Мәдениет

Өнерпаздардың сабағы жандана түсті 

Жаңа формат

Облыстағы білім беру саласында ғана емес, мәдени-демалыс мекемелеріндегі өнер ұжымдары мен үйірмелерінің жұмысы да онлайн режимде жалғасып жатыр. Бұл ауыл-аймақтарға да қатысты. 

Әсіресе, карантинге қарамастан, жастар мен балалар арасындағы би, вокал, ұлттық аспаптарды меңгеру үйірмелеріне сұраныс жоғары. Әуесқой театрларға да қызығушылық басым. Олардың барлығы — ұжымдар мен үйірмелердің мүшелері қашықтан оқыту жүйесіне көшіп, өзін-өзі дамытумен айналысып жатыр. Айталық,

ән-би ансамбльдерінің, театр, бейнелеу өнері, ұлттық аспаптар, оркестр, хор жетекшілері мен мүшелері тапсырманы әлеуметтік желілері арқылы алып, үйден орындайды.

Мұғалжар аудандық Мәдениет үйінің «Алтынзер» халықтық би ансамблінің жетекшісі Ләззат Самбетова WhatsApp платформасының игілігін көріп жатқанын айтады. 2000 жылы құрылып, арада 8 жыл өткен соң «халықтық» атағына ие болған өнер ұжымы бұл. Жаңа форматтағы сабаққа  қысқаша тоқталсақ, оқушылармен онлайн-конференция ұйымдастырылып, би сабағының тақырыбы түсіндіріледі, кейін жаттығу жұмыстары жүргізіледі. Бұған оқушылардың ата-аналары да дән риза екен.

— Олар балаларымен бірге отырып, би қозғалыстарын үйреніп, бірге билейді. Әрине, арнайы би залындағыдай жабдықтар, үлкен айна болмаса да ата-аналары балғын бишілерге жағдай жасап, қолдау көрсетуде. Қазір 3 топ бар: кіші, орта және жоғары. Билерді жас ерекшелігі мен бойына, икеміне қарай үйретеміз. Репертуарымызда  ұлттық және заманауи бидің 20-дан астам түрі бар. Онлайн режим кезінде «Қоштасу», «У причала», «Алтын домбыра» билері және Қуаныш Жақыпованың «Би өнерінің негіздері» әдісін  үйретіп жатырмыз, — дейді Ләззат Самбетова.

Сол сияқты Әйтеке би аудандық «Целинник» мәдениет үйінің «Наз-Ерке» үлгілі би ансамблінің жетекшісі Жазық Асқарқызы да қазіргі таңда қашықтан би қимылдарын меңгертуді әбден игерген. Ол түрлі элементтерді таспаға түсіріп, оны шәкірттеріне жолдайтын көрінеді. Артынша, әрине, соны орындауды тапсырады.

Ал Қарғалы аудандық Мәдениет үйі «қазақ вальсінің королі» атанған Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығына орай «Бақыт құшағында» атты онлайн-байқау өткізіп, қай кезде де өздерін суда жүзген балықтай сезінетінін көрсетті. Нәтижесінде Қосестек ауылындағы Әбіловтер отбасы «Әнім сен едің» әнімен бас жүлдені жеңіп алды. Бұл жүрек лүпілдері (лайк), қаралым мен пікірлер санымен анықталыпты.

Облыстық халық шығармашылығы орталығында айтыскер ақын Марат Ахметов жетекшілік ететін жас айтыскерлер үйірмесі балаларды ақысыз қабылдайды. Сондай-ақ жақында мекеме жанынан танымал жыршы, термеші Демеубай Жолымбетовтің қазағымыздың текті өнері жырды үйренем деушілерге арналған мектептің ашылатынын хабарлағым келеді. Бұл да тегін.

Бізде «Назерке», «Фрески» би ұжымдары мен «Өркен» үлгілі балалар вокалдық тобы бар. Биге қатысып, ән айтқысы келетін балаларға жеңілдіктер қарастырылған, — дейді облыстық халық шығармашылығы орталығының қызметкері Гүлнар Сейталина.

Айбек СЕРІКҰЛЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button