Экономика

Қолдау қомақты, пайдалану қай деңгейде?

Бүгінгі күннің ахуалына байланысты өңірде туындаған экономикалық жағдай шеңберінде облыс әкімшілігі Үкімет қабылдаған дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыру барысында бірқатар жұмыстар атқаруда. Соның бірі — кәсіпкерлерді қолдауға қатысты.

Облыс әкімшілігінде өткізілген кеңесте кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын тұрғындарға жан-жақты жеткізу, түсіндіру жайы сөз болды. Оған аудан әкімдерінің орынбасарлары, аудандардың ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімдерінің жетекшілері қатысты.

Жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес ауыл шаруашылығын және елдегі кәсіпкерлікті қолдау шараларын күшейту бағытында жүргізіліп жатқан шаруаларға тоқталды.

— Биылғы жылы ауыл шаруашылығын субсидиялауға 15,8 миллиард теңге бөлініп отыр. Өткен төрт айдың ауқымында ғана 2288 ауыл шаруашылығы құрылымдарына 3,8 миллиард теңге субсидия берілді. Соның нәтижесінде ауыл шаруашылығы саласына 2,4 миллиард теңге мөлшеріндегі қаржы инвестицияланды, жалпы өндірілген өнім көлемі 38,7 миллиард теңгеге жетті,— деп атап көрсетті ол.

Атап өтетін бір жайт, агроөнеркәсіп кешені субъектілерін жеңілдікпен несиелендіру арқылы 519,8 мың гектар алқапта ылғалдың жабылуын және 384,7 мың гектар аумағында егіс жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік тудырылды.

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов өз әріптесінің сөзін жалғастырып, осы бағыттағы бірқатар мәселелерді қозғады.

— Облыс әкімі Оңдасын Оразалин кәсіпкерлерді, оның ішінде пандемия салдарынан зардап шеккендерді мемлекеттік қолдау шараларымен қамтуды ұлғайтуды міндет етіп қоюда. Бұл үшін облысымызда жеткілікті қаржы ресурстары бар. Ағымдағы жылы салықтық преференцияларды есептемегенде, дағдарысқа қарсы шаралардың облыстық пакеті 36 миллиард теңгеден астам соманы құрайды. Қолда бар мүмкіндіктер мен қаржы ресурстарын пайдалану сыртқы есеңгіретудің экономикаға кері әсерін бәсеңдетуге, облыс халқын жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге және бизнестің іскерлік белсенділігін қалпына келтіруге мүмкіндік береді,— деді ол өз сөзінде.

Жиын барысында оған қатысушыларға тұрғындарды бизнес ортаға тарту және мейлінше кең көлемде ынталандыру үшін кәсіпкерлерді қолдаудың жаңа құралдарының мүмкіндіктері түсіндірілді. Бұл ретте салықтық демалыстар, айналым капиталын 8 пайыздық жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы, «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау және дамыту бағдарламасы игіліктері жан-жақты сөз арқауына айналды. Басқасын айтпағанда, «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасының портфелі ағымдағы жылы екі есеге артып, 5 миллиард теңгені құрауының өзі осы ауқымдағы оң өзгерістерді байқатады. Биылғы жылдың тағы бір жаңалығы — шағын және орта бизнесті қолдаудың барлық мемлекеттік бағдарламалары бойынша несиелік мөлшерлемелерді 6 пайызға дейін біріздендіру және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша несие беру тауарларының тізбесін кеңейту болып табылады. Сондай-ақ франчайзингтік жобаларды несиелеу мүмкіндігін арттыру, берілетін тегін гранттардың көлемін 5 миллион теңгеге дейін ұлғайту көзделуде.

Жиында облыстық ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік басқармаларының басшылары Құсайын Сәрсембай, Нұрхан Тілеумұратов, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалының директоры Гүлжанат Ерғазина, өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының директоры Анар Даржанова, «Бастау» жобасының бизнес-тренері Гүлнара Сейітжапарова, «Халық банкі» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Евгения Нұрғалиева күн тәртібіндегі мәселе бойынша өздерінің салаларына қатысты іске асырылатын бағыттарға түсініктеме берді.

Сондай шаралардың қатарында «Еңбек» бағдарламасы бойынша бүгінгі күні облысқа 3 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінгені атап көрсетілді. Аталған қаражат аудандардағы кәсіпкерлерді қаржыландыруды көздейді. Алдағы айда бұл бағдарлама аясында тағы да 5 миллион теңге түспекші. Оны Ақтөбе қаласы мен Хромтау ауданы кәсіпкерлеріне беру жоспарлануда.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы мемлекеттен берілетін қаржы мөлшері жыл сайын артып келеді. Биыл оның көлемі 6 миллиард 700 миллион теңге шамасында. Бүгінгі күні кәсіпкерлерден түскен 253 өтініштің 216-сы мақұлданды. Олардың жалпы құны 972 миллион теңгедей болып отыр.

Жиын барысында көп айтылғандай, мемлекет тарапынан кәсіпкерлерді қолдау қомақты болып отыр. Өкінішке қарай, оны пайдалану мүмкіндігі әлі де төмен. Тұрғындарды осы игіліктерді пайдалануға тарту, олардың арасында түсінік беру, бағдарламалардың мәнін ашып беру жағы кемшін. Бұл орайда жергілікті атқарушы билік өкілдері атына сын айтылды.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button