Жаңалықтар

Өзен арнасын кеңейту — өзен арнасын көму емес

Осы сұрақты өзен арнасын кеңейтуді жалғастыруға арналған жиында  жергілікті табиғат қорғаушы белсенділер мен бау-бақша кооперативтері өкілдері экологтарға, төтенше жағдай қызметкерлері менсу шаруашылығы мамандарына, қала, облыс билігіне қойды. Өзен арнасын кеңейтуге қатысты былтырғы әңгіме осылайша биыл облыс әкімінің орынбасары Руслан Хамбаровтың басшылығымен өткен мәжілісте талқыланды.

Ақтөбе төңірегіндегі 8 өзеннің арнасын кеңейту жобасының авторы Еркін Тәжіғалиев 2017 жылдың сәуіріндегі Ақтөбедегі су тасқынынан кейін қолға алған жобаның қазіргі жағдайына тоқталды. Сол жылы құрылған републикалық   комиссия су тасқынын «табиғат апаты» деп санап, 2018 жылы 8 өзеннің арнасын тазалауға республика қазынасынан 6 миллиард теңге қаржы бөлінген еді. Бірақ бейберекет  жүргізілген жұмыстардың салдарынан Сазды, Песчанка, Бұтақ өзендері мүлде тартылып, Елек пен Қарғалы өзендерінің түбіндегі саяжайлар былтыр сусыз қалды. Жер бетінің сулары тартылған соң, жерасты сулары да азайып кетті.

Сөйтіп, Ақтөбе жұртшылығы су тапшылығын былтыр қатты сезінді. Жергілікті тұрғындардың наразылығын туғызған осы жобаға қатысты өткен жылы үш қылмыстық іс қозғалды. Сотта екі қылмыстық іс қаралып, мердігерлерге айыппұл төлеуге шешім шығарылса, бір қылмыстық іс әлі аяқталған жоқ.

Биыл осы жоба жалғаса ма, әлде тоқтатылсын ба деген мәселеде мәжіліске қатысушылар пікірі екіге жарылды. Еркін Тәжіғалиев 1970-1980 жылдары Қарғалы, Елек өзендеріне салынған көпірлердің тозғанын айтты. Оған қоса осы жерден   бейберекет құм  алып жатқандардың кесірінен өзен жағалары опырылып,  құрылыстан шыққан қоқыстар да өзен жағасына төгіліп жатыр. Е.Тәжіғалиев Ақтөбе қаласында суағар жүйесі жүргізілмегенін, жалпы су инженерлік жобалар дұрыс жобаланбағанын айтты. «2017 жылғы су тасқыны тағы да қайталанса,  Қарғалы мен Ақтөбе су қоймаларында жиналған 700 миллион текше метр су ырықсыз кетіп, қалаға апат әкелуі мүмкін», — деді ол.

— Ешқандай да ойластырылмай, асығыс жасалған жобаның зардабын ақтөбеліктер көріп жатыр. Оған кім тапсырыс берді, техникалық міндеттемелері қандай болды, жобаға жергілікті мамандар қатысты ма? Жоқ. Өзен арналарын кеңейту мен түбін тазалау дұрыс жүргізілмегендіктен де экожүйеге орасан зор  нұқсан келтірді. Өзен арнасын мекендейтін аңдар жойылды, ағаштар қурады, құм басты. Осы жобаның кесірінен бұлақ көздері бітеліп қалды. Ал Ақтөбе өзендерінің ерекшелігі сол — жерасты су көздерімен жалғасқан өзен арналарының жанындағы бұлақтармен толығып отыратындығында. Сіздер осы бұлақ көздерін ауыр техникамен көмдіңіздер. Соның кесірінен Песчанка, Бұтақ өзендерінің орнында балшық жатыр. Осы жағдайдан кейін  қалай жалғастыруға болады? — деді Александр Мандрыкин.

Жергілікті қоғамдық белсенділер Еркін Тәжіғалиевтің бұл жобаны жалғастыруына мүлдем қарсы. Осы жиынға келген бау-бақша кооперативтері ұжымдары төрағалары биыл бау-бақшаға су қоймаларынан су нақты қай кезде және қанша көлемде жіберілетіндігі жөнінде сауал қойды.

— Биыл су қоймаларындағы су көлемі былтырғыға қарағанда, 20 пайызға көтерілген. Сол үшін де енді  Сазды, Ақтөбе су қоймаларынан шлюздер арқылы су жіберіле бастайды, — дейді қала әкімі Асхат Шахаров.

Өзен арнасын кеңейтуге байланысты мәселеде  жиналғандар бір тоқтамға келген жоқ.

Бұл жиындағы көтерілген мәселелер туралы толығырақ газетіміздің алдағы бейсенбілік санында жариялаймыз.

 Баян СӘРСЕМБИНА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button