Білім

Балдырған

Қанатты дос

Ақ шағала

Әр құстың өз ерекшелігі бар. Олардың бірі жылы жақты мекен етсе, кейбіреулері орман-тауда тіршілік етеді. Ал біз сөз еткелі отырған ақ шағаланың өмірі сумен тығыз байланысты. Үлкен топ құрап теңіз жағасында ұя салатын және қорегін сол жерден табатын ақ шағала күні бойы дауыс шығарып шаңқылдаудан танбайды. Қызығы, олар дауыстау арқылы өз тобына белгі береді екен.

Сәуір айының басында ақ шағала жұмыртқа салады. Олардың жұмыртқалары көлемді келеді. Ұзындығы – 75, ені – 50 миллиметр. Кейбірінің салмағы 90 грамға жетеді. Қызығы, аталық және аналық ақ шағалалар жұмыртқаларын кезектесіп күтеді екен. Өйткені ұясынан сәл көз жазып қалса, көршілес шағалалар бөгде жұмыртқаларды жеп қоятын көрінеді.

Шағаланың балапаны өмірге 25 күннен кейін келеді. Олар дүниеге епті және көздері ашық болып туады. Алғашында қозғалыссыз жататын балапандар 2-3 күннен кейін аса қатты шапшаңдыққа ие болады. Үйренісе келе ұясынан ұшып, суға да жүзеді екен. Тіпті, бір аптадан соң балық аулауды да үйренеді. Алайда ақ шағалалар балапандарын әбден қатайғанша қамқорлығына алады.

Жасыл әлем

Таушөп

Таушөп (тимьян ползучий) – сұлама сабақты, хош иісті, аласа бұта.  Бұтақшалары көп әрі жіңішке келеді. Кейде бұл шөпті жебір, жебіршөп деп те айтады. Жапырақтары ұсақ, жұмыртқа пішіндес, бұтақшаларының өн бойын басып тұрады. Гүлі майда, қызғылт түсті, бұтақшаларының басына шоғырланып бітеді. Маусым-шілде айында гүлдейді.

Ұлттық киім

Күпі

Күпі – ертеден келе жатқан ежелгі киім. Көбіне суыққа киетін бұл киімді  түйе мен қойдың жабағысын іш жағына қаратып, сыртын матамен тыстап тігеді.

Ертеде кедейлер қой жабағысын қол тоқымамен қаптап тіккен шидем күпіні киген. Ал ауқатты тұратын байлар жағы жабағыны қымбат матамен тыстап, жағасына құндыз салып тіктіріп киген. Әйелдер киетін күпі ашық матадан, жағасы кестеленіп, жеңіне құндыз салынып тігіліпті.

Оқушының өлеңі

Әріптердің сыры

Ә – Әсем айнаға қарайды,

Әдемілеп шашын тарайды.

Ғ – Ғанидың зор таңдауы,

Ғалым болу – арманы.

Қ – Қылқаламды алайын,

Қызықты сурет салайын.

Ң – Ң-нан өлең бастаған,

«Ңөң», – деп жазды Оспанхан.

Ө – Өркенің өссін, қарағым,

Өшпесін мәңгі талабың.

Ұ – Ұя жаса тақтайдан,

Ұяласын көп торғай.

Ү – Үйреніп түрлі ілімді,

Үйретемін інімді.

І – Ілімнің мол берері,

Ізденген жандар біледі.

Һ – һ-дан сөздер жазсаңыз,

Тың жаңалық ашсаңыз.

Әдеби тілдік қорына

Жаңа сөздер қоссаңыз.

Әріптерді сөйлеткен Райымбек МЫРЗАБЕКОВ,

А.Жұбанов атындағы орта мектептің

4-сынып оқушысы.

Мұғалжар ауданы.

Ақтөбе – 140

Менің қалам

Ақтөбе – менің туған өлкем. Ауасы таза, суы мөлдір туған қаламды мен қатты жақсы көремін. Біздің қаламыз еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында үлкен рольге ие, Батыс Қазақстан аймағының ірі орталығы. Қалада көптеген зауыттар мен өнеркәсіптер бар. Қара металлургия, химия өнеркәсібі, құрылыс және металл өңдеу кәсіпорындары, т.б. жұмыс орындарында көптеген адамдар жұмыс істейді.

Қаламыздың бас көшесі – Әбілқайыр хан даңғылы. Облыс әкімдігі үйі алдында Әбілқайыр хан ескерткіші орнатылған. «Қазақтелеком», Орталық саябақ, «Нұр Ғасыр» Орталық мешіті, Оқушылар сарайы, «Нұрдәулет» сауда үйі де қаламызға өзгеше көрік беріп тұр. Әсіресе, түнгі Ақтөбенің сұлулығын айтып жеткізу қиын…

Ақтөбе – батырлардың мекені. Бұған әр көшеде орналасқан ескерткіштер куә. Айталық, батыр апамыз Әлия Молдағұлова, ғарышкер-ұшқыш В.Пацаев, тары атасы Шығанақ Берсиев, Әйтеке би, Мөңке би және Ә. Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясына арналған ескерткіштер қаламызға сән беріп тұр. Жаңа үлгіде  салынған көп қатарлы тұрғын үйлер, ғимараттар да көріктілігімен көз тартады. Мен қаламның құлпырған табиғатына, жасыл желектеріне, көркем сұлулығына қызығамын.

Ақтөбе 140 жасқа толса да, ол – біз үшін ең жас әрі ең көрікті қала.

Сарбиназ НҰРЫМОВА,

№18 орта мектептің

5-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Қызықты оқиға

…Шашымды қиып тастапты

Жаз мезгілі болатын. Түс кезінде мен ұйықтап жатқам. Үйдегі ерке інім ұйқымның қаттылығын пайдаланып, шашымды қиып тастапты. Ештеңе сезбестен  ұйықтағаным соншалық, інімнің шашымды ұстағанын да білмеппін.

Ұйқыдан тұрған соң, әдеттегідей шашымды тарасам, басымның қақ ортасынан ойып қиып тастапты. Не күлерімді, не жыларымды білмедім… Сол күннен бастап шашым өскенше кепкамды басымнан тастамай жүрдім.

Хадиша ЖАРЫЛҚАСЫН,

№32 Ақтөбе мектеп-гимназиясының

6-сынып оқушысы.

Әзірлеген Айгүл ЖҰБАНЫШ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button