Денсаулық

Резиденттер коронавируспен күресіп жүр

Бүгінгі таңда облыста үш жұқпалы аурулар госпиталі жұмыс істейді. Бұл жерде  коронавирус жұқтырған науқастар және олармен байланыста болған адамдар орналасқан.

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің резиденттері індетпен күресуде өздерінің белсенділіктерін көрсетіп жүр.

Мәселен, резидент-инфекционист Гүлнұр Аяғанова мен Әділбек  Махаш былтырдан бастап резидентурада оқиды. Жастар барлық резиденттер сияқты облыс аумағында коронавирус инфекциясының алғашқы жағдайы тіркелген сәттен бастап, инфекциялық стационарға жұмысқа тартылды. Қазір олар індет жұқтырған науқастар ем алатын госпитальде жұмыс жасап жүр. Ал бұл жердегі дәрігерлер мен медбикелер өздерінің жақындарына індет жұқтырмас үшін үйлеріне бармайды. Әділбек пен Гүлнұр да солармен бірдей еңбек етуде. Мәселен, Әділбек екі айдан бері кезекшілік кестесіне сәйкес, күзет орнында тұр. Бұндай жағдай жас мамандардың шыңдалуына, тәжірибе жинақтауына мүмкіндік беріп отыр. Олар науқастармен қалай сөйлесуді, олардың жай-күйін түсінуді үйренді.

Науқастар коронавирусты жұқтырғанын білген кезде қатты күйзеледі. Тексеру нәтижесінің дұрыстығына күмәнданады. Өздерінің ауырып тұрмағанын айтады. Бұндай жағдайда біз пациенттермен әңгімелесеміз, коронавирус инфекциясының кейде симптомсыз, жеңіл формада өтетінін ескертеміз. Індет жұқтырған науқаста ауыру белгісі байқалмаса да олар таратушы болып есептеледі. Сондықтан бұндай пациенттер оқшауланып, оларға бақылау жүргізіледі, — дейді Гүлнұр Аяғанова.

Коронавирус жұқтырған науқастарды бақылау, емдеу жұмыстары жас мамандардың тәжірибесін жетілдіре түсті. Олар карантиндегі адамдарға көмек көрсетті. Осылайша өздерінің еңбек жолындағы алғашқы қадамдарын бастады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button