Басты бет » Мәдениет » Мәдениет қызметкерлері марапатталды

Мәдениет қызметкерлері марапатталды

Атаулы күн

Ақтөбедегі Өнер орталығының кіреберісінде Мәдениет және өнер қызметкерлерінің төл мерекесіне орай салтанатты жиын өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет және қаламыздағы карантинге байланысты мереке иелерінің бір тобы ғана қатысты.

Өңірдегі 481 мәдениет және өнер мекемесінде 3 мыңнан астам қызметкер жұмыс істеп жүр. Оның ішінде 30-ы — «Мәдениет саласының үздігі», мемлекеттік марапаттарға ие болғандар — 25.  Мәдениет және өнер қызметкерлері жыл сайын 20 мыңнан астам мәдени шара ұйымдастырып, өткізеді.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің қолдауымен 2019-2021 жылдарға «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» жобасы бойынша жоспар бекітіліп, қомақты қаражат бөлінді. Жоспарға сәйкес, облыс аумағындағы этнографиялық, археологиялық ескерткіштерді зерттеу жұмыстары жүргізіліп, былтыр Темір ауданы Тасқопа ауылдық округінің маңындағы археологиялық қазба кезінде Қособа қорымынан еліміздің ең үлкен олжасы, аса құнды тарихи жәдігер — алтын адам қорғаны табылды.

Облыстағы театрлар мен облыстық Ғ.Жұбанова атындағы филармония ұжымдары шетелдерге гастрольдік сапарларға барып, қазақ мәдениеті мен өнерін кең көлемде насихаттауда және республикалық дәстүрлі «Жұбановтар әуені» фестивалі, қуыршақ театрларының «Ассалаумағалейкүм» халықаралық фестивалі, балаларға арналған «Бақытты бала» фестивалі Ақтөбенің брендіне айналды. Халық шығармашылығының барлық түрлері мен жанрларын дамытуға байланысты заманауи тұрғыда жан-жақты жұмыстар жүргізу нәтижесінде «Ер Едіге», «Қарасай-Қази»,«Қырымның қырық батыры» қаһармандық жыр-дастандарының альбомдары мен аудиожазба жинағы шығарылды.

Жыл сайын ауыл клубтарының құрылыстары жүргізілуде. Өткен жылы Ырғыз, Ойыл, Шалқар аудандарында 150 көрермен орынға арналған ауылдық клубтары пайдалануға берілді. Биыл жұмыспен қамтудың жол картасы аясында облыстық халық шығармашылығы орталығының, Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының, облыстық архивтің ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Мәртөк, Қобда аудандарында Сарыжансай, Терісаққан ауылдық клубтары салынып жатыр.

Облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет мәдениет және өнер қызметкерлерін облыс әкімі атынан кәсіби мерекелерімен құттықтады. Одан соң облыс мәдениеті мен өнерінің дамуына, өркендеуіне елеулі үлес қосып жүрген мәдениет қызметкерлерін марапаттау рәсіміне кірісті. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін Ойыл аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының орынбасары Шамшырақ Жоламановаға, Қобда аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Жұмағұловаға, Сары Батақұлы атындағы Шалқар аудандық Мәдениет үйінің режиссері Айгүл Муытоваға, облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Ләйлә Омароваға және облыстық мемлекеттік архивтің директоры Марат Төлебайға тапсырды. Одан соң Т.Ахтанов атындағы драма театрының актері Нұрсұлтан Айтқалиев, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мейрам Дүйсенғали, С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры Бақтылы Қошабаева, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Айнагүл Мөңкебаева және Т.Ахтанов атындағы драма театрының режиссері Мейрам Хабибуллиндерге ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамотасын табыстады. Сондай-ақ ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Алғыс хатына тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының директоры Фархад Досмұратов, Байғанин аудандық музейінің директоры Ләззат Жаулина, Т.Ахтанов атындағы драма театрының бас есепшісі Эльмира Никтаева, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның әншісі Әлібек Ынтағали ие болды. Сонымен қатар Мейрамбек Шермағанбет Байғанин аудандық  мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Роза Айтжановаға, Т.Ахтанов атындағы драма театрының көркемдік жетекшісі Нұрлан Бөкеновке, облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Арман Ержановқа, облыстық «Алақай» қуыршақ театрының актері Гауһар Оралбайға облыс әкімінің Алғыс хаты мен бағалы сыйлығын тапсырды. «Достық сазы» фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен Нұрлан Әбдібеков пен Динара Шынарбаева әннен шашу шашты. Облыстық мәдениет басқармасы жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрлыбек Қалауов шараға қатысушыларды төл мерекелерімен құттықтап, Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры қазақ труппасының актері Мағзұм Бақытжановқа, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның ардагері Қайырғали Қожанбаевқа, облыстық зағиптар мен көзі нашар көретіндерге арналған арнаулы кітапхананың ардагері Наталья Мальцеваға, облыстық «Алақай» қуыршақ театрының бутафория цехының меңгерушісі Варвара Табачковаға және облыстық «Әлия» патриоттық тәрбие беру орталығының директоры Бағдаш Төпеноваға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан келген «Еңбек ардагері» төсбелгісін табыстады.

Шара барысында Орал Байсеңгір мен Марат Ахметовтің сөзіне жазылған Дулат Айтжановтың «Біз біргеміз!» әні шырқалды. Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіподағы облыстық филиалының төрайымы Нәзира Табылдинова Шалқар аудандық музейінің қызметкері Гүлсім Сансызбаеваға министрліктің «Еңбек даңқы» төсбелгісін тапсырды. Сондай-ақ Мұғалжар аудандық музейінің директоры Шамшат Әбдірзақов, Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлова атындағы мемориалдық музейдің директоры Елена Қалтаева, Әйтеке би ауданындағы «Замандас» халық театрының режиссері Гүлдана Қалмағамбетова, Мұғалжар аудандық халық театрының режиссері Айнагүл Мусина және Байғанин аудандық кітапханасының директоры Айгүл Төкенова ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова мен «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі төрайымы С.Иманқұлова қол қойған Құрмет грамотасына ие болды. Мерекелік кеште облыстың өнер ордаларында еңбек етіп, ұлт мәдениетінің өркендеуіне үлес қосып жүрген тағы сегіз адам басқарма басшысының Алғыс хатымен марапатталды.

Маңызды мәдени шараларды ұйымдастырып, ұлттық өнеріміз бен тарихи жәдігерлерді дәріптеуде тиянақты іс тындырып жүрген мамандарымыздың арқасында арайлы Ақтөбе өңірінің мәдениеті жылдан-жылға өркендеп келеді. Ал мәдениеті мықты елдің еңсесі де биік, рухы да жоғары болатыны мәлім.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.