Жаңалықтар

Карантин кезінде суға түскендерге жауапкершілік қарастырылған

Сенбі күні тікелей эфирде облыстық ақпараттандыру және цифрландыру басқармасының басшысы Сергей Беккер мен облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Асқар Төлешев төтенше жағдай кезінде департамент пен басқарма тарапынан атқарылған жұмыстар туралы айтып берді.

Алдымен сөз алған Сергей Беккер төтенше жағдай кезінде блок-бекеттерден өту үшін берілетін рұқсатнаманы оңай әрі жылдам алу үшін «FSMinformKZ» қосымшасы іске қосылғанын, оны бүгінгі күнге дейін APPStore мен  PlayMarket арқылы 56 мыңнан астам адам жүктеп алғанын айтты. Сондай-ақ басқарма басшысы карантин кезінде көпшіліктің жұмысы қашықтан жалғасқанын тілге тиек етіп, интернет мәселесі бойынша да нақты жұмыстар жасалып жатқанын мәлімдеді.

Бүгінгі таңда  «Қазақтелеком» және «КаР-Тел» байланыс операторлары талшықты-оптикалық интернеттің құрылыс жұмыстарына кіріскенін, оның 1 желтоқсанға дейін аяқталып, жыл соңына дейін облыстағы 250-ден астам халық саны бар барлық елді мекенге жылдамдығы жоғары интернет жететінін айтты.

Ал өз кезегінде сөз алған Асқар Төлешев облыстың су тасқыны кезеңінен аман шыққанын, бүгінгі таңда департамент қызметкерлері өрт қаупі кезеңі мен суға шомылу маусымы жұмыстарына қызу кіріскенін хабарлады.

Ол 1 маусымнан бастап облыста суға шомылу кезеңі басталатындығын хабарлады.

 — Бұл бағытта да нақты жұмыстар жасалып жатыр. Бүгін тұрғындарға смс арқылы дабылды ескерту жіберілді. Алдағы аптада 35-39 градус аралығында ыстық күтілуде. Сондықтан тұрғындар суға шомылуға барулары мүмкін.  Бірақ карантин кезінде суға түсуге болмайтындығын ескертеміз. Бұл бойынша жауапкершілік қарастырылғанын да айта кетейік. Ал 1 маусымнан бастап суға түсуге бола ма, болмай ма, ол жөнінде де қосымша хабарланатын болады. Жалпы суға түсу маусымында облыс аумағында 58 жағажай ашылуы тиіс. Олардың 17-сі қала аумағында, қалғандары аудандарда жұмыс жасайды. Қазіргі таңда департамент қызметкерлері су айдындарын тексеріп, тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр, — деді Асқар Төлешев.

Жыл басынан бері департаментке өрт оқиғасы, өртке жатпайтын жану, авариялық құтқару, іздестіру және тағы басқа да жағдайлар бойынша мыңнан астам жағдай тіркелген. Жасалған жұмыстар нәтижесінде 1016 адам құтқарылса, 800-ден аса адам эвакуацияланған. Ішінде балалар да бар. Араларында жарақат алғандар да, ауруханаға жатқызылғандар да болды.

Облыстық ақпараттандыру және цифрландыру басқармасының басшысы Сергей Беккер мен облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Асқар Төлешев бағдарлама барысында әлеуметтік желілер арқылы көрермендер тарапынан қойылған барлық сұрақтарға жауап берді.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button