Жаңалықтар

Маусымжанның тәттілері сұранысқа ие

Мемлекеттік бағдарлама

Мемлекет тарапынан көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі қыз-келіншектерге түрлі қолдаулар көрсетіліп жатыр. Оның ішінде «Еңбек» бағдарламасы бойынша қайтарымсыз грантқа ие болып, аудандарда кәсіп ашып отырған аналар туралы бұған дейін де жазғанбыз. Бұл жолы Ақтөбе қаласында аталған бағдарлама арқылы шаруасын дөңгелентіп отырған қыз-келіншектермен сөйлестік.

Маусымжан Сағынай — үш баланың анасы. Бір баласы жүрек ауруына шалдығып, есепте тұр. Пысық келіншек үйде бос отырмай, кәсіп ашуды ойлайды.

Балаларым кішкентай болса да үйде бос отырмай, табыс тапқым келді. Себебі баланың тамағы, өзге де қажеттілігі үшін қаржы керек. Бұрын қолым сәл босай қалса, тәттілер пісіріп, сататынмын. Ойлана келе, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы арқылы «БастауБизнес» жобасына қатыстым. Екі апта оқыдым. Бизнес-жоспар құру, істі қалай жүргізу керектігін үйрендім. Бизнес-жоспарды екі рет комиссияның алдында қорғадым. Нәтижесінде қайтарымсыз 505 мың теңге грантқа ие болдым, —дейді Маусымжан.

Қаржы қолына тигеннен кейін Маусымжан тәтті тағамдар пісіретін пеш, өзге де құрал-жабдықтар сатып алады. Жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, ісін бастап кетеді. Жаңа құралдар алған соң тәттілердің де түрін пісіре бастайды. Көрші-көлем, ағайын-туыстар тапсырыс береді. Олардан естіген өзгелер де Маусымжанның торты мен тәтті пирогтарын сатып ала бастайды.

Күніне 4-5 тортқа дейін пісіріп жүрдім. Карантин кезінде де тапсырыс үзілген жоқ. Себебі өнімнің сапасы жақсы болса, тұтынушы тұрақты болады. Сондықтан тапсырыс берушінің көңілінен шығу үшін барымды салып жұмыс істеймін. Бұрын кейбір құралдарым болмай, қиналатын едім. Қазір бәрі бар. Мен сияқты үйде отырған аналарға мемлекет тарапынан осындай көмектің берілгеніне ризамын. Егер грант алмасам, істі бастай алмаған болар едім, —дейді Маусымжан.

Маусымжанның кондитерлік цехында торттан бөлек, пирогтардың түр-түрі пісіріледі. Мәселен, пирогтың бағасы үш мың теңгеден басталса, торттар бес мың теңгеден жоғары. Тәттілерге сапасы жоғары қоспалар қосылады. Маусымжан кондитерлік өнім шығаратын цехтардағы шеберлік сағаттарына жиі қатысады. Қазір онлайн түрде оқып жүр. Өйткені тәтті пісіру үшін де үлкен тәжірибе мен білім керек.

Тәтті тағамдарды тұрмысқа шыққаннан кейін жасай бастадым. Ол уақытта Шалқар қаласында тұратынбыз. Әлеуметтік желі арқылы ерінбей қарап, торттарды қалай пісіру керектігін үйрендім. Алайда тәжірибелі маманның кеңесі болмаса, көпшілікке сапалы өнім ұсыну қиын. Сондықтан оқып, білім алуды тоқтатқан емеспін, — дейді Маусымжан.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button