Экономика

Тұқымға субсидия бөлінді

Асылтұқымды мал басын көбейту, көктемгі егіс жұмыстары, субсидия алу

жолдары, төтенше жағдай кезінде берілген 42 500 теңгеге қатысты тұрғындар сұрақтарына тікелей эфирде облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттің корпорациясы» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Ізбасар Орынбасаров жауап берді.

Соңғы күндері қалың жаңбырға байланысты аздап кідіріс болғанына қарамастан,  биылғы егіс науқаны оншақты күннің ішінде аяқталады деген болжам бар. Биыл 787 мың гектар жерге егіс егу жоспарланса, қазіргі уақытта оның 363 мың гектарына дән себіліп болды. Соның ішінде  күнбағыс, сафлор, күздік бидай егістігі биыл едәуір ұлғайған. Мәселен, қара бидай 169 мың гектарға  егіледі.

Құсайын Сәрсембай  биылғы көктемнен бастап  шаруалардың сатып алған тұқымдарына мемлекеттік субсидиялау механизмдері іске қосылғанын айтты: «Үкіметтен қаржы маусым айында бөлінеді. Сол үшін шаруалар мамырдың соңына дейін Qoldau.kz порталы арқылы электронды түрде өтінім жіберіп  үлгергендері  жөн».

Тұрғындардан қойылған сұрақтар негізінен төтенше жағдай кезінде берілген

42500 теңгеге қатысты болды. Жұрт төтенше жағдайдың бірінші кезеңінде берілген 42 500 теңгенің екінші рет түспей жатқан себептерін сұрады.

«Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы АҚ Ақтөбе облыстық филиалы директорының орынбасары  Ізбасар Орынбасаровтың айтуынша, 42500 теңге алуға облыстан 725 мың өтініш түссе, соның 498 мыңы қабылданбапты. Өйткені,  бұл жерде бір азаматтың бірнеше рет өтініш жазған деректері жиі кездескен.  Атаулы әлеуметтік көмек алатындар да, зейнеткерлер де, табысынан айырылмаған азаматтар да жаппай өтінім берген. Талдау нәтижесінде табысынан айрылған  224 мың 91 тұрғынға төтенше жағдайдың бірінші кезеңінде 42500 теңгеден  әлеуметтік көмек аударылды.

Сәуірдің 16-сынан басталған төтенше жағдайдың екінші кезеңінде 142 мың 263 ақтөбеліктен түскен өтініштің 141 мың 464-і мақұлданған.

Баян СӘРСЕМБИНА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button