Басты жаңалықтарЭкономика

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, экспорттық әлеуетті күшейту қажет

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин ауылшаруашылық саласындағы бірқатар нысандарды аралады. Ол алдымен аграрлық ғылымның тәжірибелік тиімділігін арттыру арқылы агроөнеркәсіптік кешенді инновациялық дамытумен айналысатын «Ақтөбе ауылшаруашылық тәжірибе станциясы» ЖШС-ның жұмысымен танысты.

Кәсіпорын басшысы Ермек Жұмағазин облыс әкімін алдағы жоспарларымен таныстырды. Орталық егін саласына инновациялық тәсілдерді енгізу, жаңа технологияларды сынақтан өткізу және тәжірибелік шаруашылықтар базасында көрсетілімдік полигондар құру, ҚР агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін отандық және шетелдік ғылыми-зерттеу әзірлемелерін жүргізумен айналысады.

Биыл ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының қаражаты есебінен 450 миллион теңгеге 14 бірлік заманауи техника сатып алынған. Жыл соңына дейін 216,8 миллион теңгеге 6 бірлік техника сатып алу жоспарланды. Сонымен қатар, облыс басшысына суармалы жерлерді қалыпқа келтіру, қой шаруашылығы мен жылқы шаруашылығын одан әрі дамытуға қолдау көрсету туралы ұсыныс білдірілді.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин бұдан соң элиталы тұқымдық картоп өсірумен айналысатын «Пригородный» ауыл шаруашылығы құрылымы» ЖШС-ында болды. Ауылшаруашылық компаниясы биыл 12 гектар картоп , 4 гектар  пияз, 3 гектар  сәбіз, 3 гектар  қырыққабат, 2 гектар  қызылшаның ерте сұрыптарын отырғызды. Мұнда мемлекеттік бағдарламалар тиімді пайдаланылуда. Өткен жылы Еуропалық Қайта құру және даму банкі арқылы суармалы 461 гектар  жерді пайдалануға мүмкіндік алды. 2020 жылы республикалық бюджет қаражаты есебінен 1399 гектар  суару инфрақұрылымын жүргізуді бастайды.

Кәсіпорын басшылығы өз қаражаты есебінен көкөніс сақтау қоймаларының құрылысы мен қайта жаңарту жұмыстарының жүргізіліп жатқандығын жеткізді.

Жалпы облыста ауыл шаруашылығын дамыту үшін әлеуеттің зор екендігін, мемлекеттік қолдаудың да ерекше екенін айтқан облыс әкімі орынбасары Аманғали Бердалинге өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын күшейтуді және аграрлық сектордың экспорттық әлеуетін арттыру жөнінде тапсырмалар берді.

Облыста жалпы 385 мың гектар аймаққа ауылшаруашылық дақылдары егілді. Оның ішінде 283 мың гектар дәнді дақыл, 28 мың гектар майлы дақылдар, 63,1мың гектар мал азығы, 5,4 мың гектар картоп, 3,8 мың гектар көкөніс, 716 гектар бақша өнімдері бар.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button