Басты бет » Денсаулық » Тағы алты адам індет жұқтырды

Тағы алты адам індет жұқтырды

Облыста індет жұқтырғандардың жалпы саны  278 науқасқа жетті. Оның ішінде 206 адам емделіп, үйіне шықты.

Соңғы тәулікте коронавирус жұқтырғандардың қатарына тағы алты адам қосылды. Олардың барлығы бұрын індетке шалдыққандармен байланыста болған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтың айтуынша, қазіргі таңда стационарда 72 науқас ем алып жатыр.

— Індетке шалдыққандардың отызы — бала, бүгінде оның он бесі жазылып, үйіне шықты. Жалпы ем алып жатқан науқастардың денсаулығы  қалыпты. Бір науқастың ғана жағдайы нашар. Жасанды тыныс алу аппараты арқылы демалуда. Ал коронавирусқа шалдығып  көз жұмған бір  адам коронавирустық инфекциядан қайтыс болған жоқ. Ол негізгі ауруының асқынуынан көз жұмды.  Коронавирустың белгілері байқалмаса да ауру анықталып жатыр. Алайда олар міндетті түрде оқшауланады. Жасырын кезінде ем тағайындалмауы мүмкін. Сондықтан дәрігерлер  консилиум арқылы шешеді, — деді басқарма басшысы.

Ал Ойыл мен Қандыағашта тіркелген адамдарда індеттің клиникалық белгілері білінбеген. Алғашқы тексеру кезінде вирустың бары анықталса, екінші тексеру нәтижесі теріс шыққан. Сондықтан басқарма басшысы әзірге науқастарға нақты диагноз қойылмағанын, әлі де тексерулер жүретінін айтты.

Кәмшат ҚОПАЕВА.