Жаңалықтар

Ақтөбе : 100-ге жуық көше жөнделеді

Сенбі күні «Ақпараттық сағат» бағдарламасында Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бекболат Нұрашев пен «Aqtobe su-energy group» АҚ бас директорының орынбасары Тимур Бабанаев тікелей эфирге шығып, тұрғындар сауалына жауап берді.

Эфирге қоңырау шалғандардың дені жол мәселесін көтеріп, қалаға жақын жатқан елді мекен тұрғындары су мен электр желілерінің қашан өткізілетінін сұрады. Тұрғындардың бұл сауалдарына Бекболат Нұрашев:

— «Жұмыспен қамту жол картасына» сәйкес қаладағы 100-ге жуық көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Бүгінгі таңда мердігер мекемелер анықталып, бірқатар жұмыстарды бастап кеттік. Қазан айының соңына дейін аяқтайтын боламыз. Сонымен қатар қиыршық тас төсеу жұмыстарын да қолға алдық.

Ал су жүргізу жұмыстарына тоқталсақ, биыл алдымызда қала аумағындағы бірнеше елді мекенге ауызсу жүргізу жоспары тұр. Өткен жылы басталған екі жобамыз бойынша Заречный-1 мен Қарғалы елді мекендеріне су жүргізу кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады. Сонымен қатар биыл Ақшат елді мекеніне де су тартатын боламыз. Қазір мердігер мекеме анықталды. Жұмыстар мамыр айының аяғы мен маусым айының басында басталады. Сондай-ақ бүгінгі таңда Өлке, Жаңақоныс-2 елді мекендеріне су жүргізетін мердігер мекемені анықтау үшін конкурс жүргізіліп жатыр. Мердігерлер анықталса жұмыстар кешікпей басталады, — деп жауап берді.

Өз кезегінде сөз алған Тимур Бабанаев тұрғындарға «Aqtobe su-energy group» мекемесінің құзіреттілігі туралы ақпарат берді.  

— Қаңтар айынан бастап бұрынғы «Трансэнерго» мен «Ақбұлақ» мекемесі қайта ұйымдастыру жолымен қосылды. «Ақбұлақ» өзіне су, кәріз қызметімен қатар жылу қызметін де қосып алды. 9 сәуірден бастап мекеменің атауы өзгерді. Қазіргі таңда «Aqtobe su-energy group» деп аталады.

Төтенше жағдай кезінде біздің мекеме тұрғындар үшін тарифтерді 20 пайызға дейін төмендеткен болатын. 1 наурыздан бастап енгізілген бұл өзгерістер 31 мамырға дейін созылады. Яғни, осы уақыт аралығында тұрғындар тарифтерді 20 пайыздық жеңілдікпен төлейді, — деді «Aqtobe su-energy group» АҚ бас директорының орынбасары Тимур Бабанаев.

Эфир барысында коммуналдық төлемдер үшін беріліп жатқан 15 мың теңгенің кімдерге тиесілі екендігін сұрап хабарласқан тұрғындар да болды. Бұл сұраққа бұған дейін де бірнеше рет тиісті мекемелер тарапынан жауап болғандығын айтқан Бекболат Нұрашев келесідей мәлімдеді:

— Бұл төлемдер 7 санат бойынша төленетін болады. Атап айтсақ, олардың қатарында Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оған теңестірілгендер, 1,2,3-топ мүгедектері, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар,көпбалалы, сонымен қатар атаулы көмек алатын отбасылар мен ең төменгі зейнетақы алатын зейнеткерлер және мемлекеттік қызмет бабын орындау барысында апатқа ұшыраған азаматтардың отбасылары алады. Бүгінгі таңда қала бойынша осы сұрақтарға нақты жауап беретін сall-орталық бар. Кез келген тұрғын коммуналдық төлемдерге қатысты сұрақтары бойынша хабарласып, мағлұмат ала алады. Бүгінгі күнге дейін 10 мыңнан астам өтінім түсті. Қазір өңделіп жатыр. Келесі аптада ақшалары жеке шоттарына аударылатын болады.

Тікелей эфир барысында Заречный-2 елді мекенінің Восточный көшесінде тұратын тұрғын ескі үйлерде су мен кәріз жүйесі жоқтығын айтып хабарласты.

— Биыл жоспарға сәйкес, бұл жұмыстарды іске асыратын боламыз. Су тартылып, кәріз жүйесі жүргізіледі. Сонымен қатар асфальт жабындысы төселетін болады. Аталған жағдаймен таныспыз, бұл мәселелер бойынша бұған дейін де бірнеше тұрғын хабарласты, — деді бөлім басшысы.

Ал Маржанбұлақ ауылының тұрғыны ауыл көшесіне трасса салу жоспарланғанын, бірақ, жұмыстардың тоқтап қалғанын айтып қоңырау шалды. Бөлім басшысы бұл сұрақтың Алға ауданының әкімдігіне қарасты екенін айтты.

Тікелей эфир барысында бұдан өзге де көптеген сұрақтар қойылды. Барлық хабарласқан тұрғындардың сұрағына нақты жауаптар берілді.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button