Мәдениет

«Димаш өз өнерімен әлемге махаббат дәуірінің келгенін жария етті»,— дейді атақты музыкант Мұрат Рена.

Ол жақында Ақтөбе өңіріне келуді жоспарлап отыр. Мұрат Рена — П.Чайковский атындағы Мәскеу консерваториясының түлегі, тамаша музыкант және ең күрделі екі аспап — фортепиано мен скрипкада керемет өнер көрсететін әлемдегі жалғыз жеке орындаушы-виртуоз. Отыз жылдан астам уақыт Еуропада тұратын, өзі кәсіби музыкант әрі философ, бұл атақты адам Димаш Құдайберген феноменіне қызығып, оның жанкүйеріне айналды.

Орындаушы-аспапшы ретінде Мұрат Рена кәсіби дамумен қатар, рухани дамудың да ұзақ жолынан өтті. Ол философиядан басқа экономика, саясат, метафизика салаларында өз білімін жетілдірген. Мұрат Рена қазақ елінің даңқты әншісімен қалай танысқаны жөніндегі өз естелігін жеткізді.

«Бұл осыдан екі жыл бұрын болған еді, — деп баяндайды ол, — «Любовь уставших лебедей» әні орындалды. Димаш әнді тыңдаған жанды ерекше таңқалдыра, еш мінсіз, тамаша орындады. Ең бірінші нотадан бастап,соңғы нотаға дейін бәрі керемет. Және ең таңқаларлығы — әнді айтып тұрған жас жігіттің соншалық шынайылығы еді, мені шексіз қуантқан да осы болды.

Ән де өте тамаша. Жоғары кәсібилікпен керемет өңделген, шарықтау шегінде тіпті валторна әуендері де үйлесімді шыққан. Игорь Крутой рояль аспабында өте нәзік ойнайды, қарап тұрсаң, бір ғана саусақпен ойнауға болатын кәдуілгі ноталар, бірақ ол бұл ноталарды өте әдемі және талғаммен жеткізеді».

Бұл С.Рахманиновты еске түсірді. Көптеген пианисттер әлі күнге дейін оны қайталанбас тұлға деп есептейді. Ол өнер көрсеткенде орындау ерекшелігінде әрдайым сазгерлік ой-талғам мен сазгерлік өзіндік тәсілі байқалатын. Рахманинов досына жазған хатында: «Мен ойнағанда, ең маңыздысы шығарманың құрылымы мен көлемі деп  білемін. Музыканы шарықтау шегі арқылы дамытып, соған қайта оралуым керек… Концертте ең бастысы — шарықтау шегі, егер оны шығара алмасам, онда мен мақсатым жүзеге аспады деп санаймын» деген.

Мұрат Димаштың орындауында, сөзсіз, сазгерлік талғамнан туындаған керемет үйлесім барын байқағанын атап өтті. Сонда бұл кімнің еңбегі болды екен? Игорь Крутойдың ба, әлде әншінің бе? Кейін үйде болған кезінде Димашты тағы да тыңдады. Бұрынғы әндерін, «Сингер» байқауындағы өнерін қарай отырып, Димаштың аккордтарға, модуляция үйлесімділігіне қатысты тәсілдерінде едәуір ерекшеліктер бар екенін байқады. Соның арқасында Димаш Қытайды, тіпті әлемнің үздік кәсіби мамандарының өзін тамсандырған әнші ретінде жарқ ете қалды деп санайды. Атақты Мұрат Ренаны Димаштың шығармашылығына жанкүйер болуға әкелген қандай нәрсе деген сұраққа ол: «Қазіргі таңда тамаша техникасымен, тіпті ең қиын деген пассаждарды жеңіл әрі керемет ойнайтын артистер көп, бірақ рухтанып және рух бере орындайтындар көп емес, оларды тіпті бір ғана қолдың саусағымен санап шығуға болар еді», — деп жауап берді. Сол аз ғана таланттың ішінде Димаштың орны айрықша деп, оны өзгелерден жоғары қояды. «Мен оны ең биік тұғырға қойдым. Барлығына көрсетіп, айтып жүремін. Ал нағыз кәсіпқой маман әріптестеріме айтарым, Димаш қалай жұмыс істейді, біз дәл соған ұмтылуымыз керек» — дейді.

Мұрат одан әрі әңгімесін былай жалғайды: «Біз бәріміз, соның ішінде мен де, оған қарап бой түзеуіміз керек. Өйткені ол өзінің өнерімен, ең алдымен —шынайы сезімді, махаббатты паш етуші. 2017 жылы Қытайда Димаш өзінің өнерімен күллі әлемге махаббат дәуірінің келгенін жария етті. Оның әнші ретіндегі махаббаты бәрінен көрінеді: әр сөйлемінен, сөзінен, іс-қимылынан…».

Мұраттың пікірінше, Димаш ең жоғары деңгейге қол жеткізе тұра, сол деңгейінде тоқтап қалмай, өзінің кәсіби шеберлігін басты мақсаты — махаббатты паш етуге бағыттайды, соған жұмсайды. Оның ұлылығы мен миссиясы осында ұштасады. Димаштың әлемдік ауқымда өз миссиясын орындап жүргеніне көз жеткізу үшін, тек dearsтердің оның әр бейнесінің астына жазатын пікірлерін оқып шығу да жеткілікті. Әртүрлі тілде жазылған пікірлер барлық құрлықтардағы адамдардың Димаштың ән арқылы нені жолдайтынын түсінетінін, қабылдайтынын көрсетеді, және де сіз олардың әрқайсысы өзін Мейірімділік пен Махаббатқа толы күшімен баурайтын Димаштың пайда болуын қалай аңсап күткенін де көре аласыз. Осыған орай Мұрат былай түйіндейді: «Димаштың барлық вокалдық тәсілдері — оның визиттік картасы ғана, ал оның нағыз жолдауы басқа, бұл — махаббат дер едім».

Жақын арада Мұрат Рена Ақтөбеге келмек. 20 жылдан астам уақыт ішінде әлемнің әйгілі суретшілері мен танымал артистерін тарта отырып, ол әртүрлі елдерде қайырымдылық пен мәдениет саласында тәжірибе алмасуға бағытталған әмбебап жобаларын жүзеге асырып келеді. Қазақстандық скрипкашы әрі дирижер Марат Бисенғалиев, Қырғызстан елінің суретшісі Юристенбек Шыгаев, Өзбекстанның пианисі Владимир Султанов және басқа да көптеген тұлғалар халықаралық аренада өз елдерінің мәдениетін таныстырып, осы қайырымдылық жобаларына лайықты үлес қосты.

Оның жобаларына, сондай-ақ әлемге әйгілі Гидон Кремер, Кшиштоф Пендерецкий, Йорг Фаербер, Аркадий Володось, өзге де жұлдыздар қатысты.

Мұрат Рена: «Мен «Шексіз әуен» атты келесі қайырымдылық жобамның Димаштың отанында іске асырылуын қалаймын, бұл қазақстандық жұлдыздардың атын шығарып қана қоймай, сонымен қатар әлемдік жұлдыздарды Қазақстанға тарту үшін де маңызды қадам болады. Жоба жоғары деңгейдегі концерттермен қатар, мәдени ұйымдарға қайырымдылық акцияларына, нақты әлеуметтік көмекке, музыкалық мектептерде танымал музыканттармен шеберлік сабақтарын өткізуге, мәдениет саласында Еуропа және Америка елдерімен тәжірибе алмасуға кең жол ашады» — дейді. Соның ішінде ол бірінші сапарында Ақтөбеде болып, қаланың шығармашылық топтарымен танысып, Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінде шеберлік сабақтарын өткізгісі келеді. Атақты артист Димашты, оның отбасы мен қала тұрғындарын, әрине, барлық dearsтерді өз концертіне шақыратынын жеткізді.

Жалғас ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,

Қазанғап атындағы балалар

өнер мектебінің директоры.

Басқа жаңалықтар

Back to top button