Тарих

Жәлімбет батыр

Ақтөбе жері «Батырлар мекені» деп аталуы тегін емес: бұл өңір арғысы ел мен жерге қауіп төндірген ең қатерлі соғыс — жоңғар шапқыншылығы, ұлт-азаттық көтерілістер болса, соңғысы Ұлы Отан соғысы батырларының кіндік қаны тамған жер екені тарихтан белгілі.Қобыланды, Әбілқайыр хан, Абат батыр, қос Есет, Әлия болып жалғасып кете береді.

Бүгінгі әңгіме тарихта болған, Ресей тарихшыларының кіші жүз туралы жазбаларында ізі қалған Жәлімбет старшина, батыр туралы болмақ.

Жәлімбет Көшмұхамбетұлының (1770-1855) жерленген орны — Мұғалжар ауданының Жаңажол ауылының солтүстік-батысында10 шақырым Ащы өзенінің Жемге құяр тұсында. Жәлімбет мазары сол өңір жұртының пір тұтатын тарихи ескерткішіне айналған.

Бұл туралы Ресейдің атақты тарихшысы, археологі, шығыстанушы ғалымы, Орынбор ғылыми комиссиясының вице-президенті Ж.А.Кастаньенің (1875-1958) «Древности киргизской степи и Оренбургскогокрая» деген 1910 жылы басылған, баға жетпес құнды еңбегінде көрсетілгендей, «…Могила Джалимбета расположена на правом берегу р.Эмбы, немного выше Эмбенского укрепления, в Эмбо-Темирской волости. Она построена в 1858 году семью сыновьями Джалимбета из обожженного кирпича. Для работы были наняты сарты за 60 баранов и 16 лошадей. Внутри постройки виднеются три больших могилы и несколько маленьких», — деп жазылып, мазардың суреті салынған.

Жәлімбет мазары кезінде мұнарасы жарқырап, алыстан көз тартатын құрылыс болған. Сол заманда кез келген адамға алыстан шебер шақыртып, мазар салдырмағаны белгілі. Тек текті, батыр, аруақты ишандарға ғана мұндай белгі салған.

Жәлімбет батыр алты аталы Әлімнің Назарынан тарайды. Өз әкесі Қошмұхамбет, оның әкесі Қарабас, Қарабастың әкесі Қосым Назардан туған. Алты аталы Жәлімбет батырдың арғы атасы Бұжыр өз заманының сом тұлғалы батыры болған. 1993 жылы сол кездегі облыстық өлкетану музейінің директоры Рысжан Ілиясқызы екеуіміз Октябрь ауданы (қазіргі Мұғалжар ауданы) Ильич атындағы кеңшардың тұрғыны, Ұлы Отан соғысының майдангері Әбілғазы Дүзбағанбетовті іздеп бардық. Ол кісінің үйінде Бұжыр батырдың 11-ші ұрпағы Ыбырай ата сақтап келген сауытты көрдік. Әбілғазы Дүзбағанбетов әкесі Ыбырай ақсақалдың аманаты — Бұжыр батырдың сауытын музей қорына тапсырды. Сол жолы Әбілғазы: «Бұжыр атамыз тамыз айындақол жинап, қалмақтың қоңтайшысынан кек алып, көп олжамен елге оралыпты. Сол соғыста киген сауыты — осы», — деп, бабасынан жеткен әңгімені айтты.

— Бұжыр атамыз осы сауытты «ұрпақтарым сақтап жүрсін» деп аманаттаған. Сөйтіп, сауыт Назар баласы Бұжырдың баласының үлкені Құбатай, одан Әуез, Жәнібек, Атан Сары Жақсылық — Дүзбағанбет — Ыбырай арқылы жетті. 1930 жылдардағы кәмпескелеу науқанында ауылда да үй арасынан«халық жауын» іздеген күндер келді. Әкем Ыбырай ұсталып, үйді тінту басталды. Осының алдында әжем сандықтағы сауытты ораған күйі алып, үй сыртына көміп тастайды. Милиция үйді тінтіп, ештеңе таппай, әкемді алып кетті. Содан сауытпен ешкімнің ісі болған жоқ. Әкем сол кеткеннен қайтпады. Мен 1943 жылы әскерге алынып, елге тек 1948 жылы оралдым. Үйге келген соң жеті күннен кейін әжем қайтты. Жөнді дидарласып та үлгермедік. Елге аман оралғаныма мәзбін. Әжем сауыттың  құпиясын өзімен бірге ала кетті. Кейін ес жиғасын істік темір алып, үйдің айналасынан көп іздесем де, таба алмадым. 1977 жылы сәуір айында жер қазып ойнап жүрген балалар үйімізден әрірек жерде сауытты тауып алды. Қатты қуандық. Енді бабамның аманатын халық көретін, ешқашан да жоғалмайтын  музейге тапсырамын, — деді ол.

Қолымызға ұстатқан, қырық жыл жер астында жатқан сауыт даттанып, шілтерлері тозып, ыдырай бастаған екен. Сөйтіп, Жем бойының аруақты ері Бұжыр батырдың сауытын алып қайттық. Қазір ол жәдігер облыстық музейдің көрме залында тұр.

Бұжырдың алтыншы ұрпағы Жәлімбет Жем бойының батыры, старшинасы болған. Орыс, татар тілдерін жақсы білген. Өжет, қайратты, бірсөзді, ұшқыр ойлы адам екен.

«Бұжырдың заманынан кейін назар руының ішінде Жәлімбет (Ресей жазбаларында Джалімбет старшина) пен Тыным деген батырдың аты шыққан.  Бұжырдың сауыты Тыным батырға беріліп, ал найзасы Жәлімбет батырға тапсырылған» дейді Бәдір Нұғманұлы «Тарихымызды таразыласақ» атты мақаласында («Ақтөбе» газеті, 16.12.1993 ж.).

Жәлімбеттің заманы — Орынбор әскери губернаторы Жем бойына сырттан казак-орыстарды әкеліп орналастырып, оларға жер беріп, қазақтардың жайылымдарын тарылта түскен кез. Әрі отаршылдыққа қарсы Кенесары қозғалысының өршіген тұсы.

Кенесары ордасын Ырғыз бен Торғай маңына ауыстырып орналастырғанда, оның шағын отряды Мұғалжар тауына келіп, жұртпен кездескенде Шектіден Жәлімбет, Табыннан Бұқарбай хан Кене сарбаздарына қосылады. Жем бойындағы жазалаушы отрядпен шайқаста Жәлімбет батыр ұрыс тактикасын жақсы ұйымдастырған. Әрі қарай хан Кененің жорықтарында бірге болады. Ырғыз бекінісі тұрғызыла бастаған соң 1846 жылы Кенесары Балқаш көлі мен Іле өзені жағасына қоныс аударғанда, Жәлімбет елге қайтуға ұйғарым жасайды. Сол жерде Жәлімбетті құрметтеген хан Кене өз жанындағы төренің бір қызын тоқалдыққа береді. Жәлімбеттің осы тоқалынан тоғызыншы ұлы Ермағамбет туған. Бәйбішесінен сегіз ұл, бір қызы болған. Жәлімбеттің ұлдары туралы саяхатшы, этнограф Сергей Гаврилович Рыбаковтың жазбаларында кездеседі. Рыбаков  1899 жылы Темір, Торғай облысының Ырғыз уездеріне, Мұғалжар тауларына сапар шегіп, «Қарақамыс» жәрмеңкесіне де ат басын тірейді. Содан кейін Торғай өңірінде болып, қазақтың ән-күйлерін, 100-ге тарта ұлттық музыка аспабын жинайды. С.Рыбаков: «Менің қасыма Темір уезінің бастығы, Жем-Темір болысының кандидаты Мәшти Жәлімбетов пен сол болыстың 7-ауылының старшинасы Дәрібай Жанысбаевты, Орынборда қырғыз (қазақ) мұғалімдер мектебін бітірген Қожахмет Есенғұлов-Жәлімбетовті қосып берді. Мен өзім жәрмеңкеде бір татардан сатып алған пәуескідемін де, қалғандарының бәрі салт аттылы» деп жазып, әрі қарай:«Темір уезінде жаз жайлы, сол жылы жаңбырлы болды, шөп қалың, шалғыны белден екен, күннің ыстығын білгізбеді. Оның үстіне қай жерге тоқтасақ та, қонақжай қазақтар жақсы қабылдап, қос ішектен төгілген ән мен күй адамды шаттыққа бөледі. Жанымдағы Мәшти Жәлімбетов — алып бітімді, әжім басқан бетті, жуан дауысы қарлығыңқы шығатын, жүзі қатқыл, тіпті сұсты деуге болатындай. Жасы 65-тер шамасында. …Бұл сабаз басқа бір кезеңде болса, халықтың қолын бастап, дастандарда жырланар еді», — деп суреттеген.

Мәшти өз заманында серілікпен өмір сүріпті. Мақпал бөркі, шапаны, саптама етігі, кебісі, мініп жүретін атының жабуы, қамшысы, насыбай шақшасы да зерлеп тасталғандықтан оны жұрт «Зерлі құдай» деп атап кетіпті.

Жәлімбеттің сегізінші баласы Мақат 18 жыл болыс болған. Жәлімбеттің алтыншы баласы Есенқұлдан Қожахмет дүниеге келген. Қожахмет те алты жыл бойы ел басқарған. Жәлімбеттің немересі Қожахмет жасынан Петерборда оқып, білім алған, қайтарында Петербордан сауатты неміс әйелін елге алып келіп, балалары Оспан мен Омарды орысша оқытқан. Кейін Оспан заң қызметкері, Омары дәрігер болып шығады.

Кеңес үкіметі тұсында Жәлімбет батырдың ұрпақтары қуғын-сүргінге түседі. Шөбересі Омар Саратовқа жер аударылды. 1910 жылы Саратов қаласында  Николай императордың университетін бітірген Омар туралы С.Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу» романында жазған. Омар айдаудан елге оралған соң Ақтөбенің Қурайлы, Георгиевка елді мекендерінде, Мәртөк ауданында дәрігер болып жұмыс істеп, 1970 жылдары қайтыс болған.

Ел басқарып болыс болған Мақаты 1921 жылы аштықтан өлген.

Қазірде Жәлімбет батырдың ұрпақтары Ақтөбе өңірінде тұрады. Ұлы Отан соғысында Жәлімбетов Муса (1896 жылғы) бір аяғын майданда қалдырып, елге оралған соң бабасының жерінде өркен жайды. Оның 1923 жылы туған тұңғышы, майдангер Жолдас Мусаұлы соғыстан кейінгі 50-60 жылдары ауыл шаруашылығын қалпына келтіруге мол үлес қосып, Мұғалжар, Қобда аудандарында шаруашылық басқарды.

Өңіріміздің  медицина саласында 40 жыл үздіксіз еңбек еткен марқұм Жамбыл Мусаұлы Жәлімбетовтің шипасын көргендер қимастықпен еске алып жүр. Қуаныш Мусаұлы Ақтөбе қаласында халыққа қызмет ететін ірі медициналық клиника ашты.Бүгінде «Қуаныш» клиникасында бүкіл батыс Қазақстан облыстарының тұрғындары ем алып, шипасын көруде. Қазіргі кезде бұл клиниканың қызметін медицина ғылымдарының докторы Мұрат Қуанышұлы жалғастыруда. Қуаныш Мусаұлы Құмжарғанда ауылдық амбулатория салып берді.

Жәлімбет батырдан тараған жиен қыздары да алтын құрсақты аналар. Жәлімбет ұрпақтары осылайша елге адал қызмет етіп жүрген, зерделі, салауатты ұрпақтар тәрбиелеп отыр.

Зада МҰҚАШЕВА,

өлкетанушы, музей ісінің ардагері.

Басқа жаңалықтар

Back to top button