Жаңалықтар

Сатып алынған тауар кері қайтарыла ма?

«6 түрлі тауар кері қайтарылмайды. Дүкен сөресіндегі баға мен кассадағы бағада айырмашылық болса, дереу полицияға шағымдану керек». Бұл туралы  облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Жұмамұрат Алдашев облыстық телеарнадағы бағдарламада айтты. Бағдарламаға Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Гүлназ Сисенова да қатысты.

Өз сөзінде қала әкімінің орынбасары қазіргі жағдайдың қиындықтары туралы айтты.

  • Індет кері әсерін тигізіп жатыр. Бір жағынан кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, кейбір ставкаларымызды 0 пайызға дейін түсіріп, кейбір салық төлемдерін келесі айға жылжытқанмен, жоспарлы түсімдеріміздің азайып кетуіне әсер етуде. Дегенмен басқа да резервтерімізді көтеріп, сол арқылы бюджетке түсім түсіруді қарастырып жатырмыз, — деді Гүлназ Сисенова.

Тауарлардың қайтаруға болатын және болмайтын түрлері бар. Тұтынушы қандай тауарларды кері қайтара алмайды?

  • «Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» Заңға сәйкес, 6 түрлі тауар кері қайтарылмайды. Олар: дәрі-дәрмек, іш киім, шұлық, жануарлар мен өсімдіктерге арналған дүкендерде сатылатын жануарлар мен өсімдіктер, метрлеп сатылатын маталар, ұялы телефондар (алынғанға дейін ақау болмаса). Сондай-ақ, бұрын қолданылған киімдерді сататын дүкендегі киім-кешектер қайтарылмайды, — деді Жұмамұрат Алдашев.

Басқа тауар түрлерін 14 күннің ішінде қайтаруға болады. Дегенмен ол тауар пайдаланылып, бүлінбеуі тиіс.

«Кейбір дүкен сөрелеріндегі тауарлардың бағасы мен кассадағы баға екі түрлі болады. Мұндайда не істеу керек?» деп сұраушылар көп болды.

  • Мұндай жағдайда полицияға хабарласқан жөн. Сондай-ақ, мұны дәлелдейтін айғақтар болуы керек, — деді Ж.Алдашев.

Әлеуметтік төлемдер төлеу тәртібі, базарлар мен сауда үйлерінің қашан ашылатыны туралы сауал қоюшылар да көп болды. Сондай-ақ, тұрғындарға «7-20-25», «Бақытты отбасы», «Нұрлы жер» бағдарламалары бойынша тұрғын үй алу тәртібі түсіндірілді. Ақтөбе қаласында мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін пәтердің кезегінде  10 мыңнан астам адам кезекте тұр. Кезекте тұрушылар жалдамалы пәтерлерден бөлек, жоғарыда аталған мемлекеттік бағдарламалар негізінде пәтер алуларына мүмкіндіктері бар.  Қазір «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында №35 үй еңсе көтерді. Қазір аталған үйге инженерлік желілер тартылуда. Бұл үй әкімдікте кезекте тұрғандарға беріледі.

 

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button