Жаңалықтар

Қауіпті індет Ойылға да жетті

Тікелей эфир

Кеше Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев,облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қанат Әлиев тікелей эфирде облыс тұрғындарының сауалдарына жауап берді.

Тікелей эфирде алдыменоблыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев облыстағы эпидемиологиялық ахуалға тоқталып өтті.

Қазіргі таңда өңірде эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Соңғы тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған  бес жағдай тіркелді. Жалпы облыс бойынша бүгінге дейін 250 адамнан коронавирус инфекциясы  анықталды. Оның 187-сі емделіп, үйлеріне шықса, қазір стационарларда 63 науқас ем алып жатыр. Аталған 250 науқастың 17-сі —  балалар. Бүгінге дейін он бала емделіп, үйлеріне шықты. Ал 63 науқастың ішінде қазір екеуінің жағдайы ауыр, оларға кешенді ем жүргізіліп жатыр.

Жалпы облыста атқарылып жатқан шектеулер мен іс-шараларға қарамастан, әлде де тұрғындар арасында індет жұқтырғандар анықталуда. Алдағы уақытта коронавирусинфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында қалаға сырттан келушілер мен науқастармен байланыста болған адамдарға жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргіземіз. Соңғы тіркелген бес науқастың біреуі — Ресейден келген Түркістан облысының тұрғыны болса, төртеуі — бұрын корноавирус  инфекциясымен ауырған адамдармен байланыста болған азаматтар, — деді ол.

Ал Қанат Әлиевтің айтуынша, қазіргі таңда облыста 19 блок-бекет жұмыс жасап тұр, олар қала аумағында 6 бағыт бойынша орналасқан. Қауіптің сейілмеуіне байланысты бүгінгі күні барлық блок-бекеттерде талап күшейіп, тексеру жұмыстары жүргізілуде.

Блок-бекеттерді ашу әзірге жоспарда жоқ. Бұл мәселе алдағы уақытта облыс әкімдігі жанындағы жедел штабта қаралатын болады.

Қазіргі таңда қала мен аудандар арасына рұқсат қағазы арқылы қатынап жатқан жолаушылар блок-бекеттер аумағында тест тапсыруда. Блок-бекеттерде әскерилер мен санитарлық дәрігерлер күні-түні жұмыс жасап жатыр, — деді облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары.

Тікелей эфирде тұрғындар облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысынан Ақтөбе қаласындағы №6655 әскери бөлімі қызметкерлері арасынан коронавирус инфекциясынжұқтырғандар анықталғандығы туралы ақпараттың рас-өтірігін сұрады.

— Облыста коронавирус инфекциясына қарсы жұмыс жасап жатқандар арасында дәрігерлермен қатар полиция және әскери қызметкерлер бар. Қазіргі таңда әскерилер арасында індет жұқтырғандар анықталып отыр. Алайда олардың санын нақты айта алмаймыз, — деді Ә.Қалиев.

Сондай-ақ басқарма басшысы Ойыл ауданында бір тұрғыннан қауіпті індет анықталғанын атап өтті.

Бұл жағдай бойынша тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аудан тұрғыны ешқайда бармаған, алайдаоның отбасы мүшелері, не жора-жолдастары науқастармен байланыста болған адамдардан жұқтыруы мүмкін деген күдік бар. Қазір олармен байланыста болған барлық тұрғындар тексеріліп жатыр, — деді Ә.Қалиев.

Бұдан кейін тікелей эфирде Мәскеу ауданы Крылов көшесінің тұрғыны қала әкімінен аталған көшенің жолдары қашан жөнделетінін сұрады.

Биыл қала аумағында97 көшегекүрделі және орташа жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Сондай-ақ қосымша бірқатар көшелерге ескі асфальт жабындысын төсеп, қалпына келтіру жұмыстарын да іске асыратын боламыз, — деді А.Шахаров.

Тікелей эфир барысында тұрғындар тарапынан облыста тіркелген әйел өліміне байланысты сауалдар да қойылды. Оған Әсет Қалиев жауап берді:

— Кеше инфекциялық стационарға жатқызылған әйелдің қайтыс болғаны рас. Науқас инфекцияны анықтау үшін тексеру жүргізуге стационарға бір тәулік бұрын жатқызылған. Ол бұрыннан бері жүрек-қан тамырлары ауруымен диспансерлік есепте тұрған. Әйелдің кенеттен палатада жағдайы ауырлап, нәтижесінде жүрек-қан тамырлары қызметі жұмысын тоқтатып, соңы өлімге әкелді. Бұл жағдайдың инфекцияға қатысы жоқ. Дегенмен әйелдің өліміне коронавирусинфекциясы әсер етті ме, жоқ па, оны алдағы уақытта арнайы комиссия анықтайтын болады.

Айта кету керек, тікелей эфирде қала әкімі мен басқарма басшылары тұрғындардың жол жөндеу, көшелерді жарықтандыру, рұқсат қағазын алу, т.б. сауалдарына жауап берді.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button