Ресми

«Үздік мемлекеттік қызметші» байқауына қатысыңыз!

2017 жылдан бастап елімізде үздік мемлекеттік қызметшілерді анықтайтын «ҚР үздік мемлекеттік қызметшісі» байқауы өтіп келеді. Соңғы үш жылда аталған байқауға облыс бойынша 130 мемлекеттік қызметші қатысқан. Оның ішінде екі мемлекеттік қызметші жеңімпаз атанды. Олар — Нұргүл Бертілеуова және Гүлмира Низарова.

— Өңіріміздің дамуына өз үлесімді қосуыма мүмкіндік алдым. Осы байқауда жеңіске жетуімнің арқасында бас маман қызметінен басқарма басшысының орынбасары қызметіне жоғарыладым, — дейді Н.Бертілеуова.

Оның айтуынша, байқау шарттары өз ісінің қыр-сырын меңгерген мемлекеттік қызметшіге қиындық тудырмайды,керісінше, байқауға қатысу мамандар үшін кәсіби міндеттерін үздік орындауға ынталандырады.

Биылғы жылы байқау жаңа форматта өткізіледі. Мықтыларды іріктеу қашықтан жүргізілетін болады.

— Биылғы жылдың 22 мамырынан бастап біз байқауға қатысуға өтінімдер қабылдаймыз. Ол екі кезеңде өтеді: өңірлік және республикалық. Байқау шарттары бойынша еңбек өтілі бір жылдан кем емес және әкімшілік, тәртіптік жазалары жоқ мемлекеттік қызметшілер қатыса алады, — дейді облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің бас маманы Мадина Сабирова.

Айта кету керек, байқау жыл сайын 23 маусым — Мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында мемлекеттік басқару жүйесінің үздік өкілдерін анықтау және көтермелеу, мемлекеттік қызметтің имиджін арттыру мақсатында өткізіледі.

 Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Back to top button