Жаңалықтар

Ауызашар рәсімі ұйымдастырылды

Баубек баба атындағы қоғамдық қор мүшелері қаладағы тұрмыс-тіршілігі төмен, аз қамтылған отбасыларына көмек ретінде ауызашар рәсімін ұйымдастырды.

Бұл күні осындай 110 отбасыға азық-түлік салынған пакеттер жеткізіліп берілді. Пакеттерде күнделікті тұтынуға қажетті ұн, өсімдік майы, күріш, макарон тағамдары, шай, қант, тәттілер, сүт өнімдері, тағы басқа тағам түрлері салынған. Осы мақсатқа қордан 1 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінді.

Көмекке ие болғандардың бірі Мира Жиеналина — жеті баланың анасы. Сонымен бірге өмірден өткен сіңлісінің екі баласын да қамқорлыққа алған. Жолдасы қарапайым жұмысшы, өздері жалдамалы пәтерде тұрады. Бұл отбасы мүшелері қордың көмегіне ризашылығын білдіріп, алғыстарын айтты.

Көмек-қолдауды қажет ететін отбасылар тізімін қаладағы «Нұр Ғасыр» мешіті мен Қарғалы селосындағы Досжан хазірет атындағы мешіт өкілдері, сондай-ақ облыс орталығындағы Алматы ауданы әкімшілігі ұсынды.

— Баубек баба атындағы қоғамдық қор өткен жылдың қазан айында құрылды. Қазіргі уақытта тарихи тұлғаларды таныту, өткенімізді түгендеу бағытында көптеген жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазақ тарихында өзіндік орны бар Тағыберген Жамашұлы, Елтоқ Ділмұхамедов, Меңдіқожа Үбінәминов секілді ілгері буын өкілдерін кейінгі ұрпаққа таныту, олардың өмірлерін тереңдеп зерттеу — парызымыз. Сондай-ақ біздің қор әртүрлі қайырымдылық шараларымен де айналысады. Соның бірін ораза кезінде ұйымдастырып отырмыз,— дейді қордың төрағасы, Қазан қаласындағы Ресей ислам университетінің магистранты Ақылбек қажы Дәдин.

Ауызашар тарату рәсіміне «Зекет» қорының өкілі Сұңғат Сәметов пен Досжан хазірет атындағы мешіттің имамы Азат Аймағамбетов қатысты.

Нұр ДАБЫЛОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button