Жаңалықтар

Ораза ұстағандар қуанышқа кенелетін күн

Биылғы Ораза айт мерекесінде еліміздегі мешіттерде айт намазы өткізілмейтін болды. Халықтың арасында індеттің таралуының алдын алу мақсатында Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы осындай ұйғарымға келді.

Бұл жөнінде кеше жергілікті арнада тікелей эфирден сұхбат бере отырып, облысымыздың бас имамы Төлеби Оспан айтты.

— Бұл індет — біздің еліміз ғана емес, бүкіл әлем жұртын алаңдатып отырған мәселе. Қауіпті дерттің таралуының алдын алу мақсатында көптеген мұсылман елдерінде биыл айт намазы мешіттерде өткізілмейтін болды. Ханафи мәзһабының ұстанымы бойынша, айт намазы үйде жеке оқылмайды, сондай-ақ оны рұқсат етілмеген орындарда да өткізуге болмайды, — деді ол.

Бас имамның айтуынша, айт намазын оқи алмаған жағдайда оның қазасы өтелмейді. Дегенмен оның орнына айт күні күн найза бойы көтерілгеннен кейін, әркім өз үйінде нәпіл намазын оқи алады. Тәртіп бойынша, бұл намаздың әр рәкағатында нақты көрсетілген сүрелер оқылады: бірінші рәкағатта — «Фатихадан» кейін, «Ағлә» сүресі, екінші рәкағатта — «Шәмс» сүресі, үшінші рәкағатта — «Ләйл» сүресі, төртінші рәкағатта «Духаа» сүресі оқылады. Ал бұл сүрелерді жатқа білмейтін адамдардың басқа сүрелерді оқуына болады.

Айт күні сәресі ішілмейді, күндіз ораза ұсталмайды. Бұл күні шариғат бойынша ораза ұстауға тыйым салынған. Парыз оразаның қазасын өтеуді ниет еткендер оны Ораза айттан кейін ғана бастайды.

Бұл күн барша мұсылман үшін қуанышқа кенелетін күн, яғни мереке болып саналады, биыл шектеу шараларына байланысты мереке мешітте, көпшілік орындарда атап өтілмегеніменен, әр отбасы өз үйінде атап өте алады. Ораза Айттың құрметіне жақын адамдарыңызға, тума-туысқа сыйлық үлестіру де сауапты іске жатады. Сондай-ақ жан-жағыңыздағы мұқтаж жандарды да ұмытпай, қолыңыздан келгенше жәрдем көрсеткеніңіз абзал.

Ораза айт құтты болсын!

Рамазан айында ұстаған оразаларыңызды, берген садақа мен барлық ізгі істеріңізді Алла Тағала қабыл еткей дегіміз келеді. Келесі рамазанға еліміз аман, бауырымыз бүтін жетуге жазғай!

 

И. ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button