Денсаулық

Кімдер ПТР-тесттен тегін өтеді?

Коронавирус инфекциясына ПТР, яғни полимеразды тізбекті реакция зерттеуін  жүргізуге республикалық бюджеттен 5,4 миллиард  теңге бөлінді. Бір тест бағасы — шамамен 11,5 мың теңге.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл қаржының 1,7 миллиард теңгесі стационарларға, 3,7 миллиарды  консультациялық-диагностикалық қызметтер көрсететін емханаларға бағытталады. Осы медициналық ұйымдарда емделушілер ПТР-тесттен тегін өтеді. Әрбір өңірдегі жергілікті атқарушы органдар қанша тест қажет екенін өздері анықтайды. Қазіргі таңда сақтандыру қоры COVID-19 індетіне зерттеу жүргізетін 600-ден астам медициналық ұйыммен келісім жасады. Қор сәуірде бұл ұйымдарға алғашқы траншты жіберді. Ал кімдер тесттен тегін өтеді? Олар:
– COVID-19 індетіне күдікті провизорлық стационарға жатқызылғандар;
– ЖРВИ және пневмония симптомдары бар азаматтар;
– КВИ жұқтырғандармен жақын байланыста болған адамдар;
–  стационарға жоспарлы емдеуге жатқызу кезіндегі пациенттер;
– тыныс алу органдарының, эндокриндік және жүрек-қантамыр жүйелерінің ауруларымен динамикалық бақылаудағы 50 жастан асқан пациенттер;
– шетелден келгендер;
-коронавирустың таралуын болдырмау жөніндегі іс-шараларға тартылған ІІМ қызметкерлері және жүкті әйелдер, т.б.
Сондай-ақ  ҚР ДСМ Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің «Ұлттық сараптама орталығы» эпидемияға қарсы іс-шаралар шеңберінде келесі санаттағы азаматтар үшін ПТР-зерттеулер жүргізетінін хабарлады:
– үй карантиніндегі  адамдар;
– арнайы контингентке, яғни респираторлық симптомдары бар және жұқтыру қаупі жоғары медицина қызметкерлері;
-эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысатын мемлекеттік органдардың қызметкерлері;
-қарттар үйлеріндегі, интернаттағы және өзге де мамандандырылған ұйымдардағы адамдар;
– әскерге шақырылушыларға және т.б.
Жалпы індеттің алдын алу жұмыстарына  республикалық бюджет қаражатынан 55,9 миллиард теңге қарастырылған. Оның ішінде инфекциялық, провизорлық және карантиндік стационарлардағы ем ақысын төлеуге  — 14,7 миллиард теңге, коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау бойынша іс-шараларға қатысқан  медицина қызметкерлерінің еңбекақысына үстемеақы төлеуге — 35,8 миллиард теңге, ал диагностикалық зерттеуге (ПТР-тесттер) 5,4 миллиард теңге бөлінген.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button