Жаңалықтар

Ақтөбедегі мейрамхана мен дәмханалар қалай жұмыс істейді?

Кеше облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева Ақтөбедегі мейрамхана және базар иелерімен кездесті. «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының ғимаратында ұйымдастырылған басқосуда карантин кезіндегі мәселелер талқыланды.

Жиында бірінші боп сөз алған өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова бірнеше күн бұрын еліміздің бас санитарлық дәрігерінің қаулысы шыққанын, соған сай өңірдегі кәсіпкерлік нысандарының жұмыс істеу тәртібі жарияланатынын атап өтті. Оның сөзінше, дүйсенбі күні жүргізілген арнайы тексеру шаралары барысында «Әнуар», «Сабыр» сияқты базарлардың дайындығы әлі де көңіл көншітпейтіні анықталған. Сондықтан базарлардың әкімшілігі санитарлық талаптарды толық орындауға құлықты болып, жауапкершілікті жете сезінуі керек. Сонда ғана оң өзгеріс болуы мүмкін.

— Кәсіпкерлердің барлық мәселелерімен таныспын. Және сіздердің жұмысыңыздың қайта жанданғанына мүдделімін. Бірақ пандемияға байланысты Ақтөбедегі  жағдайдың қандай екенін білесіздер. Елдегі бұған қатысты санайғақтар да әзірге көңіл қуантарлықтай емес. Бүгінгі ахуалды айтсам, облыста 279 адамнан коронавирус инфекциясы анықталып отыр. Сақтық шаралары толығымен орындалып жатыр. Соның әсері болар, өзге өңірлермен салыстырғанда жағдай бірқалыпты. Мұнда тәртіпке бағынған кәсіпкерлердің де үлесі бар.

Қазіргі таңда «Алтай» мен «Әлия», сондай-ақ Тұрғындар қалашығы шағын ауданындағы базарлардың азық-түлік сататын бөлігі жұмыс істеп тұр. Эпидемиологиялық жағдайды ескере келе, басқаларына әзірге рұқсат берген жоқпыз.

Қазіргі таңда облыс әкімдігі жанынан құрылған арнайы мониторингтік топ базарларды тексеріп жатыр. Солардың шешіміне сәйкес, егер барлығы талапқа сай болса, күшейтілген санитарлық талаптарды орындағандар жұмысын қайта бастайды. Яғни бәрі жоғарыда аталған топтың жауабына қарай болады. Ал қоғамдық тамақтану орындарына келсек, нысандардың 30 адамға дейін қабылдауына рұқсат бергеніміз белгілі. Енді мейрамхана мен дәмхана иелеріне де сонша орынға, яғни 30 адамға дейін қызмет көрсетуге мүмкіндік береміз. Бірақ бұл сағат 22.00-ге дейін аяқталуы керек. Нақты қай күннен бастап бұның жүзеге асатынын жақында хабарлаймыз, — деді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева.

Кездесуде «Қазақстанның қызмет саласы мен кәсіпорын сауда нарығының ассоциациясы» Ақтөбе филиалының заңды тұлғалар бірлестігінің директоры Дмитрий Довматенко, онлайн-байланыс арқылы кәсіпкерлердің өңірлік кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов сөз алып, жағдайға байланысты өз пікірін білдірді. Соңғысы дәл қазір сын сағаттың келіп жеткенін, сәл сабыр сақтау керектігін айтып, үйден бей-берекет шықпауға кеңес берді.

Сондай-ақ, басқа да кәсіпкерлер індетке байланысты қалыптасқан жағдайды түсінетінін, бірақ аз-аздап жұмыс істеуге мүмкіндік жасауды сұрады.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button