сұңқар ресорсиз плс» (Sunkar resources) компаниясы мұнда фосфорит ұнтағын өндіретін химиялық кешен тұрғызуда. Бұл жерде пайдалы қазбадан алынған концентрат диірменнен өтіп, минералды тыңайтқыш ұнтағы әзірленеді. Ол ауыл шаруашылығына таптырмас қоспа. Бұл тыңайтқыш егіннің бітік шығуына сеп болып, өнімді бүгінгіден 40 пайызға арттыруға мүмкіндік береді. Серпінді жобалардың қатарындағы зауытты салуға 1 млрд. теңге жұмсалды. Келешекте кешен жылына 270 мың тонна фосфорит ұнтағын өндіруді жоспарлап отыр. Минералды тыңайтқыш ұнтағы кешен ішіне кіріп тұрған темір жол арқылы бірден вагондарға тиелуі де мүмкін. Сонымен бірге ол шағын қағаз қапшықтарға да түріледі.

Егіншіліктің наны болып саналатын фосфорит рудасы Мұғалжар мен Темір аудандарының шекараласқан тұсында мол. Ол 800 шаршы шақырым жерді алып жатыр. Бұл маңайдағы кен көздері осыдан 78 жыл бұрын зерттелген. Кейінгі жылдары мамандар тағы да барлау жұмыстарын жүргізген. Бұл аймақтағы кен қоры шамамен 50-60 жылға еркін жетеді деп болжап отыр.

Жаңа инвестор фосфорит кенін жер астынан алуды да, фосфорит кенін өндіретін кешенді де мүлде тың жерлерден салды. Бұрынғы кеңестік зауыттардың қалдығынан бұрау темір алған жоқ. Олай болатыны, шетелдік компания кенді мүлде жаңа технологиямен, осы заманғы әлемдік озық техникамен өндіріп, өңдейді. Жердің төменгі қабатынан ашық түрде пайдалы қазба алынғаннан кейін, жер қабаты қайта қалпына келтіріледі, құнарлылығына зиян тимейді.

Жердің қабаттарын алатын, пайдалы қазбаларды тасымалдайтын қуатты техникалар түгелдей шет елден әкелінген. Бірақ олардың құлағында отырған жергілікті кадрлар. Оларды шет ел компаниясы қаржы шығарып, алдын ала оқытып даярлаған. Соның бірі — 20 жыл бойы көлік жүргізуші болып еңбек еткен Жұмағұл Есенғарин. Ол үш жылдан бері автоматтандырылған жүк машинасын басқарып жүр. Жұмағұл шведтік көлікті жүргізудің  өз қиындығы барын жасырмайды. Мәскеу мен Алматыдан шақыртылған мамандар Шиілісай кен орнындағы жүргізушілерді екі ай бойы оқытыпты. Соның арқасында қазір 50-70 тонналап жүк көтеретін алып көліктерді жергілікті мамандар ұршықша үйіріп жүр, жұмыс тоқтаусыз жүріп жатыр. Беткі қабаты алынған кен орнын көрсетіп:

— Мына жерден кен өндіріледі. Оны көлікке тиеп, қоймаға тасимыз. Мен астымдағы осы 40 тонналық машинамен екі аралыққа күніне шамамен 85 мәрте қатынаймын, — дейді көлік операторы Жұмағали Есенғарин.

Жер қабатынан алынып жатқан өзіндік бөлек түсі бар фосфорит рудасының концентраты арнаулы диірмендерде уатылуға тиіс. Қазір диірмендер орнатылған, құрылыстың 90 пайызы аяқтала келген. Ресейден әкелінген бұл құрылғы сағатына 20 тонна шикізатты ұнтақтап бере алады. Кешен қараша айында іске қосылады.

Фосфорит ұнтағының кез келген өсімдіктің бой алып, мол өнім беруіне әсер ететінін бүгінде екінің бірі біледі. Мұны ғалымдар әлдеқашан зеттеп білген. Мәселен, жергілікті ғалым, агрохимик, топырақтанушы Тілекқабыл Ермекбаев біздің аймақтың топырағын құнарландыру үшін қай өңірге қанша минералдық тыңайтқыш қажеттігін есептеп шығарған. Ол фосфорит ұнтағының пайдалылығын айрықша атап көрсетеді. Бұл тыңайтқыштың ылғал сақтауда да артықшылықтары бар екен. Айталық, 1 центнер жаздық бидай дақылы көктемгі егіс кезінде тыңайтқышсыз 20,6 мм ылғал жұмсаса, фосфор тыңайтқышын пайдаланғанда 17,9 мм ғана ылғал кеткен. Демек, бұл тәуекелмен егіс салатын біздің өңірлер үшін биылғыдай қуаңшылық жылдары аса тиімді.

Шилісайдағы зауытта әзірге осындай егіншілік үшін пайдалы ұнтақ қана шығарылады. Уақыт өте өнім түрі көбейеді. Алдағы жылдары фосфор қышқылын химиялық зауытқа жіберу көзделіп отыр. Мұнда шығарылатын өнімдердің стратегиялық та маңызы бар. Жалпы, бір сөзбен айтқанда, өнім шығынды ақтайтын болса, диірмен кешені кеңейтіледі. Оның шаш-етектен пайда әкелетініне инвесторлар сенімді. Егер сенбесе, келмес еді. Өнімнің сапалы, арзан болуы да есте. Алда минералды тыңайтқыш шаруа қожалықтарына қолжетімді бағамен берілетін болады. Өнімді сыртқы рынокқа шығару да маңызды. Әзірге өзіміздің Солтүстік Қазақстан мен Ресейге экспорттау жоспарда тұр. Фосфор ұнтағына сұраныс жоғары болатын сыңайлы. Мамандардың мәлімдеуіне қарағанда, қазірдің өзінде диқандардан ұсыныс көптеп түсіп жатыр. Шилісай фосфорит ұнтағы дәнді дақыл егісінде ғана емес, майлы дақыл өсіруде де қолданылады.

«Сұңқар ресорсиз плс» компаниясының қаржылық директоры Дональд Синклердің әңгімесіне қарағанда, 2014 жылы компания химиялық кешенді терең өңдеудің бірінші кезегін іске қосады. Ал 2016 жылы, яғни кешен толық қуатында жұмыс жасаған кезде,  мұнда 2,5 миллионға дейін минералдық тыңайтқыштар шығарылатын болады.

— Сол кезде, өз өнімімізді тек қазақстандық аграрларға ғана емес, Қытайға, Ресейге және Украинаға шығаратын боламыз, —  дейді ол.

Бір қуанарлық жағдай, жаңа кен көзінде 170 адам жұмыс істейді, оның арасында бірде-бір шет ел маманы жоқ. Әрине, өндірістің толық қуатында жұмыс істеуімен байланысты жаңа жұмыс орындарының да молаятыны даусыз.

Қазірдің өзінде кен маңындағы ауылдарға қоныс аударушылар көбейген. Кеншілер жұмыс істейтін вахталық қалашықтың да сән-салтанаты артып келеді. Ол гүлмен, бау-бақшамен көмкерілген үлгілі мекенге айналуда. Онда жұмысшылардың жұмыстан кейін демалуына барлық жағдай жасалған.

Елбасы соңғы айларда аймақтарды аралаған жұмыс сапарында индустриялдық-инновциялық даму бағдарламасы бойынша салынып жатқан нысандарға ерекше мән берді. Оларды Қазақстанның ертеңгі болашағы деп атады. Бұлай жасамасақ, ертең әлемнің дамыған елдерінің тағы да артында қалып қоюымыз мүмкін деп ескертті. Әңгіме рынокқа шикізат емес, нақты дайын өнім шығаруда болып отыр. Шилісай кен орнындағы фосфорит ұнтағы Мемлекет басшысының осындай талабына толық жауап береді. Ол бүгін емес, ертеңімізге де керек. Елдің игілігі үшін қажет өнімдер шығаратын өндіріс орнының іргесінің қалануы тек облыс емес, күллі еліміз үшін зор қуаныш.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button