Басты жаңалықтарЭкономика

Облыс әкімі Мәртөк, Қарғалы аудандарын аралады

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Мәртөк ауданы Саржансай ауылындағы құрама–жем зауытында болды. Еліміз бойынша жалғыз әрі бірегей «Милкер» ЖШС мал азығын дайындау зауытының құрылысы 2020 жылы толық аяқталды. Қазіргі таңда іске қосу-жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жылына 12 000 тонна жем өндіруге мүмкіндігі бар зауыт іске қосылса облыста мал шаруашылығын кәсіп еткендер жем-шөптен таршылық көрмейді. Сондай-ақ дайын өнім шетелге экспортталады. Кәсіпорын одан өзге 1610 га жоңышқа, 150 га жүгері еккен.
Облыс басшысы ауылда жаңадан бой көтеріп жатқан шағын ауданның инфрақұрылым жұмыстарымен танысты. Қазір мұнда ауылішілік газ құбырларын жүргізу, электр желілері салынуда. Электр желісін жүргізуге 479,6 миллион теңге, газ құбырларын салуға 161 миллион теңге қаралған. Аталған жобаларды жүзеге асыру жұмыстарына жергілікті алпысқа жуық азамат тартылған. Инфрақұрылым биылғы жылдың тамыз, қыркүйек айында аяқталады.

 

Облыс әкімі «РадАгро» ЖШС, «Есбол» шаруа қожалығының жұмыстарын көрді.
Жем-шөп өсіру, мал шаруашылығы сияқты бірнеше бағытта жұмыс жасайтын «РадАгро» ЖШС ауылшаруашылық базасының жер көлемі 8800 га, 3200 га егістігі бар. Суармалы жер 860 га құрайды. 500 га жүгері және 360 га жоңышқа отырғызылған. «Жем-шөп дақылдарының суармалы учаскесі» инвестициялық жобасының жалпы құны 1,9 млрд  теңге. Нәтижесінде 19 мың тонна сүрлем және 2300 тонна жоңышқа жем-шөп алу жоспарланған.

«Есбол» ЖШС мал шаруашылығы және сүт өндірісімен айналысады. Кәсіпорында күніне сауылған 2 тонна сүт Ақтөбе қаласындағы тұтынушыларға жеткізіледі. Қожалықтың жалпы жер көлемі — 3311 га. Шаруа қожалығында 516 ірі қара, оның ішінде 181 бас аналық сиыр, 46 бас жылқы бар. Кәсіпкер жұмысын одан әрі ұлғайтуды көздейді. Осы тұста өңір басшысы аудандағы сүтті және етті бағыттағы ірі қара мал өсіру жұмыстарының жағдайын қарады. Алдағы жоспарлармен танысты.
«Облыста ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін кем дегенде 2,5 есеге дейін көтеру мақсаты алға қойылып отыр. Бұл үшін 2025 жылға дейінгі облыстың агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бағдарламасы қабылданды. Бағдарлама аясында құны 200 миллиард теңгені құрайтын 200 жобаны жүзеге асыру көзделген, осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру қажет», — деді облыс басшысы.
Құрмансай ауылдық округінде облыс әкімі егін және мал шаруашылығын қолға алған «Сұлтан» ЖШС жұмысын көрді. Қожалықта 1000 басқа арналған бордақылау алаңының құрылысы жүргізілуде. «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 70 миллион теңгеге Ресейден 85 асылтұқымды ірі қара малы сатып алынған. Қожалықтың 350 ірі қара мал, 300 аналық сиыр, 35 жылқы, 120 қойы бар.
Облыс басшысы «Экспоинжиниринг» ЖШС ильменит концентраты (негізгі өнім), рутил-цирконий өндіретін кәсіпорынның жұмысымен танысты.
Өткен жылы мұнда өнім көлемі 106 мың 500 тоннаны құрады.
Кентас өңдеу тәжірибелік құнарландыру қондырғысының жылдық қуаттылығы — 120 000 тонна. Өнім Ресей, Қытай елдеріне экспортталады. Мекемеде жергілікті 60 азамат жұмыс жасайды.
Сондай-ақ облыс әкімі Оңдасын Оразалин Қарғалы ауданындағы бірқатар ауылшаруашылық нысандарын аралады. «Әлем» шаруа қожалығының бау-бақша алқабын, балара өндіруші «Медовик» шаруа қожалығы, «Интер Агро» ЖШС егістік алқабының және көкөніс егумен айналысатын «Айшуақ» аралас бағыттағы шаруа қожалығы, «Дилэнд» егіс алқабының жұмыстарын қарады. «Әлем» ЖШС биыл 40 га алқапқа картоп отырғызуды жоспарлаған. Өткен жылы 80 гектар алқаптан 720 тонна бидай, 46 гектардан 1200 тоннаға жуық көкөніс жинаған.

«Медовик» шаруа қожалығы 2017 жылы облыстың ара өсіруші шаруаларымен бірігіп «Ақтөбе омарташылары» ауыл шаруашылығы кооперативін құрған.
Кооперативке 23 азамат тіркелген. 642 ара ұясы бар. Өткен жылы 3,5 тоннадан астам бал өнімін жинаған. Табиғи таза өнім Ақтөбе өңірінде сұранысқа ие.
«Интер Агро»ЖШС 2019 жылы 3800 га дәнді дақылдар егіп, әр гектардан 8,8 центнерден өнім алып, барлығы 3334 тонна өнім жинады. Серіктестік биыл 4 389 га алқапта егін салуды жоспарлаған. 2326 га бидай, 1955 га күнбағыс, 108 га мақсары егіледі.

«Айшуақ» ЖШС ауылшаруашылық жерінің көлемі — 1040 га. Өткен жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 800 ұсақ мал сатып алды. Одан бөлек шаруашылықта 40 жылқы мен 200-ге жуық шошқа бағылуда. Сондай-ақ, көкөніс пен аскөк өсіруге арналған жалпы алаңы 1 га болатын жылыжайды іске қосқан.
«Дилэнд» ЖШС «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 420 миллион теңгеге ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған. Биылғы маусымда 15 800 га бидай, 4 100 га арпа, 200 га тары,1 000 га зығыр, 500 га күнбағыс еккен. Шаруашылықта 96 адам жұмыс жасайды
Облыс басшысы Қосестек ауылында Ш.Балниязов, Д.Шампиев, Бірлік және Абай көшелерінің жолдарына жүргізіліп жатқан орташа жөндеу, 100 орынға арналған «Балауса» балабақшасының күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. 1992 жылы салынған ғимаратты күрделі жөндеу«Жұмыспен қамту жол картасы» аясында бөлінген 66,5 миллион теңгеге жүзеге асырылуда.
Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Мәртөк, Қарғалы аудандарының әкімдеріне жұмыс орындарын ашуға басымдық беруді, іске асырылып жатқан жұмыстардың уақтылы әрі сапалы аяқталуын қадағалауды тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
 

Басқа жаңалықтар

Back to top button